Рухани жаңғыру: Мақсат пен міндет айқындалды


Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы қазақстандықтарға 2017 жылдың 17 сәуірінде ұсынылған еді. Жалпы бағдарлама кіріспе мен қорытындыдан бөлек 2 бөлімнен құралған. Біріншісі, Елбасының „ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы” ойлары болса, екіншісі «Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталады.


Елбасының айтуы бойынша, Қазақстан жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан. Бүгінгі күнде еліміздің үшінші жаңғыруы да басталып кеткен, ол саяси реформа мен экономикалық жаңғыру. Қазақстанның қазіргі таңдағы мақсатының әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу екені бүгінге дейін де айтылып келді. Рухани жаңғыру бүгін ғана басталған жоқ. Оған 2004 жылғы „Мәдени мұра” бағдарламасы мен 2013 жылғы "Халық – тарих толқынында" бағдарламасы аясында жаңғырған тарихи ескерткіштер мен әлемдегі беделді архивтерден жиналған өз тарихымызға байланысты материалдарды жатқызсақ болады. Елбасы Назарбаев бағдарламаның алғашқы бөлімін 6 тарауға бөліп, нақты мәлімет беріп, жеке-жеке қарастырған. Олай болса Елбасының осы бағдарламасына шолу жасасақ.


Әлем күн өткен сайын өзгеру үстінде. Егер біз санамыздағы пайдасыз қағидалар мен қажетсіз ақпараттардан дер кезінде арылмасақ, әлемдегі алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде өмір сүре алмауымыз әбден мүмкін. Сол себептен де бізге, қазақ ұлтына өзгеру керек. Өзгеру үшін өзімізді қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жеке қабілеттерімізді дамытсақ, мемлекетіміздің мерейінің үстем болатыны анық. Рухани жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау. Бағдарламада келтірілген әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бағыттары: бәсекеге қабілет; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білімнің салтанат құруы; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы.


Бәсекеге қабілет тарауында Елбасы ұлттың кез келген жерде басқалардан ұтымды дүние ұсына алуы мен оның материал ғана емес білім, қызмет, еңбек ресурстары да болуы мүмкіндігін айтып өтті. Келешекте әрбір ұлттың табысты әрі бақуатты болуы мемлекеттің табиғи байлығымен емес, ұлт адамдарының бәсекеге қабілеттілігімен өлшенеді. Сол себепті әрбір қазақстандық шет тілін еркін меңгеруі, компьютер құрылғыларын дұрыс қолдана алуы қажет. Осы ойдың жетегінде Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» бағдарламаларын ұсынғаны белгілі болды.


Прагматизм тарауында ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны дұрыстап, үнемдеп пайдалану, ысырапшылдаққа жол бермей, болашақты нақты жоспарлай алу мен реализм мен прагматизмнің алдағы уақытта ұран ретінде қолданылатыны айтылды. Жалпы прагматизмге ғана емес адамның мінез-құлығындағы прагматизмге де нақты анықтама берілді. Бұл тарауда білім алу, салауатты өмір салтын ұстану, кәсіби тұрғыдан жетілуге үндейді.


Келесі бөлімінде ұлттық рухымыздың бойымызда мәңгі сақталуы туралы сөз болады. Елбасы салт-дәтүріміз бен тілімізді, дініміз бен ділімізді, музыкамыз бен мәдениетімізді бойға сіңіріп, келер ұрпаққа ұлттық бірегейлігімізді сақтау арқылы үлгі болуымыз керектігін де айтты. Ол отандастарымыздың екі ережені түсінгенін қалайтынын да ескертті. Олар: біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтыны, ал екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту.


Білімнің салтанат құруы. "Білімдіге дүние жарық" мақалын ұраны еткен Елбасы әрбір адамның сапалы білім алуы мен осы білімнің арқасында бәсекеге қабілетті болуын қалайды. Мамандықтардың жойылу қаупі басым қоғамда өмір сүріп жатқанымызды тілге тиек ете отырып, жастарға әмбебап маман болу мен өз ісінің шебері болуын талап етеді. Табысты болудың басты факторының білімді болу екендегін ескерсек, бағдарламадағы тұтастай бір тараудың білімге бекер арналмағандығын түсінуге болады. Осы тұрғыда Елбасы ұсынып, біршама қазақстандықтың пайдасына жараған „Болашақ” бағдарламасын да айтуымыз заңдылық.

Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы. Тарихтан білетіндей мемлекетіміз ХХ ғасырда болған бірнеше революциялық оқиғалардың арқасында нығайып, дамудың орнына әртүрлі қиындықтарға ұшырады. Тіліміз бен мәдениетіміз шұбарланып, рухани кедейленуге душар болдық. Сонымен қатар бұл жылдары ұлттық емес, аумақтық жаңғыру орын алып, индустрияландыру жүзеге асты. Ал қазіргі таңда мемлекетімізге революциялық емес, эволюциялық дамудың қажеттілігі сезіледі. Себебі революцияның ұлтқа тигізген пайдасынан зияны ұшан теңіз болды.


