Қазақстанның қаржы вице-министрлері Руслан Еңсебаев, Татьяна Савельева мен Қанат Байеділов өз табыстары мен 2017 жыл бойынша иеліктерінде бар мүліктері туралы есеп берді. Бұл мәлімдемелер олар жұмыс істейтін мекеменің ресми сайтында жарық көрді деп хабарлайды NUR.KZ.




Аталған құжаттар "2017 жылдың жеке табыс салығы мен мүліктері бойынша 230.0 формадағы декларацияда көрсетілген мәліметтер" деген атаумен жарияланған.


Құжатта көрсетілгендей, ең көп табыс Руслан Еңсебаевта болып шықты. Оның өткен жылғы табысы 60 млн теңге болған. Сондай-ақ, вице-министрдің атында үш бөлмелі пәтер мен Toyota Prado көлігі бар екен.



2017 жылдағы табыс көрсеткіші бойынша екінші орынға Татьяна Савельева жайғасқан. Ол өз есебінде өткен жылдық табысын 25 млн деп көрсеткен. Одан бөлек, министрдің орынбасарында төрт бөлмелі пәтер мен көлікжайы бар екен. Алайда оның көлікке рәсімделген жеке құжаты жоқ.



Тізімді Қанат Байеділов 23,3 млн теңгемен аяқтады. Қаржы вице-министрінің автокөлігі жоқ болғанымен Алматыда 0,1 гектар аумақты жер ауданы бар болып шыққан.



Вице-министрлерден бөлек, табыс туралы есебін Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Бауыржан Тортаев ұсынды.


Оның есеп кезеңі бойынша жылдық табысы 29,5 млн теңге болған.

Другие новости