Ашаршылыққа қатысты беймәлім деректер анықталды


Қазақ халқының саны 1911 жылы 8 миллион болды. 1926 жылы ол екі есе күрт қысқарып, 4 миллион болады. Ал 1939 жылы — 2,5 миллион. Міне, бұл ресми статистика — қазақ халқына қынадай тиіп, оны ұлт ретінде жойып, ал жерін өзге этностар лабораториясына айналдыру арам пиғылының көрінісі.




Бұл статистика қазақтың көзін жоюға ақ патша кірісіп, оны қызыл империя ары қарай жалғағанын да дәлелдейді. Осыдан-ақ КСРО-ның жүйесі өзгергенімен, қазаққа деген пиғылы еш өзгермеген, ал жүргізген насихаты шіли жалғандыққа толы.



Ғасыр басындағы қазақ саны туралы ресми деректер болмаған. Тек бертінде, 2010 жылы ғана 1911 жылғы санақта қазақ халқының саны 8 миллион болғанын айғақтайтын ресми дерек табылды. Бұл туралы жазушы Смағұл Елубай хабарлады. Оның айтуынша, профессор Шолошниковтың 1921 жылы Орынборда шыққан кітабы табылыпты. Онда қазақ халқының саны 1911 жылы 8 миллион болды деп көрсетілген. Ал бұған дейін ғалымдар қазақ саны 4,5-5 миллион десіп жүрген еді.


Демек, бұл дерек қазақ жерінде екі ашаршылық болғанын, ақ патша кезінде де қазақ халқы санының баудай қысқарғанын айғақтайды. Енді осы дерекке сүйеніп, демографиялық сызба жасап көрелік.



1911 жылда қазақ саны 8 млн болды десек, онда әр жылдағы санақ мәліметтеріне сүйене келсек, оны 90 жыл өткен соң (!) (сызбаға қараңыз) ғана жаңғырта алған екенбіз. Ал екінші ашаршылық алдындағы көрсеткішімізге 40 жылдан кейін (!), яғни 1969 жылы қол жеткіземіз.


1926 жылдан бастап 1959 жылдар аралығын қамтитын санақты тарихшы, заңгер Жетпіс Талдыбаевтың еңбегінен алдық.


Онда қазақ саны — 1926 жылы 3 млн 713 мың 394, жалпы республика халқының 57,1 пайызын құрайды делінеді.


Ал 1939 жылы 2 млн 327 мың 625 болып, республика халқының 37,8 пайызын құраймыз, ал орыстың үлесі осы кезде жергілікті ұлттан 2 пайызға асып түседі.


Ашаршылықты ушықтырған күштеп ұжымдастыру салдарынан қазақтың қолындағы малының алынып қойылуы еді.



Егер 1929 жылы қазақтың қолында 40 млн мал басы болса, 1933 жылда одан қалғаны — 4,5 млн, яғни небәрі төрт жыл ішінде мал саны 10 есеге (!) азаяды. Әр отбасы үйде кем дегенде 40-тан аса мал басын ұстаса, аштықтан соң әр үйден екі-ақ бас кездестіруге болған.


Азаматтық соғыс кезінде қылышын жалаңдатқан қызылдардың да, ақтардың да алдындағы малын, барын тартып алып, қазақты басынғаны жайлы тарихи деректер толық ашылмаған.


Ашаршылықтан кейін де қазақтың басынан қара бұлт сейілген емес. ІІ-дүниежүзілік соғысты айтпағанның өзінде оның алды мен артындағы «ұлтшылдар», «тап жаулары», «әлеуметтік қауіпті элемент» ретінде қазақтар саяси-қуған сүргінге ұшырап отырған.


1920 жылдан басталған саяси қуғын-сүргін 1950 жылдарға, яғни Сталин көз жұмғанға дейін бір сәтке дамыл таппаған. Шамамен 200 мың қазақ саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген делінеді тарихи деректерде.



Ашаршылық кезеңін зерттеген Мәмбет Қойгелдиев, Талас Омарбеков, Манаш Қозыбаев, Қайдар Алдажұманов, Жұлдызбек Әбілғожин сынды ғалымдардың қай-қайсысының еңбегін алып қарастырсаңыз, «ашаршылық кезеңі әлі толық бағасын алмады», деп қадап көрсетіледі.


Қазір қол жеткізіп отырғанымыз 1911 жылғы дерек, ал оған дейінгі демографиялық көрсеткіштер неге беймәлім, ол деректерді ашу неге қиынға түсуде? Біз бұған тарихшылар болашақта жауап береді деп сенеміз.


Кәмшат Сәтиева


Abai.kz

Другие новости