Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации, просят вернуть их на родину
Ташкентте шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері арасында мәдени дәстүр мен ұлттық тағамдардың XX фестивалі өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Ауқымды шараға Өзбекстан аумағында елшілігі орналасқан барлық елдер қатысты. Оның барысында шетелдіктер Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері, араб мемлекеттерінің ұлттық асханасындағы тағамдардан дәм татып, олардың дайындалу жолдарымен танысты.
Фестивальде халқымыздың ұлттық тағамдары да ұсынылып, оларға сұраныс жоғары болды.
Фуд фестиваль жоғары деңгейде өтіп жатыр. Оның аясында біз салт-дәстүрімізді және ұлттық тағамдарымызды таныстырып, келушілерге ұсындық. Ет, қуырдақ, ірімшік, жент, құрт, бауырсақ сияқты тағамдарымызбен қатар, көже және шұбат сусындарын әкеліп отырмыз. Сонымен қатар әшекейлер де бар, оларға жұрттың қызығушылығы зор, - деді ұлттық тағамдарды насихаттап жүрген қазақстандық Нүриза Қабылова.
Фестиваль аясында қазақ асханасының тағамдарынан дәм татқандар оның бірегейлігі мен ерекшелігін атап өтіп, жоғары баға берді.
Қазақ тағамдары өзбек асханасына өте ұқсас келеді. Менің ең сүйсініп жейтін асым – ол ет. Ташкенттің өзінде де қазақы етті дәмді әзірлейтін орындар аз емес. Жалпы қазақ асханасын өте ерекше әрі бірегей деп санаймын. Өйткені, мұнда көбіне ет қолданылады, оның ішінде жылқы еті мол болады, - деп әсерімен бөлісті фестивальге келушілердің бірі Юлдуз Азамова.
Айта кетейік, бұл шара аясында келушілерге ұсынылатын тағамдар тегін емес. Алайда, қай дәмнің болса да бағасы қолжетімді. Кейін фуд фестиваль нәтижесінде түскен барлық қаражат қайырымдылық қорына бағытталады.
Келушілердің көбі қазақы ет пен қуырдақ сұрайды. Өзбекстанда жылқы етімен дайындалатын тағамдар өте аз. Сондықтан бірінші кезекте ең жақсы сатылып жатқан – ол ет. Бағалары қолжетімді. Мәселен, еттің бір тәрелкесі шамамен 1800 теңге, - деп тоқталды ұлттық тағамдарымыз ұсынылған павильонның өкілі, қазақстандық Гауһар Жұмагелдинова.
Фуд фестивальдің соңы шетелдік және жергілікті өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.