Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации просят вернуть их на Родину
Елімізде төтенше жағдай жарияланып, той жасауға тыйым салынғаны барлығымызға аян. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазір "Тойың тойға ұлассын" деп әндетіп, той тойлап жүретін уақыт емес",- деген еді. Алайда, карантин кезінде "Қазақтың тойы бітпесін" деген ұранды арқау етіп, жасырын той өткізіп жүргендердің қарасы көп, хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Карантинде той өткізгендер қалай жазаланады?
Заңбұзушылыққа жол берген жағдайда режимді бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Той иелеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 30 АЕК (83 340 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Нысан иелері 230 АЕК ( 319 470 теңге) төлеуге міндетті. Шілдеайында Батыс Қазақстан облысында той өткізген тұрғындарға 1,5 млн теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда Роза Рымбаева мен Төреғали Төреәлінің отбасында болған тойларға қатысты тексеріс жүріп жатыр.
Той тойлатып жүрген шоу-бизнес жұлдыздары
Карантинде отыру әншілер қауымын жалықтырған сыңайлы. Бүгінде олар тойда өнер көрсетіп, напақасын табуға көшкен. Естеріңізде болса, бұған дейін желіде Мақпал Жүнісова, Нұржан Төлендиев, Төреғали Төреәлі, Әбдіжаппар Әлқожа, Жазира Байырбекова, Салтанат Бақаева сынды жұлдыздардың тойда өнер көрсетіп жатқан видеолары тараған еді.
Той тізгіншілері немен айналысып жүр?
Төтенше жағдайға байланысты тойдан табыс тауып жүрген асабалардың кәсібі тұралап қалды. Той тізгіншілері немен айналысып жүр? "Адырна" ұлттық порталы сұрап көрді.
Сағындық Сәлмұханов:
- Қазіргі таңда көптеген нысандар өз жұмысын қайта бастады, бірақ той өткізуге салынған тыйым алынбады. Асабалар үшін бұл мықты соққы болды. Қазіргі таңда әлі күнге дейін бұрын қабылдап қойған тапсырыстарымның ақшасын қайтарып жүрмін. Той тоқтап қалған кезде саудамен айналысып кеттім. Жасыратыны жоқ, карантин кезінде шақыртулар түсті, бірақ көп емес. Ашық аспан астында қолыма антисептигімді ұстап алып, той өткіздік. Оған 20-40 шақты адам қатысты. Халық микрофонсыз тілек айтты. Той да бұрынғыдай ұзаққа созылмады. Негізі той өткізуге рұқсат беру керек деп ойлаймын. Өйткені, халық кафелерге барып тамақтануда, сауда орындары да ашық. Былайша айтқанда, адамдар көп шоғырланған жерлерде жүр. Ашса, барлық жерді бірдей ашу керек.
Құдайберген Сұлтанияров:
- Той бизнесте 2006 жылдан бастап жүрмін. Иә, карантинге дейін тойға жиі шығып тұрушы едік. Алайда, елдегі ахуалға байланысты бұл кәсіпті шетке ысырып қойдым. Өз басым қалыпты өмірге қайта оралғаннан кейін ғана асабалық қызметімді қолға аламын деп шештім. Карантин барлығымызға жанашыр жан болуды үйретті. Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желідегі оқырмандарымызбен біріге отыра Орал қаласындағы мұқтаж 3 отбасыға үй алып бердік. Қазіргі таңда негізгі жұмысым бар. Мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын.
Сатыбалды Әділхан:
- Шүкір, жұмасына 2-3-тойым бар.
Айдын Жақып:
- Асаба болғаныма 5 жыл болды. Иә, төтенше жағдайға дейін шақыртулар жиі түсетін еді. Қазір тойға көп шақырмайды, себебі халық та қатаң режимді ұстанып отыр. Өз басым үй ішінде болатын шағын тойларды басқарып жүрмін.
Мейрамбек Кенжеғалиұлы:
- Той өткізудің тоқтатылғанын жақсы білесіздер. Бүгінде асабалықты қойып, құда ретінде келін әкеліп жүрген жайым бар. Той тізгінін мәңгі ұстамайтынымыз бұрыннан белгілі жағдай ғой. Ел қатарлы өмір сүріп жатырмыз. Десе де, қазіргі таңда тойға шақыртулар көп келіп түсуде. Осы орайда "Тойсыз қазақ жоқ шығар" деген пікір еріксіз еске оралады. Алайда, карантинге байланысты асабалықты тоқтаттым.