Жастар неге шетелге кеткісі келеді?: "Болашақ" түлегі пікірін айтты


Қазақстандық білім беру жүйесінің кемшілігі қандай? Жастардың шетелде тұрақтап қалуына не себеп? "Болашақ" бағдарламасына түсу жолы мен талаптары туралы Queen Mary университетінің түлегі, қаржыгер, дзюдодан спорт шебері Дарын Мәукенов Baribar.kz сайтына айтып берді.




Шетелде оқыған студент пен қазақстандық студентті бір-бірінен артық немесе кем деп айта алмас едім. Дегенмен шетел студенттерінің ойлау қабілеті мен адамға деген қарым-қатынасы ерекше. Сіз шетелде жүрсеңіз, ұлтыңыз, дініңіз, киім үлгіңіз ешкімді қызықтырмайды. Әр адамға жеке тұлға ретінде қарайды. Араласқанда өзіңнің қандай екеніңді көрсете білсең, соған лайық сыйға ие боласың. Олар әрбір ақпаратты сүзгіден өткізе біледі, яғни сараптап, оның рас-өтірігін тексере алады. Мысалы, біздің мектептерде бір тапсырма берсе, оқушы оны жаттап, мұғалімнің өзіне қайтып айтып береді. Жақсы бағаласа, соған қуанады. Біз бір түнде орындайтын тапсырманы дамыған мемлекеттердің мектебінде бір-екі апта көлемінде зерттеу, сараптау тапсырмасы жүктеледі. Бір сөзбен айтқанда, білім беру жүйесі күрделі. Басты айырмашылық – осы ғана.



Шетелдіктер білім беру жүйесімен ерекшеленеді. Әр адамды жеке тұлға ретінде бағалайды. Менің байқауымша, ол жақта киім, телефон брендімен жарысу атымен жоқ.


"Болашақпен" оқуға түсуге жарты жыл уақытым кетті


Шетелге барып білім алуды бала кезден армандадым. Алматыда бакалаврды бітіргеннен кейін магистрді "Болашақ" бағдарламасымен оқуды жоспарладым. Содан 2013 жылдың көктемінде дайындық басталды. Күзде конкурс болды. Бастапқы екі ай уақытым ағылшын тілінен тест тапсыруға, төрт айдай уақыт басқа секцияларға (құжат рәсімдеу, қосымша тесттер) дайындалумен өтті.


Қатты күш салып дайындалдым деп айта алмаймын. Себебі мектеп кезіндегі білім базам жақсы еді. Ішкі сезімім "Грантқа түсесің" деп демеп тұрды. Алайда конкурс оңай болған жоқ. Білімі мықты балалар өте көп еді. "Болашақ" бағдарламасының сайты арқылы барлық сұраққа жауап алуға болады. Тіпті, орталыққа хабарласудың да қажеті шамалы.



Бағдарламаның талаптары жыл сайын өзгеріп тұрады. Өзгермейтін негізгі талаптарын айта кетейін:


- ағылшын тілін жетік меңгеру;


- қазақ тілінен сауатты болу;


- Конституцияны жатқа білу;


- тарихтан хабардар болу;


- өз мамандығың туралы және Қазақстанға тигізетін пайдаңды нақты жеткізе білу;


- құжаттарды ұқыпты дайындау;


- оқудан тыс жетістіктеріңді көрсету;


- IQ тесттен өту. Бұл аса қиын емес. Сұхбаттасу кезінде ойыңды анық жеткізуің маңызды.



"Болашақ" бағдарламасына бөлінетін грант саны әр жылы әртүрлі. Ол министрліктен бөлінетін қаржыға байланысты. Біз оқуға тапсырған жылы 1000 түлек түскен. Жақында бір мақала оқыдым. Қазір бөлінетін білім грантының саны бұрынғымен салыстырғанда екі есе азайып кетіпті. Меніңше, бәсекелестік төмендеп кеткен сияқты. Бұрын орталықтары Астана мен Алматыда болса, қазір Шымкент, Атырау, Петропавл т.б қалаларға барып түлектерді іздеп жүр екен.


Шетелде оқып келген жастар 100 мың теңгеге жұмыс істегісі келмейді


Шетелдік оқу орнын бітіріп, елге оралған жастар жұмыс таппай жатыр дегенді жиі естіп жүрмін. Жұмыс жоқ емес, бар ғой. 100-150 мың теңгені азырқанып, жұмыссыз жүрген қатарластарымды білемін. "Болашақ" бағдарламасына тапсырғанда елге келгеннен кейін жұмыс істеу туралы арнайы келісімшарт бар. Осы шарт бойынша шетелден алған біліміңді, тәжірибеңді бөлісуің керек. Егер құжатты Астана мен Алматыдан тапсырған болсаң, бес жыл, ауылдық жерден тапсырсаң, екі жыл көлемінде мемлекетке жұмыс істеуің қажет. Ол жерде түрлі талап бар. Келісімшарт бойынша қазір екі жерде жұмыс істеймін. Бастапқы кезде айлығым көп болды деп айта алмаймын. Тәжірибе жинап, алған білімімді бөлісудің арқасында жалақым да өсті. Жұмыс орныма талаптарымды да қоя аламын. Өз салаңды жақсы біліп, мықты маман болсаң, жалақыңды да көтеріп алуға болады. Бәрі бірден керемет болып кетпейді дегім келеді.



