Жастар қалай жалдамалы пәтер ала алады?​


Қарашадан бастап Қазақстанда жастарға жалдамалы пәтерлерді беру бағдарламасы іске қосылып, жастарға пәтер беріле бастамақ.



Яғни, 29 жасқа толмаған жастардың жеңіл жолмен баспана алуға мүмкіндігі бар. Осы жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 3000 жалдамалы пәтер беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1050 пәтер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан берілсе, 904 пәтер Шымкенттен берілмек.


Естеріңізде болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған азаматтарға жалдамалы пәтер беруді жеделдетуді тапсырған болатын. Одан бөлек, 2 қыркүйек күнгі жолдауда «Азаматтар әкімдік беретін әлеуметтік пәтерлерге кезекке тұру және оның жылжу үдерісінің ашық болмай отырғанына наразы» деген еді.


- Үкімет жыл соңына дейін жалдамалы пәтерлерге, сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген баспана заемын алуға кезекте тұрғандарды есепке алудың ұлттық бірыңғай жүйесін құруы керек, - деген болатын.


Жалдамалы пәтер кімдерге беріледі?


Аталмыш бағдарламаға Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының жұмысшы жастары қатыса алады. Пәтерлер балдық жүйе бойынша беріледі. Яғни, үміткерлердің мамандығы мен жұмыс істеу саласы, отбасылық жағдайы қалай, қанша баласы бар, қандай жетістіктерге жеткен – сол тұстары қарастырылады.


Мәселен, өтініш берген үміткер елде сұранысы жоғары 100 мамандықтың бірін игерген болса, онда оған автоматты түрде 10 балл беріледі. Отбасын құрған болса, плюс 5 балл, некеде тұрған әрбір жылға 2 балдан, бала бар болса, плюс 1 балл, әрбір балаға 2 балдан, қандай да бір салада жетістікке жеткен болса, плюс 2 балл, банкте жинаған ақшасы болса, тағы - 2 балл.


Бұдан бөлек, айта кететін тағы бір нәрсе – өтініш берушінің тұрақты жұмысы болуы тиіс. Ай сайынғы табысы 40 айлық есептік көрсеткіштен жоғары (100 мың теңгеден жоғары) болғаны жөн.


Қандай құжаттар қажет?


Жалдамалы пәтер Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан берілетіндіктен, өтінішті де сол қаланың әкімдігі қабылдайды. Өтінішпен бірге келесідей құжаттарды табыстауы тиіс:

- Басында баспана не жылжымайтын мүлік жоқтығы жайында анықтама;

- Жұмыс орнынан анықтама;

- Соңғы алты айда тапқан табысын көрсететін анықтама;

- Еңбек өтілін көрсететін құжат;

- Банк есепшоты жөніндегі анықтама;

- Жетістіктерін көрсететін құжат (бар болса).


Қандай жалдамалы пәтерлер беріледі?


Жалдамалы пәтер бес жылға беріледі. Пәтердің ауданы, орташа есеппен, 40 шаршы метр. Болжам бойынша, пәтер алған жастар айына 10-12 мың теңге төлеп тұрады. Оның ішінде коммуналды төлемдер де бар.


Қазіргі уақытта Алматы қаласынан Саялы-2 ықшам ауданы маңынан 1 бөлмелі пәтерлер беріліп жатыр. Барлығы 250-ге жуық пәтер бар.

Другие новости