Миллионер ауыл: Таушелек (Саты) ауылы  туралы не білесіз?


Көлсай мен Қайыңдыға бет алған кез келген жолаушының не туристің жол бойындағы Саты ауылына тоқтайтыны анық. Себебі, ауыл дәл осы қос туристік аймақтың ортасында, тоғыз жолдың торабы болып жатыр.


Аталған ауылдың мақтанып айтатын жетістігі де, мәселесі де бар. Бұл туралы арнайы зерттеу жұмыс жасап қайтқан Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы баяндайды.



Ауылдың аты шынымен Саты ма?


Google іздеу батырмасына «Саты ауылы» деп іздесеңіз, толық ақпарат ала алмайсыз. Тек ауылдың халық саны және аудан орталығы Кеген екені туралы ғана ақпарат аласыз.


Ауылда мың жарымға жуық халық тұрады. Кіре салған кезде «Саты» деген жазуға көзіңіз түседі. Алайда, жергілікті халық туып-өскен жерлерін бұлай атай қомайды. Себебі, ауылдың атауы – Таушелек.


Ауылға кірген бетте оң жақ бетте қос киіз үй тігілген. Туристерді қабылдайтын осы үйдің иесі Ербол мырзамен және ауыл тұрғыны Бауыржанмен сөйалесудің мүмкіндігі туды.



Ауылдың аты неге «Саты» деп аталған?


Ауылдың аты «Саты» болып кетті демесек, жергілікті тұрғындар үшін Таушелек. Таушелек деген атаудың өз жөні бар. Мынау іргеде ағып жатқан Шелек өзені, ал ар жағында Іле Алтауының сілемі. Осыдан кейін халық бұл жерді Таушелек деп атаған.


Саты деген атау қайдан шықты?


Бұл туралы нақты ақпарат жоқ. Тегінде бұл жерде қалмақтардың ордасы болған. Содан қалған атау болса керек. Кейін бәрі «Саты» деп жүріп, ақыры ресми түрде бекітіліп кетті. Тур агенттіктердің гид жасайтын, жол сілтейтін мамандары кейде өтірік қосып жібереді. Мәселен, «Саты» деген сөз ауылға жолдың саты секілді төменге қарай түсіп келуі деп айтады екен. Одан қалса рудың атымен байланыстырып жатады. Мұның бәрі өтірік.


Тағы бір мәселе, жолда «Жалаңаш» деген ауылдан өттіңіздер. Бұл жердің де атауы бұлай аталмауы керек еді. Шын аты – Жалағаш. Орыстар тілдері келмей «Жалаңаш» деп атап кеткен.


Ауылдағы туризм туралы айтып берсеңіз?

Алматы облысындағы «миллионер ауыл» деп айтып жатады. Сөздің жаны бар. Таушелек Қайыңды мен Көлсайға баратын жолдағы негізгі орталық. 2015 жылдан бастап жергілікті халық туристердің жиі келетінін түсінді. Әсіресе, шетелден көп келеді. Оларға жатын орын, тамақ, көлік, қыдыратын ат керек болды. Осыны жақсы түсініп, шағын кәсіп дөңгелетуге ауыл жаппай кірісті.


Қазір ауылға жаңадан қонақ үйлер салынып жатыр. Сырттан келіп кәсіп бастап жатқандар да бар. Оларға «кет» демейміз, бәріне жеткілікті. Негізінен ауылда қызу жұмыс наурыз айынан бастап күзге дейін жалғасады. Кейде қысы-жазы жұмыс жасаймыз.



Туристерді қалай қабылдайсыздар?


Алғашында келіп-кетіп жүргендер сұрастырып, үйді-үйге қонып жүрді. Ақысын төледі. Кейін түрлі тур фирмалар қосылып, арнайы бізбен келісіп алып келетін болды. Жолда қарасаңыз, әр үйдің қоршауында «қонақ үй» дегенді оқисыздар.


Әр үйде 10-15 адамға арналған жатын орын, күніне 2-3 уақыт тамағы беріледі.


