Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов биыл жыл соңына дейін 26 мың адам шағын кәсіп ашады деп жоспарлап отыр.


Қазақстанда қазіргі уақытта азаматтарға шағын, отбасылық кәсіп ашуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп отырған жалғыз бағдарлама – бұл «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында әлеуметтік бағыттағы бизнеске үкімет тарапынан жіті мән беруді тапсырған еді. Әсіресе, ауыл-аймақта кәсіп ашу үшін аталмыш бағдарламаның маңызы зор әрі кәсіп ашуға қажет несиені жеңілдетілген түрде алудың бірден-бір жолы.


– Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады, – деген еді мемлекет басшысы жолдауында.


Одан бөлек, мемлекет басшысы «Үкіметке «Бизнестің жаңа жол картасы»аясында осы мақсатқа сәйкес алдағы үш жыл ішінде қосымша 250 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген еді. Демек, кәсіп ашуға берілетін жыл сайынғы бюджет келесі жылы көбейеді деген сөз. Яғни, қазақстандықтардың кәсіп ашуға деген мүмкіндігі көбеймек.


- Биыл бүкіл елде шағын несие беруге 83 млрд теңге және гранттар үшін 18 млрд теңге бөлінді. Біздің бағалауымыз бойынша 20 мың адам шағын несие алуы керек, ал біз 38 мың адамға грант бергіміз келеді, - дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.


Шағын несие алып кәсіп бастағысы келгендер жергілікті «Даму» қорына немесе «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына жүгінуі керек. Мамандар жүгінген жандарға қандай құжаттар тапсырып, қандай мекемелерге жүгіну керектігін түсіндіріп береді. Азаматтарға несие берілердің алдында кәсіп жүргізудің қыр-сыры үйретілетін бір айлық курс оқытылады.


– Жақында Павлодар облысына барған кезімде «Еңбек» бағдараламасымен 5 млн теңге несие алып кәсіп бастаған азаматпен жолықтым. Азамат несиеге 9 сиыр сатып алып, сүт сатумен айналыса бастаған екен. Енді жер сатып алғысы келеді. ұл мемлекеттік бағдарламаға қатысушының өз ісін дамытып, басқаларға жұмыс ұсынуының жарқын мысалы. Мен жұмыссыздарды мемлекет беретін мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Әр адам бизнес бастай алады, – дейді министр.


Әсіресе, әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың несие берерде басымдық берілмек. «Әлеуметтік бағыттарға – отбасы бизнесін құруға, ең алдымен, көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керек» деген еді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондықтан жұмыс таба алмай жүрген не кәсіп ашуды неден бастарын білмей жүрген азаматтар болса, «Еңбек» бағдарламасына қатысып, несие алуға асыққаны жөн.


– Мемлекет басшысының Жолдауында әлеуметтік аспектілерге – ең алдымен көпбалалы және табысы аз отбасыларға отбасылық бизнес ашуға баса назар аудара отырып, бизнесті қолдаудың жаңа нысандарын белсенді түрде енгізу қажеттілігін белгілеп өтті. Сондықтан жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері осы отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелерін нәтижелі жұмысқа тартуға ерекше назар аударуы керек, ол үшін гранттар мен микрокредиттер беруді қарастыратын «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының құралдарын белсенді пайдалану қажет, – деді Біржан Нұрымбетов.

Другие новости