Итоги прошедшей недели
Құралай Ошақбаева – алты баланың анасы, аяулы жар, өзінің айтуынша, бақытты әйел. Ол Іnstagram желісінде мыңдаған қазақ әйелінің мұң-сырын айтып, кеңес сұрайтын психологына да айналып кеткен. Бүгінде, өте белсенді блогер. Қолданушылардың арасында Құралай Ханым (Kuralay_hanum) атымен танылып үлгерген ардақты анадан оқырмандарды қызықтыратын сұрақтарға жауап алып көрген едік.
Бірінші сұрақты сіздің инстаграмдағы нигіңізге қатысты қойсақ. Неге Құралай ханым, неге аты-жөніңіз емес, басқа емес?
Мен əр қазақ əйелі ханымдай болса ғой деп армандаймын. Сонда отбасындағы жəне бүкіл мемлекетіміздегі біраз проблемалар шешімін табар еді. Себебі "ханым" аталатын əйел жайдан-жай болмайды. Ханым деген түсінік бойынша, ол – өз ісіне мықты, əр затқа тиянақты қарайтын керемет əйел. Ханымның айтқаны – заң! Ханымның тілегені екі етпей орындалады. Көп адам жиналған аудиторияға жəй бір əйел кірді делік, ешкім көңіл аудармайды. Ал енді көпшілікке шын Ханым кіріп келді деп елестетіңізші. Ханымның керемет аурасынан, əдемілігінен, шынайылығынан, өзіне деген сенімділігінен, жан-жағына шашқан нұрынан біраз адам дір ете қалғандай болады емес пе, иə?! "Болмасаң да ұқсап бақ"-деп Абай атамыз айтып кеткендей, мен сол статусқа сəл де болса жақындағым келеді. Өзімнің бойыма Ханымдардың керемет қасиеттерін құйғым келеді. Өз ортамда жан-жағыма нұрымды шашып жүретін Ханым болғым келеді. Сол арманымды никтан бастадым.
Сізге инстаграмдағы белсенділік не береді? Инста-ана дəрежесінің пайдалы, не зиянды жақтарын айта кетсеңіз.
Инстаграмда жас қазақ əйеліне өз ойымды айту барысында, ең бірінші өзім түзеледі екенмін. Ұмыт қалған жақсы көзқарастарым есіме түсіп, өмір сүруім жеңілдегендей...
Қазақстанның түкпір түкпірінен жаңадан көп достар тауып жатырмын. Қазақстанның біраз жұлдыздарымен де танысып, керемет əсерде жүрмін. Қазақтың қайсар да сұлу қызы Айгул Мүкеймен таныстығымды өз өмірімдегі ерекше орынға қояр едім. Ол кісі бастаған, қазақша, қазақ əйелдеріне арналған, бірден бір керемет IKERIM.KZ сайтында коллумнист болып, ойыммен бөлісе отыру өзіме қатты ұнайды.
Балаларыңыздың тəрбиесіне көп көңіл бөлетініңізді айтасыз. Тəрбиеде ең басты қағида деп қандай ұранды, жəне нендей себеппен ұстанасыз?
Бала тəрбиесі – əлі өзім толық зерттеп біте алмаған, мен үшін бір қиын сұрақ. Бірақ та, «бала болашағына қатты алаңдап, күні-түні балаң үшін қатты қорқа беру, ол – Құдайға сенбеумен тепе-тең» деген сөздерді бір жерден оқыған едім. Сондықтан, əрбір ана ең бірінші, баласын бір Аллаға тапсырып: «Баламның алдынан тек жақсы адамдар кездестіре гөр, саналы ұрпақ нəсіп ет»,- деп, Жаратушының жарылқауын көп сұрау керек сияқты.
Ал екінші тұжырымым: «Баланы емес өзіңді тəрбиелеуге көп көңіл бөлген жөн». Балаға ең үлкен авторитет – ата-анасы. Ол тнк слларды қайталайды. Ата анасынан ұрыс керіс айғай шуды көп көріп өскен бала миында, адам жаман, заман жаман деген оймен өсіп шығады.
Жас əрі əдемі көрінудің, алты баланы босанғанда да, сымбатты қалыпты сақтап қалудың қандай сыры бар?
Ертегіде жаман мінезді, жалмауыз əйелдердің түрін жаман көрсетеді. Ал жақсы персонаждарды əрқашан сүйкімді, əдемі қылып сипаттайды. Ертегі өмірден алынады. Сондықтан да, əдемі болу үшін, əдемі өмір сүру үшін, əрдайым, көркем мінезді, кең пейілді, ақ ниетті, мейірімді болуға тырысу керек! Жүректе гармония, махаббат, ми тыныш болса, адамның бет-əлпеті нұрланып сұлулана түседі.
Көбіне əйелдер құқығы, көзқарасы, бақыты тұрғысында жазасыз. Сіздіңше қазақ қоғамындағы əйелдерге қатысты шешімі табылмаған ең басты мəселе не?
Əйелдердің ең басты шешілмеген мəселесі КҮЙЕУ ғой. Күйеу бар болса да, жоқ болса да проблема қазіргі қыздарға. Жоқ болса, «неге жоқ?» деп жылайды. Бар болса, бар күйеуге риза болмайды. Қоғамдағы проблеманы білмеймін, бірақ əйелдер проблемасы- отбасындағы ара қатынас(ене, күйеу, қайын жұрт) проблемалары шешілсе, əр қазақ əйелі бақытты болып кететіндей, менің ойымша...
