ШҚО-дағы Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені мұражай экспонатына айналады


Шығыс Қазақстан облысындағы Ақбауыр тарихи-археологиялық кешені мұражай экспонатына айналады. Бұған қатысты жұмыстар 2025 жылы басталады, деп хабарлайды Kazinform. ШҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжановтың айтуынша, облыс аумағында орналасқан бірегей археологиялық ескерткіштерді болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында келесі жылы мамандар ауқымды жұмыстарға кіріседі. Нақты айтқанда, бірнеше археологиялық ескерткіштерді мұражайландыру жұмыстары қолға алынбақшы. Бұл жұмыстар мәдени мұраны сақтаудың ұзақ мерзімді өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жүргізіледі. Ескерткіштер тізімінде бірінші болып қола дәуірінен ерте сақ дәуіріне дейінгі өлке тарихының орасан зор қабатын қамтитын Ақбауыр бірегей археологиялық кешені тұр. Ескерткіштің мұражайлануы оның болашақ ұрпаққа сақталуына мүмкіндік беріп қана қоймай, туристер ағымын көбейте түспек. «2023 жылы Шығыс Қазақстан облысында археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары бағдарламасы бойынша Ақбауыр археологиялық кешенінде, көне түркі дәуірінің ескерткіші орналасқан Елеке сазы жазығында, көне түркі дәуірінің ескерткіші орын тепкен Берелде, Көкентауда (әр уақыттағы археологиялық кешен), Тарбағатай мен Алтай аудандарының аумағында қазба жұмыстары жүргізілген. Осы жылы археологиялық ескерткіштерді қазу жұмыстары жалғасады. Ақбауырды мұражайландыру жұмыстары аяқталғаннан кейін Берел (Катонқарағай ауданы) мен Шіліктіде (Зайсан ауданы) дәл осындай жоба іске асырылады», - дейді Нұрболат Ахметжанов. Археологтар тапқан олжалардың арқасында өткен жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мұражайларының қорлары 2,5 мың дана жаңа экспонатпен толықты. «Сонымен қатар бірнеше жыл бұрын Еуропаның мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналған «Ұлы дала алтыны» көрмесіне де осы қазба жұмыстарында табылған жәдігерлер қойылған. 2023 жылы бұл көрме Татарстан Республикасының «Қазан Кремлі» мемлекеттік қорық-музейінде және Түркия астанасындағы Анадолы өркениеттері мұражайында паш етіліп, халықтың жоғары бағасына ие болды», - дейді ШҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы.

Другие новости