Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации просят вернуть их на Родину
Осыдан 57 жыл бұрын жарық көрген Абдолла Қарсақбаевтың ұлы картинасы "Менің атым Қожа" - қазақ кинематографиясының шоқтығы биік туындыларының бірі. Әлі де балаларға арналған ең үздік көркем туынды атағынан айырылар емес. Көркем фильмде басты рольді сомдаған актер Нұрлан Санжармен Stan.kz тілшісі әңгімелесіп, неліктен қазіргі отандық киноөндірушілер классикаға айналар дүние жасай алмай жүргенін, ақша табуды көздейтін шоумендер мен жалаңаштанған қыздар туралы пікірін естіді. Жазушы, кинодраматург әдебиетіміз жуырда Алтын орда тарихына арналған тың шығармамен толығатынын да айтып қалды.
- Нұрлан аға, біз Шыңғыс ханнан таралғанбыз деп дәлелдеуге тырысып жатқандар көп. Бірақ әдетте ұлы билеушіні қазаққа телиді, керісінше емес. Осыған қатысты сізге назын айтқандар көп болды ма?
- Қазақтар әлім сақтан қазіргісін сараптап, болашағын болжау үшін өткенге өңілуді жақсы көретін халық. Бұл жерде дереккөзге мән бермесек болмайды. Ежелден бізде жазба мәдениеті қалыптаспаған, сондықтан да ауыз әдебиетінің маңызы өте зор. Қазақтың тарихын, болмысын асыра көрсетіп, өзін ұлы оқиғалармен байланыстыратын әдеті бар. Бәлкім сондықтан болар, біз үшін ұлы императордың ұрпағы ретінде сезіну жағымды болатыны. Жалпы Қазақстан тарихын зерттеу ғылымында өткеніміздің кейбір тұстарын түрлендіріп жіберу тенденциясы байқалады. Бұл - өте жаман. Мен де Шыңғысханның ұрпағымыз деген сөзді жиі естимін, бірақ бұл – қате ой. 11-12 ғасырларда қазақ, қырғыз, орыс деген ұлттар қалыптаспаған болатын. Тайпалық көшпенді қауымдар болды. Сондықтан Шыңғыс ханның қазақ болуы мүмкін емес.
- Сіз соңғы әдеби шығармаңызда Ана тілі феномені туралы жиі сөз қозғайсыз. Өзіңіздің Ана тілмен қарым-қатынасыңыз қандай?
- Моңғолдар түркілерді жаулап алғанда әйелдерін күңдікке айналдырып, гарем жасаған. Олар әкесіз бала туған, сол кезде «Ана тілін» ұмытпа деп айтады екен. Әке емес, Ана тілі. Бұл – біздің идентификациялық кодымыз. Ана тілімді дұрыс білмейді деп айтқыңыз келіп тұрса, онда ол да өтірік болмайды. Кеңес үкіметінде №12 жалғыз қазақ тіліндегі мектеп болды, оның өзі қойшылардың балаларына арналған. Бізге тек орыс тілін үйретті, біз ассимиляцияға ұшырады. Біз қазақ тілін жоғалтып жатсақ та, қазақи рухымызды жоғалтпадық.
- Сіз үнемі жастардың ортасында жүресіз, жоғары оқу орындарында сабақ бересіз? Олар сізді қуанта ма әлде көңіліңізге қаяу түсіре ме?
- Жастық деген сондай болады ғой, ақылы кейін кіреді. Бірақ олар міндетті түрде өздерін көрсетеді. Қазір жинаған потенциалдарын көрсету маңызды. Құр отырғандар көштен қалады. Қазір сабақ беріп жүрген жоқпын.
Бірақ кезінде студенттерге арналған драматургия бойынша дәрістер курсы мен сценарий жазу шеберлігі туралы екі оқу құралын ("Творческая мастерская или Диалоги об авторских замыслах», «Творческая мастерская или Диалоги о сценариях» - ред.) жазып шықтым. Өкінішке орай, бұл екі кітабым да біздің өнер университеттерінен қолдау таппады. Есесіне Еуропадағы ірі баспадан ұсыныс түсіп, қазір кітаптарым Amazon-да сатылып жатыр. Алайда бағасы қымбат – 50 евродан астам. Бұл біздің студенттер үшін қолжетімсіз, енді жастар қазақшаға аударыңыз деп бұйымтайларын айтып жатыр. Бірақ оған менің қаражатым жоқ.
