Қазақстанда төтенше жағдай кезінде беріліп жатқан 42 500 теңгеге байланысты халық арасында түрлі пікір пайда болды. Аталған әлеуметтік көмекті біреу алса, біреу алмады. Неге? Осы мәселе бойынша ZTB.kz арнайы маман арқылы негізгі 10 сұраққа жауап алды.



ZTB: 42500 теңгені алу үшін қандай сайттарға кіру керек?


МАМАН: Төтенше жағдайға байланысты табыс көзінен айырылған азаматтар осы жерден ала алады:


- Egov.kz


- 42500.enbek.kz


- @Help42500Bot (Телеграм мессенджері)


ZTB: 42500 теңге алу үшін міндетті түрде ЭЦП керек пе?


МАМАН: Жоқ. Egov.kz сайтында бір реттік пароль арқылы алуға болады. Ал 42500.enbek.kz сайтына ЭЦП-ның мүлде қажеті жоқ.


ZTB: ЭЦП кілті жоқ, мүлде Egov порталына тіркелмегендер ше?


МАМАН: Бір реттік пароль арқылы ала алады.


ZTB: Өтініш жіберу үшін құжат тапсыру міндетті ме?


МАМАН: Жоқ. Ешқандай құжат керек емес. Барлығы электронды түрде жүзеге асады. Электронды өтініш кезінде де ешқандай құжатты бекітудің қажеті жоқ.


ZTB: Декретте отырған әйелдер 42500 теңгеге өтініш бере ала ма?


МАМАН: Бір жасқа дейінгі баласы бар аналарға бала күтімі үшін, баласы бір жасқа толғанша мемлекет тарапынан жәрдемақы беріледі.


Дегенмен қазір бір жастан асқан баласы бар аналар өтініш беріп, хабарласып жатыр. Бала бір жастан асқаннан кейін олар жұмысқа шығуы керек еді, бірақ төтенше жағдайға байланысты ешкімді жұмысқа алмайды. Сондықтан декретте отырған аналар бір жыл өткеннен кейін бірыңғай жиынтық төлемді төлеп, төлем алуға өтініш беруіне болады.


ZTB: Мүмкіндігі шектелуі жандар не істейді?


МАМАН: Егер мүмкіндігі шектеулі адам төтенше жағдай кезінде жұмыс істеген болса және төтенше жағдайға байланысты жұмысынан айырылған болса және ол үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына соңғы 12 айда кемінде 1 рет әлеуметтік аударымдар жасалса, ол әлеуметтік төлемді алуға құқығы бар.


ZTB: Өтініш беріліп, СМС келгеннен кейін неше күнде ақша түсуі керек?


МАМАН: Ақша сол күні жіберіледі. Қалған қызмет көрсету банктің құзырында.


ZTB: 42500 теңгені алу үшін жеке банк карточкасын аштыру керек пе?


МАМАН: Жоқ. Кез келген есепшот жарамды.


ZTB: 42 500 теңге қанша уақыт беріледі?


МАМАН: 1 немесе 2 ай. Әлеуметтік төлем төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін ай сайын төленеді.


ZTB: Сұрақтарға нақты жауап алу үшін не істеу керек?


МАМАН: Сұрақтарға жауап алу үшін 1414 Call-center-ге хабарласуға болады.

Другие новости