Түркістанда психоневрологиялық орталық пациенттері адам төзгісіз жағдайда тұрып келген


Қоғамда көп дау туғызған Түркістан қаласының психоневрологиялық орталығындағы суреттерден кейін, прокуратура арнайы комиссия құрып, тексеру жүргізген деп хабарлайды «Экспресс-К».




Орталықтағы пациенттердің бірінің анасы Лаура Сардарбек журналистерге: «Менің балам, Нұрсұлтан, орталыққа өз аяғымен келген болатын, қазір ол өздігінен жүруден қалды. Ол нашар сөйлейтін болыпты. 20 келіге арықтаған, денесінің бәрі көгеріп кеткен. Мекемеде жатқан басқа науқастардың барлығының да жағдайы өте нашар. Олар көшеден қатқан нан теріп жейді, оларды талай рет жалаңаш көрдім. Орталықтағы тамақ жуындыға ұқсас», -деп шағым жасаған.


Әйел прокуратураға да арызданыпты. Аталған фактілерді тексеру ісіне арнайы комиссия құрылған екен. Комиссия суреттегі орталықтың науқастары екенін растады, бірақ соған қарамастан, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бастығының орынбасары Мадина Есімованың сөзінше, желідегі суреттер қолдан жасалған. Шенеунік бұл дауды орталық басшылығына үміткер болған азаматтың ұйымдастырып жүргеніне сенімді.


«Суретте паллиативтік бөлімнің науқастары көрсетілген. Олар өз істеріне жауап бере алмайды. Олар өмір сүрудің соңғы сатысында. Бұндай науқастар толық болмайды. Расында, орталықта 28 келі салмақтағы пациенттер бар», -дейді Мадина Есімова.


Бұған дейін де, осы жазда Лаура Сардарбек орталық қызметкерлерінің үстінен арызданған екен. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тарабынан мекеменің алты қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ бұдан ештеңе өзгерген жоқ дейді шағымданушы ана.


Мадина Есімованың мәліметінше, Лаура Сардарбек көрсеткен деректер дұрыс емес екен. Есімова: «2015 жылы орталыққа түскенде, Нұрсұлтан Сардарбек 60 келі болған, қазір 61 келі, яғни еш өзгеріссіз. Ол өздігімен жүреді, денесінде көгергендер жоқ».


Алайда, орталықтың ішінде жалған құжат жасау сияқты заң бұзушылықтардың орын алғаны белгілі болып, мекемені 17 жыл басқарған Бақыт Керимбаев жұмысынан қуылды.

Другие новости