Біз Орталық Азияның жаңа келбетін қалыптастырып жатырмыз – Қасым-Жомарт Тоқаев


Қазақстан Президенті Қатар Мемлекетінің Консультативтік Кеңесі мүшелерінің алдында сөз сөйлеп, қазіргі жаһандық және өңірлік күн тәртібіне қатысты Қазақстанның ұстанымын білдірді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі, деп хабарлайды Kazinform.

Президент Қатарға алғашқы мемлекеттік сапары кезінде қонақжайлық көрсеткені үшін Әмір Тәмим бен Хамад Әл Тәниге алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев – Консультативтік Кеңестің алдында сөз сөйлеген алғашқы шетел президенті. Мемлекет басшысы Қатардың 2021 жылы заң шығарушы органға алғаш сайлау өткізгенін атап өтіп, бұл шешімнің маңызы зор екеніне назар аударды. Оның айтуынша, аталған бастама Қатардың өркендеуіне ықпал етіп, халықаралық беделін нығайтады. 

Бүгінде Қатар – озық және қарқынды дамып келе жатқан экономикасымен, сондай-ақ белсенді әрі бейбіт сыртқы саясатымен танымал. Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің басшылығымен сіздердің еліңіз үлкен жетістіктерге жетті. Қатар өзінің қуатты экономикасын және өркендеген қоғамын мақтан тұтуына болады. Біз бұл мемлекеттің «Қатар – 2030» ұлттық бағдарламасын жоғары бағалаймыз. Мен қатарлық достарымызға осы игі миссияны жүзеге асыру жолында сәттілік тілеймін. Осыған байланысты Консультативтік Кеңес ауқымды реформаларға аса маңызды заңнамалық қолдау көрсетеді және негізгі ішкі процестерді қадағалап отырады, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сот төрелігі, заң үстемдігі, теңдік және жауапкершілік қағидаттарына негізделген «Әділетті Қазақстанды» құру жөнінде айтты. 2022 жылы еліміздің саяси жүйесін кең көлемде жаңғырту үдерісі басталды.

Қазақстан барынша инклюзивті саяси жүйе мен экономика құрып жатыр. Біз есеп беру және реформа жүргізу қағидаттарын ұстанамыз әрі өткенімізге шынайы көзқараспен қараймыз. Өз дамуымызды мақтан тұтамыз және болашаққа батыл қадам басамыз. Сондай-ақ адам құқықтарын сақтауға бейілдіміз. Гендерлік теңдікті сақтау, еңбекті қорғау сияқты бірқатар бастаманы жүзеге асырып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Қатар берік достық байланыстарға, ортақ құндылықтарға және өзара қолдауға негізделген сенімді серіктестік қатынастарды құптайды.

Другие новости