Италияда футбол көрермендері келесі жылдың 31 қаңтарына дейін стадионға кіре алмауы мүмкін. Бұл туралы ZTB.kz ақпараттық агенттігі Qsport.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.




Бұл туралы La Gazzetta dello Sport басылымы жазды. COVID-19 пандемиясына байланысты Италияда карантин мерзімі 3 мамырға дейін ұзартылды. Футбол командалары 4 мамырда жаттығуға кірісуі керек. Ал футбол маусымы 31 мамырда қайта жалғастыру жоспарланып отыр. Егер бәрі жоспардағыдай болса, барлық ойын көрерменсіз өтеді.


Италия үкіметі келесі жылдың қаңтарына дейін футбол жанкүйерлеріне стадионға кіруге тыйым салуы мүмкін. BeIN Sports журналисі Танкреди Палмеридің айтуынша, билік енгізгісі келетін коронавирустың таралуын бақылауға арналған шаралар кешенінде осындай нұсқа бар. Кейін инсайдер бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтты.


«Әзірге бұл жай жоспар, барлығы қалай болатынын ешкім білмейді. Үкімет осы сценарий бойынша жұмыс істеп жатыр және Италияда футболды жандандырудың жалғыз мүмкіндігі ойындарды 2021 жылдың қаңтарына дейін көрермендерсіз өткізу деп санайды», — деді ол.


Апеннин түбегіндегілердің пікірінше, пандемия эпидемиологиялық жағдай тұрақтанған кезде де ауыр зардаптарға әкеледі. Осыған байланысты жанкүйерлердің стадионға кіруіне тыйым салу жайы қарастырылып жатыр.


Айта кетейік, бір ай бұрын Италияда коронавирус пандемиясына байланысты барлық спорттық шара уақытша тоқтатылған болатын. Маусымның қайта басталуы лигалар мен клубтар үшін экономикалық маңызы бар. Аудиторлардың болжамы бойынша, егер маусым мерзімінен бұрын аяқталса, жоғарғы лигалар кем дегенде 4 миллиард еуро жоғалтады. Яғни, бұл жағдайда ойындарға жанкүйерлердің келу-келмеуі маңызды болмай қалады.

Другие новости