Үкімет БҚО-дағы жылу магистральдарын реконструкциялауға 4,9 млрд-қа жуық теңге бөлді

Алдағы жылу беру маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметінің резервінен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне шамамен 4,9 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды, Үкіметің ресми ресурстарына сілтеме жасап хабарлайды ZTB News.  

Қаражат Орал қаласындағы екі жылу магистралін реконструкциялауға бөлінеді. Олар тәуекелдің «қызыл аймағындағы» 19 жылу көзінің тізбесіне кіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке оларды басым тәртіппен жаңғыртуды тапсырған болатын. 

Премьер-Министр Олжас Бектенов биылғы ақпан айында өңірге жұмыс сапары барысында әкімдікке көп кідіртпей реконструкциялауды талап ететін жылумен қамту нысандары бойынша құжаттама дайындауды тапсырған болатын. ТМ-5 және ТМ-2 жылу магистральдары бойынша жобалар дайындалды. 

Орал қаласындағы ұзындығы 1,6 шақырым болатын ТМ-5 жылу магистралі 1987 жылы пайдалануға берілген, оның тозуы 80%-ды құрайды. Жөндеу жұмыстарына 574 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Екінші жоба 4 шақырым ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялауды қамтиды, оның тозу деңгейі – 75%. Жобаны 4,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Екі учаскеде де күрделі жөндеу бұрын соңды жүргізілмеген, - деп хабарламада көрсетілген. 

Бөлінген қаражат 106 көпқабатты үй мен 20-ға жуық әлеуметтік нысанды, яғни 24 мың абонентті, балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханалар мен емханаларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Другие новости