Стране не удалось выйти из группы стран-аутсайдеров
Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов көлік саласын дамытуға бөлінген бюджет қаражатына жасалған аудит нәтижесін баяндауда, деп хабарлайды Kazinform. Спикердің айтуынша, ондаған жылдар бойы жиналған мәселелерді шешудің орнына көбіне жыртықты жамау жұмыстары жүрген. «23 объектіде 3 трлн теңгені қамтитын аудит жүргізілді. Нәтижесінде 29 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар, 168 млрд теңгеге бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны және тиімсіз пайдаланылғаны анықталды. Экономикалық шығындар мен жіберіп алған пайда 307 млрд теңгені құрады. Аудит қорытындысы бойынша 5 материал құқық қорғау органдарына жолданды. 117 материал әкімшілік жауапқа тарту үшін жіберілді», - деді Ә. Смайылов. Соңғы төрт жылда теміржол саласын дамытуға шамамен 2 трлн теңге, соның ішінде бюджет қаражаты есебінен 332 млрд теңге жұмсалған. Қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, бұл экономиканың жүктер мен жолаушыларды тасымалдау қажеттілігін үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз болып шықты. «Салдарынан теміржол желілері, локомотивтер, вагондар әбден тозған. Тек 2023 жылдың өзінде жолаушылар пойыздарының кешігуі 412 сағатты құрады немесе 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе өскен. Кезінде өзін-өзі қамтамасыз еткен компания тиімсіз және консервативті басқару, мемлекет иелігінен дұрыс ойластырылмай шығару салдарынан бүгінде әрең күн көруде», - деді аудиторлық палата төрағасы.