- Қазақстанда үлкен тарихи романның жарық көруі неге байқаусыз қалады? Оның жанында бейнебаян, отандық комедиялардың жарық көруі үлкен шу тудырады?
- Мынау нәрсені ажыратып алу керек: Өнер мен нағыз әдебиетті және масс-медианы яғни ойын-сауық контентін. Телетоптамалар да масс-медиаға жатады. Мұндай контент тұтынушының көңіл-күйін көтеруге арналған. Ал шынайы өнер қайғыға ортақтасуды, жанашырлық танытуды үйретеді, яғни рухани еңбек етуіңді талап етеді. Бірақ көп адам еңбектене алмайды немесе қаламайды. Одан да теледидардың алдында таңнан кешке дейін уақыт өткізгенді қалайды. Біздің үлкен проблемамыз да осы. Уақытын думандатып, тойлатып өткізу. Ал қазақтар, өкінішке орай, тойды өте қатты жақсы көреді. Бұл – жақсы қасиет емес. Біздің халық әлі бірдеңені күтумен өмір сүреді. Бұл ой көшпенді елдің мыңдаған жылдар тарихында қалыптасып қалған. Бірақ бәріне адам өзі жауапты дегім келеді. Өйткені заманынан қалып қойған. Тапқан баласын асырай алмаса, адам өзі кінәлі. «Мен бала таптым, бақтым» дегенді жиі естимін, бірақ мәселе табуда емес, мәселе оған заманына сай тәрбие беруде ғой.
- Қазір немен айналысып жүрсіз? Бір романды жазып шығуға қанша уақыт дайындаласыз? Қаламгер болу – дарын ба әлде еңбек пе?
- Бір кітапты жазып шығуға жылдар кетеді. Менің негізгі кәсібім – кинодраматургия. Көркем фильмдерге сценарий жазамын. Бірақ кейде прозада да қалам тербейтінім бар. Алғашқы кітабым – «Періште» повесі. Ол жақсы сұранысқа ие болды, оқырмандар жылы қабылдады. Тіпті желісі бойынша телесериал түсірілді. Екінші кітабым – «Жошы – күтпеген қонақ» романы. Кітап қазір сатылымда жоқ, тез таралып кетті. Қазір «Бату-хан» атты кітабымды жазып жатырмын. Бұл екі романды «Алтын орда жауынгерлері» («Воины Золотой Орды» - ред.) деген ортақ атаумен біріктірмекпін. Қазір баспагер мен аудармашыны іздеп жатырмын. Кітабымның қазақ тілінде жарық көруі мен үшін маңызды.
- Өнер адамны жиі ең танымал әні немесе ролімен байланыстырады. Сіз актерден гөрі жазушы-драматургсіз. Дегенмен, сізді бәрі бірінші кезекте Қожамен байланыстырады. Бұған ренжисіз ба әлде қуанасыз ба?
- Көшеде танып жатады, бірақ бұл менің титығыма тиеді. Қартайып бара жатқан шығармын. Ешқашан актер болуды армандаған емеспін. Мен қазір сүйікті ісіммен айналысып жатырмын. Кино мен әдебиет үшін жазамын.
- Жуырда Нұрлан Қоянбаевтың фильмі отандық кинопрокатта абсолютті рекорд орнатты. Өзіңіз киноға барасыз ба?
- Оларды Қоянбаев пен «Абамбайчиктер» деп атаймын. Олар өнер жасап жатқан жоқ, ойын-сауық контентін дайындап жатыр. Бүгін көресіз, күлесіз, бір сағаттан кейін фильмнің не туралы болғанын ұмытып қаласыз. Олардың мақсаты – жылдам ақша табу. Ал өнер адамзат үшін ғасырлар бойы сақталады. Біз ақшаның қамы үшін еңбектеніп жатқан жоқпыз. Бұл еңбектің ақысы – теңге емес, халықтың ілтипаты, махаббаты. Бұл – мәңгілік капитал.
