Жастар жылы: Қай қаладан қанша пәтер берілді?

Қазақстанда жастар жылына орай арнайы баспана бағдарламасы іске қосылған еді. Үш жылға арналған бағдарлама бойынша жыл сайын жастарға 1000 жалдамалы пәтер берілуі тиіс. Ал үш жылда 3 мың жастың баспана алуға мүмкіндігі бар.


Тек бұл бағдарламаның бір жағыннан кемшілігі, екінші жағынан басымдығы деп айтсақ болады: ол – жалдамалы пәтерлердің тек үш қалада ғана – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент ғана берілуі. Басқа аймақтық қалалар жастарға арналған бұл бағдарламадан тыс қалайын деп тұр. Есесіне, жастар мол шоғырланған өңірлерде баспана таршылығы болмайды, ресурс басым аймақтарға жұмсалмақ.


Тәуелсіздік мерекесі кезінде жұмысшы жастарға жаппай пәтер үлестіру басталғаны белгілі. Олардың біршамасы қазір үлестіріліп болды. Мәселен, Алматы қаласының әкімдігі биыл 1050 жас отбасына арендалық үй берілу жоспарланса, оның 300-ге жуығына тәуелсіздік күні пәтер берілді. Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бірінші пул бойынша барлығы 1244 өтініш келіп түсті. Соның ішінде балдық жүйеге сәйкес 249 үміткердің тізімі жасалды. Олардың ішінде көпбалалы отбасылар, білім, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.


Шымкенттік жастар да қоныс тойын тойлады. Қала әкімі Ерлан Айтаханов Жастар жылы аясында жұмыс істейтін 30 жас маманға пәтер кілтін табыстады.


- Аталған тұрғын үйлер сатып алу құқығынсыз 5 жылға жалға беріледі. Яғни, жастарымыз пәтерден-пәтерге көшіп жүрмей, ай сайын нарықтағы пәтерақының орнына 5-7 мың теңге көлеміндегі төлемақыны төлейді. Жыл соңына дейін қалада жұмыс істейтін 904 жас пәтермен қамтамасыз етіледі, - дейді Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов.


Ал Елордада 14 желтоқсан күні жұмыс істейтін 1050 жас азаматқа жалдамалы пәтер кілті табыс етілді.


- Тәуелсіздік күні қарсаңында жаңа баспанаға ие болып жатырсыздар. Бұл игілікті шара Елбасы мен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында іске асуда. Біз ол тапсырманы орындадық. Міне, 1050 жас осы пәтерге қол жеткізгелі отыр. Одан бөлек 500-ден аса пәтер аз қамтылған отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, ескі және апатты үйлерді сүру бағдарламасы аясында 141 пәтер қарастырылуда. Жастар елге аянбай еңбек етуі үшін осылай баспанамен қамтуды жүзеге асырып жатырмыз. Үйдің бірінші қабатында шағын маркет, емхана, полиция учаскесі болады, - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пәтер кілтін табыстау рәсімінде.

Другие новости