Жастардың шетелде тұрақтап қалу себептері


Жыл сайын жастар шетелге барып жұмыс істеуге, оқуға көптеп кетіп жатыр. БАҚ-та жарияланған ақпараттан кейбірінің сол елдерде қалып қоятыны туралы білеміз. Оның себептері жайында айта кетейін.


Біздің елде құқықтық база өте төмен. Ақшасы бар адам сотты жеңіп шығады, ақшасы аз адам кінәлі болады. "Қауіпсіздік, жемқорлық, денсаулық сақтау салаларына үлкен өзгеріс керек" деп 20 жылдан бері айтып жүрміз. Нәтиже жоқ. Ең болмаса, бір салаға қатаң талап қойып, жемқорлықты жөндесек, қаншама өзгеріс өздігінен болар еді. Біздің қоғамға әділет жетпейді. Жастарда үлкен комплекс бар. Елімізде әр мамандық иесі өз орнында отырмайды. Инженердің орнында экономист, министрдің орнында шенеулік жүр. Жастарымыздың шетелде қалып қоюына осындай жағдайлар септігін тигізіп отыр деп ойлаймын.


Ата-анаға кеңес


Бала бастауыш сыныпта кім болатынын шеше алмайды. Жоғары сыныпқа келіп қай салаға баратынын білмесе, ата-ана мен мектептен қате кетіп жатыр деген сөз. Кейбір ата-анаға баласының қай салада оқып жатқаны қызық емес, білім грантын иеленсе болды. Білім балаға құйылып жатқан инвестиция емес пе? Мектеп бітірген соң ҰБТ тапсыра алмай қалдың ба? Tүк етпейді. Оған бола баланы немесе ата-ананы жазғырудың еш қажеті жоқ. Бала қызығушылығы бар мамандығында өзін жақсы сезіне алуы керек. Бір нәрсеге икемі келе ме, баланы қолдап жіберіңіз. Әр саланың өзінің қызығы бар. Әр мамандықты жақсы көрсең, өзінше әдемі. Өз саласында жетістікке жеткен адам ғана қоғамға пайда әкеле алады.


Барлық пәнді ағылшынша оқытуға қарсымын


Таяқтың екі ұшы бар. Біреуінің пайдасы бар, біреуі керсінше әсер етеді. 1-сыныптан үш тұғырлы тілді оқыту дегенге қарсымын. 8-сыныпта химия пәнін әрең түсініп жүрген бала қалай химияны ағылшынша үйренбек? Қазір мұғалімдердің орта жасы 40-50-де. Тіпті, жас мұғалімдердің өзі ағылшын тілін жетік білмейді. Мұғалім білмейтін ортада баланы үйрету өте дұрыс емес. Енді-енді адам болып келе жатқан балаға 3-4 тілді оқы деу – үлкен қате. Себебі әркімнің қабылдау қабілеті әрқалай. Қабілеті болып, қызығып тұрса, ағылшынды оқи берсін. Оған ешкім кедергі жасамайды. Ағылшын тілі тек пән ретінде жүре берсе екен деген ұсыныс айтамын.


Айналамда мотиваторлар өте көп


Балаға ата-анадан үнемі қолдау керек. Анам мені ешқашан шектеген емес. "Оның саған не керегі бар?", "Онда не үшін барасың?" деген тәрізді сұрақтар қоймаған. Батасын беріп, тақымын қысып, әрдайым қолдау білдіретін. Айналамда мотиваторлар өте көп. Туыс екі ағам және бір әпкем "Болашақ" бағдарламасымен Англиядан білім алып келді. Олар да арманымның орындалуына түрткі болды.


Әрбір ер азамат спорттың бір түрімен айналысуы керек деп есептеймін. Дзюдодан мектеп кезінен бастап айналысқанымның арқасында шетелде де осы спорттан 7-8 мәрте жүлделі болдым. Оқуымның аяқталуына 2-3 ай қалғанда дзюдодан қара белбеуді иелендім. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Бір топ отандасым келіп қолдау көрсетті. Біліммен қатар спортты алып жүргеніме еш өкінбеймін. Оқушы кезімдегі жаттықтырушым жеңімпаз болатыныма сенетін. Осы кісілердің сенімінің арқасында өмірде алған қойған мақсатыма жетіп келемін.

Другие новости