Көлік апатына ұшыраған қазақстандық жұлдыздар


Қазақстандық жұлдыздардың басынан өткен әр жайт халық арасында қызу талқыға түсіп, тез таралады. Сондай оқиғалардың бірі – жол көлік апаттары. Әрине, мұндай жағдайлар өте ауыр салдармен аяқталып та жататын кездері бар. Оған қоса, ғажайыппен аман қалып, жол ережелерін елемегені үшін жауапқа тартылып жатқан атақты тұлғалар да жеткілікті.




Алдыңғы түні ғана Қайрат Нұртастың жол апатына түскені белгілі болған болатын. Бұл туралы ақпаратты оның анасы тыңдармандардың сансыз сұрағына жауап беру үшін таратты. Көліктің суретін жариялап, Қайраттың аман-есен екенін айтып, тілекші халыққа алғысын білдірді.



Ал бұдан бірнеше жыл бұрын, Гүлзира Айдарбекованың өзі де "Лексус" көлігімен бағдаршамы жұмыс істемей тұрған қиылысқа шығып кетіп, қарсы бағыттағы көлікті соққан еді. Зардап шегуші Евгений Маринков оған продюсер мүлігінің құнын өтемек түгілі, денсаулығын түзетуге ақша бермей жүргенін айтқан. Бірақ Қайраттың анасы жігіттің сөзін жоққа шығарып, зардап шеккен азаматпен сотта жолығатынын жеткізді.




Осыдан үш жыл бұрын, Алматыда әнші Қайрат Түнтеков "Лэнд Круизер" көлігімен соқтығысып, жүргізушіні жол жиегіндегі арықтың арғы бетінен бір-ақ шығарғаны белгілі. Тізгінге ешбір құжатсыз, әрі мас күйінде отырған әртіс бірден өз кінәсін мойындап еді. Арада 2 ай өткенде, әнші өз қателігі үшін тәртіптік түзеу мекемесінде бірнеше тәулік отырып шыққан болатын. Осы оқиғадан соң, Қайрат сахнадан да жырақтап кетті.



Танымал әнші Ерболат Құдайбергенов те жол ережелерін сақтамағаны үшін, жауапкершілікке тартылып, бірнеше жылға көлік айдау құқығынан айырылған болатын. Бұл жайлы ол өзінің әлеуметтік желі парақшалары арқылы мәлімдеп, тіпті, өзі туралы халыққа қате ақпарат таратқан журналистерге ренішін білдірген еді.



Ал танымал скрипкашы Жамила Серкебаева осыдан біраз бұрын, рөлге ие бола алмай қалып, апатқа түсті. Ол қатты жылдамдықпен жол жиегінде тұрған көлікті және бұрылуға дайын тұрған тағы бір көлікті соққан. Жойқын соққыдан әртіске ешқандай зақым тимеді. Бұл жайт та қоғам талқысында біраз уақыт бойы түскен-тұғын.



Әнші Дастан Оразбеков өзінің бір сұхбатында бір жылдың ішінде онға таяу апатқа түскенін баяндап бергені бар. Әнші бір рет өлім аузынан қалғанын да жасырмады.



"Арнау" дуэтінің мүшесі, Нұржан Керменбаев та қара жолдың қателікті кешірмейтінін жақсы түсінеді. Тараз қаласына бет алған сапарларында «Арай тобымен» бірге үлкен жол көлік апатына ұшыраған.



Алдыңғы жылы тыңдармандар әнші Ринат Баситовтан айырылып қала жаздады. Әртістердің жол көлік оқиғасы Балқашқа бара жатқан кезде орын алған. Ринатпен бір көлікте "Азия" тобының өзге әншілері де болған. Көліктің соқтығысуына Ринаттың шаршаңқы күйі себеп бопты. Әбден қалжыраған әнші жігіт жүк көлігінің темір тиегін байқамай қалған. Біраз уақыт алған емнен кейін, Ринат денсаулығын қалпына келтіре алды.



Ал "Mysterions" тобының әншісі Дильен көлік жүргізу кезінде әлеуметтік желіде отырып, темір тұлпарды тізгіндей алмай, жол апатына түскенін болатын. Әнші ұялы телефонға үңілу апатқа ұшырауға жиі себеп болатынын атап өтіп, тыңдармандарын өз қателігін қайталамауға шақырған.




Қазақтың "Ақбаянына" айналған Мәдина Ералиева, танымал тележүргізуші Руслан Бөлебай, ақын Оразалы Досбосынов, оның жары Ажар Түзелбекқызы, "Дос-мұқасан" тобының әншісі Бақыт Жұмаділов, жас әнші Нәби Аймұратовтың өмірін жол апаты қиғаны белгілі. Кішігірім мәселенің ауыр аяқталуы жиі өкініш тудырады. Аталған танымал жандардың әрқайсысының өз тыңдарманы, өз көрермені бар болатын. Олар үшін бұның бәрі орны толмайтын қайғы болып қалары сөзсіз.


Другие новости