«Ақтөбе» футбол клубы футболистердің жалақысын жария етті. Ең төменгі еңбекақы – 100 мың теңге, ең жоғарғысы – 9 миллион. Бұл жөнінде «Диапазон» таратты.





Жыл басында ақтөбелік клубтың бас директоры Дмитрий Васильев жаңа тәртіпке сай, спортшылардың жалақысы ең азы 500 мыңнан, ең көбі 3 миллионға дейін берілетін болады деп уәде еткен. Бірақ, қазіргі көрсеткіштер төменгі түгілі, жоғары еңбекақының шегі нақтыланбағанын дәлелдейді.


Клубтағы 9 миллиондық айлық ақыны Алексей Щеткин алса, Самат Сымақов айына 6 миллионға ойнаған. Қазір екі футболист те басқа клуб құрамында.


Легионерлер ішінде Никита Бачаров 2,5 миллион теңгемен көш бастайды. Давлатов, Куаджа, Митошевич, Сорокиндер - 2 миллион.


Ал «Ақтөбенің» бас бапкері Юрий Уткульбаевтың еңбекақы мөлшері 3,5 миллион екен. Бас директор Дмитрий Васильевтің қанша алатыны көрсетілмеген.


Клуб басшылығы мен футболшылардың таза кірісі құпия сақталыпты.


Оған қоса, «Ақтөбе» жіберген хабарламада клубтың ойыншылар мен өзге командалар арасында жүретін агенттер мен делдалдарға осы жылы бір тиын да бермегені жазылған.


Бірақ, клубтың «ашықтығы» мен жариялаған мәліметтері бар хабарламасы күдік туғызады.


«Жалақы мөлшерлері жазылған қағаз еш мөрсіз, ешқандай қол қойылмаған. Мұндай беделді ұйым үшін, бұндай әрекет дұрыс емес. Кез келген адам қағаз алып, ойына келген сандарды жаза алады. Екіншіден, ақыры клуб басшылығы «ашық» саясатты жариялап жатса, неге өздерінен бастамаған. Васильев өз айлығын жазбаған ғой», -дейді Қазақстан футболистері кәсіптік кеңесінің басшысы Айгерім Сабыралиева.


Онымен қоймай, «Ақтөбе» басшылығы бір легионердің алаңға шыққан матчы үшін 300 мыңға жуық қаржы төлеуге міндетті екен. Тең нәтижемен аяқталған ойын үшін, футболистер 200 мың, жеңіс жағдайында 400 мың алатын көрінеді.


Ал бірінші айналымдағы «Тобыл» - «Ақтөбе» ойынындағы жеңіс үшін, ақтөбелік клуб спортшыларға 1 миллион көлеміндегі сыйақы тағайындауға уәде етіпті.

Другие новости