- Ал өзіңіздің материалдық жағдайыңыз көңіл көншіте ме?
- Лондонда маған зал үлкен қошемет көрсетті, бір кісі «сіз миллионер шығарсыз» деп сұрады. Мен күлдім. Бірақ мен шын мәнісінде миллионермін. Мені халқым әлі таниды, қолтаңбамды сұрап жатады. Менің өнерім халқыма керек деген сөз.
- Жалпы киноны шоумендер де, актерлер де түсіріп жатыр, бұл үрдіске қалай қарайсыз?
- 90-ншы жылдары түрлі-түсті металды ерінбегеннің барлығы сатты. Тіпті композиторларға дейін. Солардың қайсысы Еңбек сіңірген металлург атанды?! Жақсы өнімді тек сол істің маманы жасай алады.
- Кейде қазақтар кино түсіре алмайды деген ой келеді. Бірақ кеңестік замандағы киноны еске түсіресің де бұған басқа себеп бар шығар деп пайымдайсың. Қазір ақша да бар, бостандық та бар, бірақ жақсы кино жоқ. Жақсы киноға не жетіспейді?
- Барлық өнердің бастауында автор таланты тұрады, әрине. Ал талантты өсіретін халқыңа деген махаббат пен ар-намыс, ұятың. Нағыз суретші нашар өнім үшін ақша алуға ұялады. Мәселен, жас қыздар (аты-жөндерің атағым келмейді) не үшін шешініп, суреттерін жариялайды? Жалаңаштанғанда не болады? Себебі оларға атақ керек және жақсы атақ та емес. Ақша төлегенін қалайды. Ал жақсы өнім ойын-сауыққа деген сұранысқа қарамастан жарық көреді. Суретшінің пайымы, зердесі қарапайым адамға қарағанда ерекше болады. Бірақ мәселе ұлтта емес, мәселе – өнер мен ойын-сауыққа деген көзқараста. Егер сіз Тұрсынбек Қабатовты жақсы көре тұра, қазақ классикалық музыкасын жақсы көрмесеңіз, онда барлығы түсінікті. Сіз – колхозниксіз. Ал қалғаны - мемлекеттің "мойнында".
- Қазір дарындысы да, дарынсызы да сынға назар аудармайды. Бәлкім осы қасиет сіздің замандастарыңызға да қажет шығар?
- Келспеймін. Қазір сын дейтін кәсіби сын да жоқ. Өкінішті, себебі жақсы сын қажет. Сын суреткер мен көрерменнің деңгейін өсіретін құрал.
- Нұрлан аға, қазақ кинематографиясының ұлы арландарымен таныс болдыңыз, сыйластыңыз, сол кісілер туралы, «Менің атым Қожа» фильміне арнаған уақытыңыз туралы естелік кітап жазу ойыңызда жоқ па? Қайтадан ол ғажайып картинаның атмосферасына сүңгіп шығар едік.
- Ол кітапты кім шығарады? Мен жасқы баспагерімді күтудемін. Қазіргі оқырманға мен көп нәрсе ұсына аламын. Бірақ баспагер кешігіп жатқан сияқты, есігімді қағып келген ешкім жоқ.
- Өмірден үйренген басты сабақтарыңыз? Не үйрендіңіз? Не түйдіңіз? Өмірдің мәнісі неде, жалпы?
- Мен бұл сауалды қазір өзіме қойып жатырмын. Өмір бойы талпынған нәрсе - менің дилогиям (екі романы – ред.). Бала кезімде, «Менің атым Қожа» фильмінің түсірілімі барысында, Нұрғиса Тілендиев «Өзім өлсем, атым өлмес» деген еді. Өмірдің мақсаты міне осы – материалдық мұра емес, жоғары шығармашылық мұра қалдыру. Сондықтан мен үшін – менің үздік кітаптарым мен фильмдерім.