Жергілікті халық үшке бөлінген: әйелдер жағы туристерді күтіп алу және тамақтандыру жұмысымен айналысады. Ал ерлер көліктерін сайлап, Қайыңдыға күніне 5-6 рет барып келеді. Есейген балалар болса ата-анаға қолғабыс болып, жылқыларды жалға беруге Қайыңды мен Көлсай жаққа қарай әкетеді. Бос жүрген ешкім жоқ. Бәрінің жұмысы бар.



Отандық туризмді дамытып жіберуге, ауылға жақсы жағдай жасауға не кедергі?


Шынымызды айтсақ, бәріміздің үй салып (қонақ үйді меңзеп отыр), айналасын абаттандырғымыз келеді. Алайда, тікелей көмек жоқ. Ал, несие алайық десек, қалада үйіміз болуы керек екен. Ауылдағы үйіміз бұл шартқа кірмейді. Әйтпесе, ауылдағы адамдардың ай сайын несиені өтеп отыруға шамасы жететін еді.



Тың ақпарат: Верный (Алматы) салынып жатқан кезде пайдаға асырған ағаштардың бәрі дерлік осы ауылдан оталып алынған.


Ауылдың шетінде Қазақстанның қаласы болған деген ақпарат бар. Рас па?


Иә, шетте қорымдары, іздері жатыр. Бұл сол кезде Қазақстанның жетінші қаласы болған дейді. Бұл туралы қорғалған еңбектер көп.


Орта есеппен әр үйдегі табыс қандай?


Нақты ешкім айта алмайды. Дегенмен, ауыл өте бай. Бәрі 100 % жұмыспен қамтылған. Мереке күндері бір үйдің табысы 1-1,5 миллион теңгеге дейін барады. Ауылда 60-70 тауға шығатын арнайы көліктер бар. Ауылда оқушылар мектеп киімдерін жазда осында жұмыс істеп тауып алады.


Өткенде келіп, түскі сағат 13:30 кезінде ашық тұрған бірде-бір дүкен таба алмадық. Сұрасақ «түсік ас ішіп отырмыз» дейді. Неге?


Тоқшылық. Түскі астың уақыты сағат 15:00-ге дейін жалғасып жатады.



Тың ақпарат: Тоған бар. Сол тоғанды «Қалмақ шығарған» деп атайды. Бірде-бір техника жасай алмаған сол тоғанды кезінде сонау төмен жақтан алып келген. Сызғышпен өлшесең, түп-түзу орналасқан.


Ауылда қандай мәселе бар?


Ауылда көтеретін 3 мәселе бар. Біріншіден, электр энергиясы. Ай сайын ақшасын төлейміз, бірақ мардымды ток көзін ала алмаймыз. Жетпейді. Толық пайдаланайық десек, бүкіл ауылда жарық өшіп қалуы мүмкін. Екіншіден, интернет. Ауылда тек beeline операторы демесеңіз, мүлде интернет жоқ. Туризмді дамытамыз дейміз, ал интернеттің бұл жағынан өте қажетті екенін біле тұра, ешқандай көмек жасалған емес. Үшіншіден, дәрігер. Ауылда мед орталық бар, бірақ дәрігер жоқ.


Туристер аурып қалған жағдайда аудан орталығына не Жалағашқа баруға тура келеді.


Жергілікті халықты алаңдатып отырған не мәселе?


Мына салынып жатқан жол, біткені бар, ойландырып отыр. Мұндай жолды тек туризм үшін жасады деуге келмейді. Себебі, асфальттардың өзі үш қабатты. Ауыр зат таситын жүк көліктеріне арналған секілді. Оған не себеп десеңіз, бізде уран мен алтын бар. Бәлкім, сол үшін арнайы жасалған болар. Бұл тек болжам.




Алып қосарларыңыз бар ма?


Іште кетпесін айтайық, осы бізге келетін туристердің ішінде, қазақ десең өзі тиеді, мәдениеттен жұрдайы өзіміз. Шеттен келгендердің артық әңгімесі жоқ. Ал біздің қазақ келіп ерегеседі одан қалса, бағасына сонша әңгіме айтып, өздерін жаман жағынан көрсетуге тырысады. Бәлкім, туризмді дамыту үшін де, алдымен мәдениетті көтеріп алған дұрыс шығар.


Сұқбаттарыңызға рақмет!

Другие новости