​Студенттер жатақханасының бөлмелерін полиция басқармасы иеленіп отыр



С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеттің жатақханасындағы бұл мәселе 2011 жылдан бері әлі шешімін таппаған. Бұл туралы ztb.kz Бердібек Хабайдың әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап баяндайды.



Студенттік жатақханалардың мәселесі жүйелі жұмыспен шешілу керек.


ҚазАТУ иелігіндегі №7 жатақхананың 1-қабатындағы бөлмелердің жартысын Сары-арқа ауданы Полиция басқармасы (№26 учаскелік полиция пункті) иеленіп отыр. Университет 2011 жылдан бұл сұрақты шеше алмай келеді. Осыған орай, «Жас Отан» жастар ұйымының ұсыныс жасауымен Нұр Отан партиясынан осы сұрағымызды шешуге көмек сұраймыз!!!


Отан партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар ұйымының бастамасымен республика бойынша студенттік жатақханаларға жүргізіліп жатқан рейдті, әрине, құптаймыз, әрі қолдаймыз!



Дегенмен бұл бастама тек кемшілікті айтып, «ұрандау» сипатындағы жұмыс болмаса екен. Жас Отан белсенділері әлеуметтік сұрақтардың орын алу себебіне талдау жасап, Нұр Отан партиясы деңгейінде оны шешудің жолдарын қарастырып, көмек берсе, шынайы да, игі жұмыс болар еді!
Бүгінде барлық жоғары оқу орындарының студенттік жатақханаларында әлеуметтік сұрақтар бар (әрине, тарақан, интернет сияқты мәселелер емес). Бірақ құзыретті мекемелер тарапынан оған уақытында назар аударылмайды.

Өздеріңізге белгілі, мемлекеттік білім беру гранттарына бөлінген қаржы студенттің білім алуына оңтайлы жағдай жасау үшін, ғылыммен айналысуына қажетті зертханаларды жабдықтауға, шетелдік оқу орындарына барып, тәжірибе алмасуына және қажетті әлеуметтік жағдайын жасауға мақсатты түрде жұмсалу керек. Бірақ бізде білім беруге қойылатын талаптар бірдей де, гранттардың құны әр түрлі. Мәселен, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде 2018 жылға дейін барлық мамандықтар бойынша бір студенттің білім алуына бөлінетін грант қаржысының құны 349 мың теңге көлемінде болды. 2019 жылдан бастап тек кейбір мамандықтарымыз бойынша гранттар құны 635 мыңға көтерілді. Ал Ұлттық университеттерде бір студентті оқытуға бөлінетін грант құны 1 миллионнан басталады. Осыдан кейін, әрине, кейбір оқу орындарында қаржылық дағдарыс, оған ілесе, әлеуметтік сұрақтар орын алады. Нақтырақ айтсақ, гранттар қаржысы студенттің білім алуына қажетті жағдайды жасап беруге жетпейді. Университетімізде білім алып жатқан студенттердің дені (60%-ы) ауылдық жерден келетіндіктен, жатақханада тұру ақысын да ең төменгі бағада ұстауға мәжбүрміз (бір оқу жылына 70-80 мың). Өйткені ауыл жастарының әлеуметтік жағдайы қымбатшылықты көтере алмайды. Сондықтан Жас Отан ұйымы студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алса, әріден талдап, «осындай мәселені шешуге үлес қосса» деген өтінішіміз бар!

Другие новости