Қазақстанның шығысынан бастап батысына дейін қазба байлыққа да, мәдени байлыққа да ие. Еуразиялық сар даласы талай өркениеттің кеніші болғаны белгілі. Осынау тарихи-мәдени ескерткіштің үстінде отырған қазақ халқына оны ашып танытудың маңызы зор. Ұлттық рухы мен сенімін оятары анық.



Қазақстанның цифрландыруы жүзеге асырылып жатқан уақытта мәдени жәдігерлердің де сандық форматқа көшірілгені құба-құп. Сондықтан да Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін жасау өзекті болып отыр. Осыдан елде археологиялық қазба жұмыстары мен мәдени орындарды таныту, аршу жұмыстары жаппай қолға алына бастады.


Қасиетті Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын жасау жобасының қандай жаңалықтары бар, соған тоқталып көрсек.


Шығыс Қазақстан облысы


Елдің шығысы – археологиялық қазба жұмысы ең көп жүргізіліп жатқан аймақ. Тарихи құпияға толы өңір. Қазақстанда қазылып жатқан қорғандардың 70 пайызы Шығыс Қазақстанда. Аймақ әкімшілігі археологиялық қазба жұмыстары мен қазылған қорымдарды мәдени музейге айналдыруға былтырдың өзінде 300 млн теңге бөлген.


Алтай, Сауыр-Тарбағатай тауының етегі мен бөктерінде жатқан көне қоныстар өте көп. «Берел», «Шілікті», «Елеке сазы», «Аблайкит» қорғандары Қазақстанның брендіне айналып үлгерген. Қазір қазақтың белгілі археолог ғалымдары топ-топқа бөлініп, шығыстың қазба жұмыстарын игеруде. Зейнолла Самашев Берел мен Тарбағатай аумағында қазба жұмыстарын жасап жатқан болса, Әбдеш Төлеубаев Сауыр бөктері мен Шілікті жазығындағы патша қорғандарын зерттеп жатыр.


Үш жылдың ішінде Шығыс Қазақстанның тарихи мұражайына 20 мыңнан астам жаңа артефакт әкеп қойылған.


- Алтай аймағынан табылып жатқан қорымдардан, артефактілерден ежелгі Қазақстан аймағының ірі индустриялды аймақ болғанын аңғарамыз. Біздің ендігі міндетіміз осынау индустриялды аймақтың көне зауытын, кәсіпорнын табу. Алтын өндірілген тауда кәсіпорынның болмауы мүмкін емес, - дейді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.


Қазір Шығыс Қазақстанның Берел қорғанында аспан астындағы музей ашылған, сондай музейді Шілікті обасынан да ашу жоспарланып отыр. Сонда Шығыс Қазақстанның Алтын адам табылған аумағы сандық музейге айналмақ.


Алматы облысы


Жетісу – Алматы облысының рухани-мәдени аймағы. Жыр сүлейі Сүйінбай, жыр алыбы Жамбыл, ақын Сара мен сал Біржан, құлагер ақын Ілияс Жансүгіров, қазақтың біртуары ұлы Дінмұхаммед Қонаев пен Елбасы Н.Назарбаев дүниеге келген өңір.


Мұнда Қора шатқалы, Таңбалы тас, Тұздыкөл, Шыңғысханның тұрағы, Жаркент мешіті, Хан Тәңірі шыңы, Жаманты бұлағы, Шарын шатқалы, Алтынемел, Көлсай, Қайыңды көлі сынды туристтік орындары бар.


Жетісу жері – Ұлы Жібек жолы бойында жатқан аймақ. Қазіргі уақытта Алматы облысында Ұлы Жібек жолы бойындағы киелі орындардың электронды картасы жасалуда. Шамамен, 40-тан астам сакралды орын бар.


Ақтөбе облысы


Ақтөбеде Мөңке би, Әбілқайыр хан, Әлия Молдағұлова, Ахмет Жұбанов дүниеге келген.


Қазір археолог ғалымдар Доңызтау, Солтүстік Арал өңірінің кесенелік сәулет өнерінің сирек кездесетін ескерткіштерін, ортағасырлық Жезді қалашығы мен оның тарихи аумағын, ерте көшпелілердің элиталық археологиялық ескерткіштерін, б.з.д. III мың көне мал өсірушілер мен металлургтердің жерлеу, өндірістік және қоныстық ескерткіштерін, ортағасырлық дәуірдің жерлеу, қоныстық, діни-ғибадат сипатындағы археологиялық объектілерді жан-жақты зерттеуде.


Алматы қаласы


Алматы – мың жылдық тарихы бар көне қала. Мұнда сақ мәдениетінен қалған қоныстар бар. Қазір Алматы қаласының солтүстік-батыс аймағында «Боралдай сақ қорғандары» орналасқан. Жалпы аумағы – 430 гектар.


- Алматы қаласының тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі – Райымбек батыр кесенесі. Кесене келбетін сақталу үшін реставрациялық жұмыстар жүргізілген. Енді Райымбек батыр кесенесіне туристер тарту үшін «Райымбек батыр музей-кешені құрылмақ, - дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Другие новости