Әкімдердің жұмысы жаңа тәсілмен бағаланады

Енді әкімдердің жұмысы нақты индикатор бойынша бағаланады. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлімдеді, - деп хабарлайды ZTB News

Үкімет басшысы мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру арқылы елімізде өмір сүру сапасын жақсарту жөнінде кеңес өткізді. Бектенов тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту критерийі бойынша әкімдердің нақты жұмысына KPI енгізуді тапсырды.

Ол үшін «Отбасының цифрлық картасы» платформасы негізінде бес санат бойынша барлық қазақстандық отбасының әл-ауқатына тұрақты мониторинг пен талдау жүргізілетін болады. Санаттар, мысалы, шұғыл мен дағдарыс деңгейінен қанағаттанарлық және бақуатты деңгейге дейін болады. Әр отбасының қанағаттанарлықсыз санатынан жағдайы жақсарып не керісінше өзгерсе болды, осы көрсеткішке байланысты жергілікті атқарушы органдардың жұмысы бағаланады. Әкімдерге бұл құралды негізгі нұсқаулық ретінде пайдалану тапсырылды. 

Үкімет басшысы өңір әкімдеріне орталық мемлекеттік органдармен бірлесіп әр отбасымен жеке жұмыс жүргізуді тапсырды. 

Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – еліміздегі өмір сапасын жақсарту. Тетік бар, мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істейді, мемлекет қажетті қаражатты бөледі. Біз әкімдердің адамдардың әл-ауқатын жақсартуға қосқан үлесін нақты бағалау критерийіне көшеміз. Индикаторлардың орындалу мониторингі тұрақты болады. Біз онлайн режимінде динамиканы көріп, қорытынды жасаймыз, — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Сонымен бірге, кеңесте «Әлеуметтік әмиян» жобасы қаралды. Бүгінгі таңда Әлеуметтік әмиян арқылы тұрғындарға пилоттық режимде мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтану, дәрі-дәрмек ұсынылады. 

Сондай-ақ білім беру қызметтерін көрсету сапасын арттыруға бағытталған «Мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру» жобасы таныстырылды. Оқу-ағарту министрлігіне Тараз және Шымкент қалаларында ваучерлік қаржыландыру бойынша пилоттық жобаны аяқтау және оны 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап бүкіл ел бойынша таратуды қамтамасыз ету тапсырылды. 

Другие новости