Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации просят вернуть их на Родину
Кеше Жаңаөзенде басталған халық наразылығы күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Жергілікті халық сұйытылған газ бағасының қымбаттауына наразы болып, бас көтерген еді. Кейін президент Тоқаев Үкіметке тапсырма беріп, Үкіметтік комиссия құрылған.
Вице-премьер Ералы Тоғжанов бастаған топ Маңғыстауға ұшып барды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жергілікті халық алдына шығып, жиналған жұртты сабырға шақыруға тырысқан. Кейін Жаңаөзен жұртына қолдау ретінде еліміздің өзге де аймақтарында халық орталық алаңдарға жинала бастады. Әлеуметтік желілерге тараған кейбір мәліметтерге сүйенсек, қазір Ақтауда 10 мыңға жуық адам алаңға шыққан. Олар жергілікті әкімдік ғимаратының алдына шатырлар тігіп, билікке өз талаптарын қоюда. Әуелде газ бағасын арзандатуды сұраған наразылық енді саясилана бастаған. Алаңға жиналғандар Үкімет отставкасын талап етуде. Сонымен қатар, Ақтауға күштік құрылымдар жасақтары жеткізілгені туралы ақпарат та жария болған.
Қымбатты жаңаөзендіктер, Маңғыстау мұнайшылары!
Сіздердің талаптарыңызды өте орынды деп есептеймін. Газдың үстінде отырып газ қымбаттаса, мұнайға шомылып отырып жанармай қымбаттаса, қамба толы астықтың үстінде отырып нан қымбаттаса, халық наразы болмағанда қайтпек?
Барыс жылының басында барысқа тән мінез көрсеткендеріңізді қолдаймын. Тек, араларыңызға араңдатушылар араласып кетпесін, содан сақ болғайсыздар.
Біздің үкімет өзін «еститін үкімет» деп жариялады ғой. Естіп, көріп отырған шығар бәрін. «Халық жазушылары мен халық артистері» халықтың жағында болатын шығар деп сенемін.
Әділдікті талап ету жолындағы наразылыққа билік бұл жолы күш көрсете қоймас. Тек, араңдатушылықтардан сақ болғайсыздар!
Дулат Исабеков
Халықтың орынды талабы орындалуы тиіс!
Жаңаөзенде тағы да ел ереуілге шықты. Себеп - сұйытылған газдың қымбаттауы. Мұнай мен газдың үстінде отырып газды қымбаттату деген қандай ұғымға сияды? Әлде бұл тағы да, қарапайым халықтың шыдамын сынау ма?!.
Бұндай келеңсіздікке ҚР Президенті Қ.Тоқаев бірден назар аударып, Үкіметке тапсырма берді.
«Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым. Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс.
Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқы бар. Бірақ бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес атқарылуы тиіс», -деп мәлімдеді.
«Ақ жол» партиясы фракциясы өткен жылы газдың, көмірдің және дизель отындарының қымбаттауына қарсы депутаттық сауал жасаған болатын. Бүгінгі ереуіл көрсеткендей, Үкімет одан дер кезінде дұрыс қорытынды шығармаған.
ҚР Премьер Министрінің орынбасары Р.Склярға депутат С. Ерубаев жолдаған «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалында:
-Партиямызға еліміздің түкпір түкпірінен келіп түскен автогаз отының тапшылығы және оның бағасының күрт өсуі жөніндегі шағымдары осы депутаттық сауалға негіз болды. Бұған дейін 50-60 теңге тұратын газ, соңғы кезде 120-150 теңгеге дейін ұлғайды.
Тіпті, қойнауы мұнай мен газға толы Атыраудың өзінде, газдың бағасы бір түнде 95 теңгеден 110 теңгеге дейін өсті. Бұның бәрі газ қожайындарының қолдан істеп отырған ісі деген сөз ел аузында жүр, - деп атап көрсетілген еді.
Биылғы жылдың қазан айында дизель отының тапшылығына және бағасының өсуіне куә болдық. Осы жағдайға байланысты, жүргізушілер өңірлерде ереуілге де шығып жатты.
Бұл мәселе бойынша 6 қазанда, «Ақ жол» фракциясы Энергетика министрінің атына бензин және дизель тапшылығы проблемасын шешу жолдарының бірі ретінде шағын мұнай өңдеу кәсіпорындарына жан-жақты қолдау көрсетуді және сыбайластықтың бар-жоғына тексеру жүргізуді ұсынып, депутаттық сауал жолдаған болатынбыз. Үш айдан аса уақыт өтсе де, бұл сауалға әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз.
Сол кезде, министрлікте дизель отынының бағасы нарық заңымен реттеледі және жуырда төмендейді делінген болатын. Алайда, жағдайдың жақсаратын түрі жоқ. Ел экономикасына және тұтыну бағаларына тікелей әсер ететін дизель отының құнын бақылаудан шығарып алу, жауапсыздық және мемлекеттік емес көзқарас деп санаймыз.
Қазан айының соңында авиакеросин тапшылығына да тап болдық. Көршілес елдің энергетика министрлігінің көмегімен дизель отыны мен керосиннің мәселесі уақытша шешілген. Бірақ, дәл осы жерде «уақытша» деген сөзді естен шығармауымыз керек!
