Салықтан босату мен қаржы саласындағы мемлекеттік саясат



Қазіргі уақытта елдегі шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 26 пайызын құрайды, ал мемлекет бұл көрсеткішті 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр.



Қазіргі уақытта елдегі шағын және орта бизнес Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің 26 пайызын құрайды, ал мемлекет бұл көрсеткішті 2050 жылға дейін 50 пайызға дейін көтеруді жоспарлап отыр. Франция мен Германияда қазірдің өзінде шағын және орта бизнес жалпы ішкі өнімнің 50-60 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда 1 млн 200 мың шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкер бар. Олар 3 млн адамды жұмыспен қамтып отыр.


Шағын және орта бизнестіңел экономикасын дамытудағы маңызы өте зор. Бұл, әсіресе, нарықтағы бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді. Өйткені нарықты монополия жаулап алған жерде сапалы өнім мен қызмет болмайтыны белгілі. Ал әртүрлі шағын және орта бизнес өкілдері ұсынатын өндірушілік қуат монополизмді шектеп, бәсекелестікті арттырып, тауар мен қызметтің сапасын жақсартып, жұмыс орындарын көбейтеді. Одан бөлек, шағын бизнес ірі кәсіпорындарға қарағанда икемді, нарыққа бейімделгіш келеді. Содан жаңа технологиялардың дамуы, жаңа өндіріс секторларының пайда болуына мұрындық болады.


Шағын және орта бизнестің тағы бір экономикаға және қоғамның әлеуметтік өміріне пайдасы – азаматтарды жұмыспен қамтудағы тиімділігі. Дамыған елдерде шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің саны еңбекке қабілетті халықтың 55-75 пайызына дейінгі көрсеткішті құрайды. Ал Қазақстанда 31 пайызды құрайды. Бұған қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:


- Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады, - дейді қыркүйектегі жолдауында.


Шағын, микро және орта бизнес өкілдері үшін жоғарыдағы жолдаудың маңызы өте зор еді. Былтыр салық органдары кәсіпкерлерге салық амнистиясын жасап, өсімпұлдар мен айыппұлдарды кешірген болатын.


Қаржы вице-министрі Қанат Баеділовтың осы жылы шілдеде хабарлағандай, жылдың басында 1,4 миллион жеке тұлғаның салық бойынша жалпы қарызы 20,9 миллиард теңге болған. Оның ішінде негізгі берешектің көлемі - 14,3 миллиард теңге, ал өсімпұл – 6,6 миллиард теңге. Негізгі қарызды төлеген кәсіпкерлердің өсімпұлы мен айыппұлы кешірілді.


Орта және шағын бизнес өкілдерін қуантқан биылғы тағы бір бастама – ол табыс салығынан үш жылға дейін босату. Мұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйекте өткен жолдауына мәлім етті.


- Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырамын. Заңнамаға енгізілетін тиісті түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек. 2020 жылғы қаңтардан бастап, микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді, - деді жолдауда.


Мұндай мүмкіндіктер берілу, жоғарыда айтқанымызда, елде шағын және орта бизнесті дамыту үшін жасалып отырған жеңілдіктер. Қазіргі уақытта елде 1 млн 200 мыңнан аса адам шағын және микробизнеспен айналысады. Олардың барлығы үш жыл бойы салық төлемейді.


Нарықтық экономикасы дамыған елдерде әрбір азаматтың кәсіпкерлікпен айналысуға құқығы бар. Сондықтан мұндай жеңілдіктерді пайдаланып қалу әркімнің қолындағы нәрсе.



Другие новости