Психологиялық əдістеріңізбен жиі бөлісесіз. Сондай кеңестеріңізді қайталаған əйелдердің тиімді нетижелерін айтып, алғыс білдірген кезі болды ма?
Иә, ондай нəтижелер өте көп! Сондай алғыстарды алғанда, инстаграмға кетіп жатқан уақытымның бос кетпегенін, қоғамға сəл де болса пайдамды тигізіп жатқаныма қатты қуанамын.
Көптеген инста-əйелдер өзінің жазылушыларымен кездесулер өткізіп жатады, конкурстар ұйымдастырады. Сіздің осы тұрғыда жеке жоспарыңыз не ойларыңыз қандай?
Мен 18 желтоқсанда Алматы қаласында "Алатау" санаторийінде, Құралай ханыммен кофе-брейк өткізгелі жатырмын. Сізді де шақырамын. Келіңіз.
Рақмет. Танымал жұлдыздар сізге жазылып жатады, оны айтып тұрасыз. Олармен таныстық сізге қалай әсер етеді?
Жұлдыздармен танысу мен үшін үлкен қуаныш. Олар басқаша бір леп əкелетіндей. Өзіме ерекше күш пайда болып, сенімділігім арта түскендей болады.
Жағымсыз пікірлер де жоқ емес, оларға бір шара қолданып көріп пе едіңіз?
Жағымсыз пікірлер мені тек алға жетелейді. Орынды критика өз-өзімді тəрбиелеуде көп үлес қосып жатыр. Сондықтан да, оларға да қуанбасам еш ренжімеймін
Күйеуіңіздің туыстарын, енеңізді жиі мақтайсыз. Бұл тұрғыда қоғамда екі жақты пікір бар. Бұл туралы не дейсіз?
Күйеумен, енемен арадағы қатынас маған Алланың берген сынағы болып елестейді. Әйелдің ең басты мәселесі – ол қайын жұртымен қатынасы деп ойлаймын. Себебі, әйел ертең сол елдің ұрпағын өмірге әкеледі. Сол елдің заңын ұстанып, айтқанын екі етпесе, меніңше, сол әулеттің ата-бабасы сол ұрпақтарды қорғайды. Сондықтан, қайын жұртпен арпалысып жататын әйелдер өздеріне зиян жасайды. Бұның бәрі әйелдің өзі үшін, тарататын ұрпағы үшін жасалады. Жас келіндер соны ұмытпаса екен.
Сізге Қазақстанда тоқал мəселесін, тұрмыс, отбасы жағдайларына қарай əйелдерді қолдау клубы сияқты ауқымды жобалардың басшылығы ұсынылды делік. Бұл ұйым қалай жұмыс жасар еді?
Мен тоқалдар жайлы әзілмен, ирониямен жазғанымды оқып, адамдар мені тоқалдарға қарсы деп түсінеді. Негізі, маған келетін сұрақтардың 50 пайызы осы тоқал мәселесі жайлы. Мен тоқалға қарсы емеспін, «Мен соғысқа қарсы емеспін, мен бейбітшілікке жақпын» деген сөз бар ғой. Сондықтан, тоқал ала ма, жоқ үш тоқал ала ма, ол ер азаматтың қауқарына, жағдайына байланысты. Бәрі жетіп тұрса, неге алмасқа? Себебі, ер-азаматтар мен әйелдерді жаратқанда, бір еркекке екі әйелді тең етіп жасаған. Ал өзіме келетін болсам, қазір мен ондайға дайын емеспін. Өзімнің отбасымда мен бұл нәрсеге қарсымын. Ал егер басқалар алып жатса, онымен айқасып жататын ой жоқ менде.
Егере әйелдерді қолдайтын, қазақ әйелдерін қорғайтын психологиялық орталық, қор ашылса, мен өте қуанышты болар едім. Онда барып, уақытымды бөліп, лекция оқуға да дайынмын. Себебі, қазіргі қоғамның 70-80 пайыз әйелі бақытсыз, жылап жүр. Интернетті ашып қалсаң, жылаған бала, сұраған ана. Жүрегім ауырады. Сол үшін де мен осы Инстаграмдағы блогымды жүргізудемін. Қазақ қыздары жыламаса екен, қазақ қыздары көтерілсе екен деп...
Армансыз адам болмайды. Армандарыңызды, жоспарларыңызды айтып өтсеңіз.
Менің қазіргі арманым сізге күлкілі көрінетін шығар. Бірақ, мен қазір Қарасай ауданының, Қаскелең жағында тұрғандықтан, «Шіркін-ай, бір байып кетсем, осы «Алтын Орда» базарының үстінен үлкен бір көпір салдырсам ғой» деп армандаймын. Сол жердің кептелісі бітсе, күнде адамдар таң атпай жұмысқа шықпас еді ғой деймін. Ал енді үлкен алдыма қойған, ауқымды мақсат-мұраттарымды жасырын ұстаймын. Бірақ енді осыдан он жыл бұрынғы армандарымның бәрі қазір орындалып қойған. Сондықтан, мен қазіргі армандарымның да орындалатынын білемін.
Жалпы қазақ қыздарына: «Арманға сеніңдер, армандар орындалады!» дегім келеді.