Сулейман Демирел университеті бүркітші Айшолпанға білім грантын табыс етті


Дүниежүзіндегі ең жас құсбегі атанған қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқызына СДУ университеті 100% білім грантын ұсынды, деп хабарлайды Baribar.KZ.




Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешімді университет басшылығы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің Айшолпанға "қалаған отандық оқу орнына түсуге қолдау көрсетіледі" деген ұсынысына байланысты қабылдады. Оқу орнының басшылығы қазақтың атын әлем елдеріне паш еткен қандасымызды атамекенге оралған сәтінде ыстық ықыласпен қарсы алып, жоғары білім алуына жан-жақты жағдай жасау қажет деген ниетте.



"Қазақ халқының құсбегілік өнерін әлемдік аренада кеңінен насихаттап, отандық этномәдениетке елеулі үлес қосқан үшін қандасымыз Айшолпан Нұрғайыпқа СДУ университетінің 100%-дық грантын тағайындаймыз. Әрине, қандасымызға әлемнің үздік университеттері ұсыныс білдіргені – үлкен мақтаныш. Алайда атfмекенді аңсап келген дарынды жастарға қолдау көрсету, олардың отанға деген сүйіспеншілігін арттыру және білімін шыңдап, еліне елеулі қызмет атқаратын азамат тәрбиелеу - басты мүддеміз", - дейді СДУ ректоры Қанат Қожахмет.



Еске сала кетейік, 24 қыркүйек күні ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астанада бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызымен және оның анасымен кездескен еді. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл – Монғолиядан келген қазақ қызы Айшолпанның Қазақстанға жасаған алғашқы сапары. Министрмен әңгімелесу барысында 17 жастағы қыз бала болашақта Гарвард университетінде жоғары білім алып, журналист мамандығын игеруді армандайтынын айтты.



Көздеген мақсатына жету үшін бүркітші қыз алдымен Қазақстанда өзінің академиялық білімін жетілдіруге бел буған. Осы ретте Ерлан Сағадиев Айшолпанға барынша қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Білім және ғылым министрі келген қонақтардан Монғолиядағы білім сапасы мен орта мектептердің жағдайын сұрап білді.



Айшолпанның есімі бүркітшілер арасында өткен үлкен жарыстағы жеңістен кейін әлемге кең таныла бастады. Бұл жарыста Айшолпан Нұрғайыпқызы жарысқа қатысушы бүркітшілердің арасында ең жасы болатын. Сол кезден-ақ шетелдік БАҚ, әсіресе, BBC, CNN телеарналары Айшолпан туралы түсіруге қызыға бастаған. Жас дарын иесі xалқымыздың көне мәдениетін әлемге танытып, өзінің шеберлігімен көпшілікті тәнті етті.



2016 жылы АҚШ-та Айшолпан туралы Eagle Huntress атты деректі фильм түсірілген. Бүгінге дейін ол туралы барлығы 10-нан астам деректі фильм түсірілді. Бүркітші қыз Нью-Йоркте “Азияның батыр қызы” деген марапатқа ие болды. Биыл қыздың бүркіті 12 түлкі, 2 қасқыр алған. Айшолпанның әкесі Нұрғайып - Монғолиядағы атақты бүркітші.

Другие новости