Жуырда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алып, дизель отынының тапшылығы жасанды екендігін баса айтты.
2017 жылы Елбасы қолданыстағы үш мұнай өңдеу зауытын жаңғыртумен қатар, төртінші зауыт салу қажеттігін атап өткен болатын. Алайда, бұл бастамаға министрлік тарапынан жаңа зауыт қажет емес деген тұжырым, бүгінгі жағдайда ел экономикасына тиімділігі күмәнді болып отыр. Еліміздегі Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға екі триллион теңге жұмсалды. Ендеше, аталған зауыттардың жыл сайын жөндеуге тоқтатылуын немен түсіндіреді.
Бірақ, Министрліктің жауабы әрқашан дайын, егер, дизель отыны тапшы болса оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі, ал автогаз жетпесе оған газбен жүретін көліктер санының көбеюі туралы сылтау айтылады.
Жерасты байлығымыздың тағы бір негізгі түрі – көмірдің де тапшылығы орын алуда. Оның үстіне, бағасы да тым қымбат.
Бұнда да ұятсыз спекуляция сипаты байқалады!
Мысалы,
«Шұбаркөл» кеніндегі көмірдің тоннасы 5800 теңге болса, карьерден, сатып алушыға барар жолда көмірдің бағасы, 16 мыңға дейін жетеді.
Бұндай жағдайда тапшылық қолдан жасалып, бағалық сөз байласу фактілері расталса, құқық қорғау органдары да сыртта қалмауы керек, - деп талап еткен болатынбыз.
Мемлекет басшысы айтқандай, жанар жағармайдың қымбаттауы транспорттық компаниялармен қатар, күнделікті тауарлардың да бағасының өсуіне әкеліп соқтырады.
Мемлекет өз тарапынан дағдарыс кезінде адал кәсіпкерлерден бағаны көтермеуді әрдайым талап етуді ережеге айналдырып алғандай. Қалыптасып отырған жағдайда, кәсіпкерлердің де мемлекеттен мұнай өнімдері мен көмірдің бағасын реттеуді талап ету орыны бар деп есептейміз.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарын жүзеге асыру мүмкіндігін қарауыңызды сұраймыз.
Еліміздің жерасты байлықтары шектеулі адамдардың мүдделеріне ғана емес, бірінші кезекте ішкі экономикаға жеткілікті көлемде, бизнес өкілдеріне және халыққа қол жетімді түрде қызмет етуі қажет деп санаймыз.-деп, маңызды мәселені шешуді сұраған едік.
Мұнай мен газ және көмір өндіріп жатып, газ бен көмірге, жанар-жағармайға жарымау деген олигархтары үкіметтен күшті біздің елде ғана болатын жағдай шығар…
Елдің жағдайы жақсаруы үшін, халықтың орынды талабы орындалуы тиіс!
Қазыбек Иса
Қазақстанда Навальный жоқ, бірақ Жаңаөзен бар!
Билік Жаңаөзеннің протестік потенциалымен санасуы керек. Санасу сөзге құлақ асуды, наразы топтың ішіндегі белсенді азаматтарды Мәмин құрған комиссия қатарына қосуды білдіреді.
Отыз жылдағы ең үлкен олқылық - билік қазақтілді аудиторияның потенциалын бағаламай келді. Қоғамның қазақыланып жатқанын, тиісінше биліктегі биік мінберге қазақтілді менеджерлер келу керектігін қаперге алмады.
Сонда Маңғыстаудағы наразы жұрттың алдына кім сөйлейді? Халық Тоғжановты тыңдайды дегенге күмәнім көп.
Мен білсем Мәмин Маңғыстауға барған жоқ. Үлкен кісі үнсіз. Үкібайдың твиттері тым-тырыс. Тоқаевтың соңғы мәлімдемесінен бері бірқыдыру уақыт өтті. Мағзұмов келгенім кеше ғана дейді. Ноғаевтың бар екенін бүгін білдім.
Дәл қазір ашуға булыққан халыққа «митинг мәдениетін» сақтауды сұрап, нотация оқудың қажеті шамалы.
Маңғыстау жұртының мәртебесін өсірген бір жайт - митинг мәдениетін биліктің нұсқауынсыз-ақ меңгеріпті.
Аргументі анық. Позициясы нық. Лозунгы айқын. Бірақ бұл уақытша құбылыс.
Алаңдағы халықпен келіссөз жүргізілмесе, «еститін мемлекет» елдің пікірін есепке алмаса «Газ 50» деп басталған ұран басқа да «тақырыптармен» толығады.
Ақылгөйсіну істі насырға шаптырады. Алаңға шыққан жұртты қудалаумен қорқыту Тоқаевтың осы күнге дейінгі қасықтап жинаған абыройын еш кетіреді.
Бүгін таңертең Тоғжанов бастаған топ Маңғыстауға ұшып келеді. Олардың не білгені өздеріне ғана аян. Ендігі мәселе Мәминде. Меніңше Президенттің премьерге өкпесі көп...
Думан Бықай
Ақпарат дереккөзі: Abai.kz