Сананың ашықтығы тарауында ұлт перзенттерінің әрбірі ағылшын тілін меңгеруімен басқалардан ерекшеленіп, білімді болса және әлемдегі кез келген оқиғаға бір мемлекеттің қарапайым тұрғыны ретінде емес, саналы азамат ретінде баға беріп, өздерінің шынымен бәсекеге қабілеттілігін танытса мемлекет міндетті түрде дамиды. Ағылшын тілін меңгерген адам күллі әлемде не болып жатқанынан хабардар болады. Сонымен қатар жаңа технологиялар заманына да дайын болып, өзгелердег тәжірибе алып, жетістіктерді бойға сіңіре алуымен ерекшеленеді.


Елбасы «Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде мемлекетімізге пайдасын тигізетін алдағы жылдары мықтап қолға алынуы қажет бірнеше жобалар туралы сөз қозғайды. Олардың бірінішісі, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау. Себебі де белгілі. Ол бүгінгі технологиялық қоғам мен коммуникацияның талап етіп отырғаны – осы. Жастардың мектеп табалдырығынан ағылшын тілін үйренетінін ескерсек, латын әліпбиіне көшудің аса қиындық туғызбайтыны анық. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында мемлекеттегі барлық сала 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуі тиіс екендігін мәлімдеді. Оған дейін кириллицаны қолдануға рұқсат берілген. Қаншама жыл өмір сүрген қазақ елі бүгінгі күнге дейін бірнеше әліпбиді қолданды. Латыншаға көшу де терең логикаға сүйеніп ұсынылған жоба іспетті. Екінші жоба – «100 жаңа оқулық». Бұл жоба бойынша шетелдік гуманитарлық және қоғамдық ғылымдардағы үздік деген 100 кітап қазақшаға аударылады. Бұл жобаның мәні – гуманитарлық саладағы студенттерге шетелдік теория мен практиканы ана тілдерінде түсіндіріп, білімді мамандарды қалыптастыру. Сонда Қазақстанның болашағының негізі аудиторияларда қаланады. Жаңа бағдарлама арқылы студенттерге сапалы білім беруге қол жеткіземіз, сонымен қатар әлемдік бәсекеге шынайы қабілетті жас мамандарды даярлау мүмкіндігіне ие боламыз. Елбасы „Туған жер” бағдарламасын да ұсынды. Бұл бағдарлама – жалпы ұлттық патриотизмнің ең озық үлгісі. Жаңа бағдарлама бойынша қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, музейлер мен галереялар қорын көбейтуге бар назарды аударған жөн. Жалпы мақсат – ұлттың әрбір перзентіне патриотизмнің не екенін түсіндіру мен адамды туған жеріне пайдасын тигізуге шақыру. Ал туған жерге деген сүйіспеншілік пен махаббат Қазақстанға, ұлтқа деген патриоттық сезімге жалғасады. Елбасының айтуынша, «Туған жер» бағдарламасынан бөлек «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобаның да ұлт перзенттері үшін пайдасы зор. Бұл бағдарлама негізінде Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі, Бекет ата тарихи-мәдени кешендерін ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыру көзделеді. Киелі мекендерге бай Қазақстанның тұрғындары ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі – киелі жерлердің географиясы екенін толықтай білуі тиіс. Жоба бойынша бірнеше мәселе қамтылады. Олар: қазақстандықтар үшін оқу-ағарту дайындықтарының жүруі, БАҚ-тың ақпараттық жобалармен жүйелі түрде айналысуы және ішкі, сыртқы туризмнің осы қастерлі мұраларға сүйенуі. Сонымен қатар Назарбаев бұл бағдарламада „Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасын іске асыруға тиістігімізді айтады. Елбасының ойынша күллі әлем бізді мұнаймен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек. Бұл жоба бойынша отандық мәдениет пен мәдени қазыналарымызды әлемге таныстыру барысында жаңа тәсіл ойлап табу мен мәдени өнімдерімізді кітап түрінде емес, мультимедиялық бағытта ұсыну қарастырылады. Бұл жұмыста Мәдениет және спорт министрлігі мен ақын-жазушылардың атқаратын рөлі мен тигізетін пайдасы зор. Ұлттық мәдениетіміздегі ерекшелерін іріктеп алғаннан кейін оларды шет елдерде таныстыру жұмыстары жүзеге асырылады. Осылайша мәдениетіміз шет мемлекеттердің тілінде де сөйлеуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар бұл бағдарламада Елбасы ұсынған соңғы жоба – «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы. Бұл жобаның негізгі мақсаттары – ақылымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан қарапайым адамдарды қазақ қоғамына таныту мен оларға ақпараттық қолдау көрсету арқылы таныту. Жастар шет мемлекеттің азаматтарынан емес, отандастарымыздан үлгі алуға тиіс. Біздің мемлекетте де еліне пайдасын тигізіп жатқан, үлгі болуға лайықты адамдар жоқ емес. Ал олар осы жоба арқасында мемлекет алдындағы маңызын түсінуімен қатар ұлты үшін жасаған істерінің нәтижесін алады.


Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы мемлекетіміздің міндеттері мен алға қойған мақсаттарын нақты көрсетіп берді. Біздің міндетіміз мінсіз бағдарламада айтылған міндеттерді кезек-кезегімен орындау ғана.

Другие новости