Қазір посткеңестік елдер үшін ғана емес, бүкіл әлем елдері үшін цифрлы технологияларды дамыту мәселесі өзекті болып отыр. Өйткені "Сандық рефолюция" орнаған дәуірде ойып тұрып өз орныңды алу - қиынның-қиыны. Бұдан былай адамзаттың әлем алдындағы орны ақпараттық технологияларды меңгеру деңгейімен өлшенбек.



- Біздің міндетіміз – ақпараттық коммуникациялық инфрақұрылымның даму деңгейі бойынша өңірдегі көшбасшылықты нығайту, - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы.


Яғни, Қазақстанның цифрлық саладағы басты мақсаты - Орталық Азия, ТМД деңгейінде артта қалмау. Қазіргі уақытта Қазақстан ақпарат саласын ғана емес, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдары мен ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-шаруашылық салаларының барлығын цифрландыруға көшіп отыр.


Әсіресе, қоғамдық салалардағы қызмет түрлерін цифрландыруға үлкен мән берілуде. Қазақстан цифрлық технологияларды енгізуді 2008 жылдан бастаған. Басты мақсат мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын электронды форматқа көшіру болды. 2020 жылдың аяғына дейін алыс-жақын ауылдарды интернетпен қамтылады деген жоспар. Сонда халық арасында цифрлық қызметтерді қолдану сәнге айналмақ. Ал 2019 жылдың соңына дейін 685 ауыл ғаламтор желісіне қосылмақ. Қазіргі уақытта елде 117 қала мен 3324 ауылға кең жолақты ғаламтор желісі қосылған.


«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. Екінші бағыт – экономиканың салаларына (көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны ендіру. Үшіншісі – мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру және төртінші бағыт – IT-мамандарды даярлау.


Цифрлы Қазақстан және цифрлы валюта


Қазақстанның экономика саласындағы цифрландыру процесі Астана қаржы орталығы ашылған кезде, әсіресе, қарқынды дамыды.


- Үкімет «Астана» халықаралық қаржы орталығының қызметіне қолдау көрсете беруі керек. Бұл құрылым, шын мәнінде, конституциялық мәртебеге ие болды. Халықаралық қаржы орталығының Назарбаев Университетімен бірлесіп, заманауи цифрлық технологияларды дамыту алаңына айналуына толық мүмкіндігі бар, - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында.


«Астана» қаржы орталығының өзі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысын бастады. Астана Халықаралық Қаржы орталығының негізгі міндеті – инвестициялық ахуалдың ары қарай жақсаруын және қор нарығын дамыту. Қаржы орталығы Тәуелсіз қаржылық сот пен Ағылшын құқығы қағидаттарына және де жеңілдетілген салық режіміне сәйкес құрылған. ТМД-да алғаш құрылған аталмыш қаржы орталығы, Елбасының пәрменіне сай, озық халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, халықаралық және аймақтық бизнес хабына айналуды көздеп отыр. Астана қаржы орталығының құрылымы Дубай қаржы орталығына ұқсас.


- Үкімет заңнаманы 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлық активтер, жаңа цифрлық қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбылыстарға бейімдеу қажет, - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында.


Мемлекет басшысының жолдауда айтқан тың қаржы технологиялары қазақстандық қоғам үшін біртіндеп таныс бола бастады. Астана халықаралық қаржы орталығының негізі қаланғаннан бері елге блокчейн сынды криптоқаржы валюталары келе бастады.


Криптовалюта дегеніміз – бір тауардың құнына тең электронды қаржы. Қазіргі уақытта қаржының өзі тауар болып кеткендіктен, тауардың құнына тең қаржы құралдары пайда болды. Криптоқаржы тауар мен қызметтің нарықтағы сұранысына қарай теңестіріліп отыратын құрал.


- Астана қаржы орталығы тұрғысынан қарасақ, криптоқаржының Қазақстан үшін пайдасы зор. Қазақстанда арзан биткоин мен майнинг шығаруға болады. Өйткені майнинг жасауға электр энергиясы көп кетеді. Ал елімізде электр энергиясының бағасы арзан. Соны пайдаланған криптовалюта иелері Қазақстаннан көптеп майнинг орталықтарын аша бастады. Және майнингпен айналысатын адамдар саны да көбейіп жатыр, - дейді Астана халықаралық қаржы орталығы бюросының Қаржы технологиялары департаментінің сыртқы сарапшысы Данабек Калиаждаров.


Блокчейннің басымдығы – делдалдарсыз транзакция жасалатындығы. Яғни, бұл жемқорлықтың алдын алу көмектеседі. Қазір ақшаны да, құжатты да, басқа да мәліметтерді белгілі бір мекеме, институттардың көмегімен жіберіледі. Ол – банк, почта, сақтандыру компаниясы, мемлекеттік орган, аудитор мен тіркеу, қызмет көрсету орталықтары болуы мүмкін. Банк, мемлекеттік орган немесе қарапайым нотариустар іс-қимылды растаумен айналысады. Ал блокчейнде мұндай технология жоқ.


Қазірдің өзінде Грузия, Эстония сынды посткеңестік елдер жер картасы мен жер кадастрын блокчейнге өткізіп, оған рұқсат берудің өзін онлайн жүргізіп жатыр.
Другие новости