Самат Әбішке шартты жаза кесілуі заңды ма - Жоғарғы сот жауап берді


Жоғарғы Сот Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллина сұхбатында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің 8 жыл шартты жазаға кесілуіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Kazinform. Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдері Жоғарғы сот өкілінен Самат Әбішке тағайындалған жаза қаншалықты заңды екенін сұрады. «Қылмыстық кодекстің 63-бабында шартты соттау жазасы қолданылмайтын қылмыстар тізбесі бар. Бұл жемқорлық қылмыстар және тағы басқа бірнеше қылмыс түрі бар. Ал, шартты шартты соттау жазасын қолдануға негіз бар ма, жоқ па дегенді ондай шараға тыйым болмаған жағдайда әр нақты жағдай бойынша сот шешеді», - деді ол. «Ал қызметтік өкілетін асыра пайдаланудың арты елдегі осындай қирандыға алып келген әрекет үшін 8 жыл шартты жаза кесу томпақтау емес пе?» - деп сұрады БАҚ өкілі. Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, жазаның мұндай түрі елімізде айтарлықтай жиі қолданылады. «Шартты жаза іс жүзінде жиі қолданылады. Өйткені заңның арнайы бабы бар ғой. Соттың ол жазаны қолданбауға құқығы жоқ. Тағы қайталап айтамын, шартты жаза қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі бар. Ол – аса ауыр қылмыстар, 12 жылдан жоғары бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстар, жемқорлық қылмыстар және тағы басқалар. Ондай тыйым болмаса, сот әр жағдайдың мәніне қарай шешім қабылдайды. Яғни, адам бұрын сотталған ба, мінездемесі қандай, қылмысымен келтірген шығынды өтеді ме деген сияқты сұрақтар ескеріледі» - деді Жоғарғы сот өкілі.

Другие новости