​Күлтөбе қалашығы жайлы не білеміз?


«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бағыт сілтеп отырған саланың бірі – бұл археология. Халықтың рухани мәдениетін қалыптастыру үшін материалдық мәдениеттің орны ерекше.




Бұл халықтың санасына жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруге негіз болмақ. Қазір елдің шығысынан бастап батысына дейін, көне қалалар көміліп жатқан оңтүстігіне дейін қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шығыста Берел мен Шілікті, Тарбағатай жеріндегі көне обалар мен қорымдар қазылып жатса, оңтүстікте көне қалашықтардың орны аршылуда.


– Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған, – дейді Елбасы мақаласында.


Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру маңызы зор.


Аталмыш ескерткіштердің арасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі киелі түрік жұртын біріктірген Түркістанның төрінде орналасқан қасиетті орын. Осы кесененің күнбатыс жағында қазылып жатқан көне қаланың орны бар. Киелі кесенеге ат бұрған жұрт күнбатыс жағында аспан астында жатқан көне қаланың орнын көріп, сұрақ туындауы мүмкін.


Бұл – Күлтөбе қалашығы. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Түркістан қаласындағы ортағасырдағы тарихи-мәдени мұра нысандардың тарихи келбетін қалпына келтіру мен оларды танымал туристік орталыққа айналдыруды көздеп отыр. Осыған орай биыл 17 қаңтардан бастап Күлтөбе қалашығын аршу жұмыстары басталған еді.


Сонау ғұн заманында салынған қалашықтан көне темір дәуірінен қалған ошақ, ыдыс-аяқ, керамика, қыш сынды құнды жәдігерлерді көруге болады. Күлтөбе үстінде әлі қазба жұмыстары жүргізіліп жатса да, көргісі келген туристтер жол ашық. Бұл, әсіресе, балшық қаланың құрылысын көруге құмартқан шетелдіктер үшін таптырмас орын.


– Әдетте, қазба жұмыс жүргіп жатқан жерге жай адамды кіргізе қоймайды. Аспан астында жатқан, көз алдымызда тұрған мұндай көне қаланың ішіне кіріп, түбіне түсіп көрген қандай тамаша! – дейді Ресейден туристтердің бірі Галина Яковлева.


Қалашық болғанда да, бұрын бұл үлкен бекініс болған. Бірақ 2 мың жыл бойы топырақ пен құм астында жатқан Күлтөбе қалашығы уақыт ағынының қойнауына еніп, құрып кетудің де аз алдында қалған.


Археологтардың айтуынша, ғұн дәуірінен ары сармақ дәуірінің де көп жәдігерлері табылып жатыр. Соған қарағанда бұл қалашық біздің заманымыздың 1-2 ғасырларында салынған бекітіс болуы мүмкін. Қалашық әлі аршылып біткен жоқ. Қазба жұмыстары аяқталғаннан соң, үсті үлке күмбезбен жабылып, аспан астындағы мұражайға айналмақ.

Другие новости