ҚР еңбек сіңірген артисі, белгілі күйші Айгүл Үлкенбаева Димаш Құдайбергеннің қазіргі заманғы вокал байқаулары мен телешоуларға жиі қатысуына алаңдаушылық білдірді. Әншінің айтуынша, бұдан талантты орындаушының табиғат берген дауысы бұзылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды Baribar.kz.




"Оның болашағына алаңдаймыз. Ары-бері сүйрегеннен Димаш табиғат берген дауысын бұзып алмаса дейміз. Өйткені Димаш елімізді әлі де әлемге танытады деген үміттеміз", – деді Айгүл Үлкенбаева Dombyra телеарнасының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты кезінде.


Айгүл Үлкенбаева Димаштың өнері мен шығармашылығын ылғи бақылап жүретінін айтты.


"Әлемнің түкпір-түкпіріндегі концерттерін көрдім. Димаш туралы айтылған пікірлерді де оқыдым. Оны Қытай, содан кейін Ресей, енді Америка жұрты біліп жатыр. Димаш – Қазақстанның маңдайына біткен жұлдыз. Ол – біртуар талант, ол – құбылыс. Құдай кез келген адамға ондай талантты, мүмкіндікті бермейді. Көзімізді ашқалы алты октаваны орындаған адамды көрген жоқпыз", – деді ол.



Күйші, домбырашы, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Секен Тұрысбековтің айтуынша, қазір әлем музыкасында ырғақ пен орындау мәнері жөнінен ерекшелік болмай барады. Ол осындай кезеңде Димаш Құдайберген әлемді таңғалдырып отырған сирек дауыс иесі екенін айтты.


"Димаш Құдайберген қазақтың небір диапазонды әндерімен, иірімдерімен бүкіл адамзатты таңғалдырып отыр. Қазір қазақта ғана емес, адамзат баласында музыка қалмай бара жатыр. Бұл – тоқыраудың белгісі. Эстрада болмашы ритммен жұрттың құлағын жауыр етіп болды. Кеше Құрманғазы оркестрінде Айзада Қапонованың әнін тыңдап, рақаттандым. Тамаша әншілер бар", – деді Секен Тұрысбеков.


Еске салайық, Димаш Құдайберген CBS телеарнасының The World’s Вest шоуына қатысып жатыр. Димаш Құдайберген шоудың екінші кезеңінде америкалық музыкант Эрик Карменнің All by Myself әнін орындады. Ол қарсыласы итальян әншісі Кристина Скуччианы 94-39 есебімен жеңіп, үшінші кезеңге жолдама алды.


Другие новости