Посольство работает в штатном режиме
Әлеуметтік желілерде Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының мүгедек баланың әкесіне берген жауабы қызу талқыланып жатыр. Алексей Дорогин баласын мемлекеттік квотамен шипажайға жібермек болған, бірақ, мемлекеттік қызметкерлерден келген хатта оның баласы екі рет ем алып қойғаны жазылыпты. Бұл туралы Nur.kz сайты хабарлайды.
Хатта бала бірінші Алматы қаласының №4 шипажайында ем алғаны жазылған. Ал екіншісінде мүгедек сәби Астанадағы республикалық реабилитация орталығына барған екен-мыс.
«Яғни, денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің логикасына сай, менің балам 5-6 жасында, ата-анасынсыз Қазақстанның шипажайларын аралаған екен ғой. Йә, әлеуметтік қызметкерлер бізге бірнеше рет баланы ем алуға жіберу туралы ұсыныс айтты. Біз тіпті келісіп, құжаттардың бәріне қол қойып бердік. Бірақ нәтижесінде ешқайда бармадық. Бірақ, құжаттар бойынша, менің балам екі рет емделіп қойыпты. Бұл енді күлкілі емес. Себебі, біздің жолдамамен басқа біреулер барып жүр ғой. Кім? Кім екенін ойлап табу ғана қалды», -дейді Алексей.
Алексейдің айтуынша, биыл әлеуметтік басқарма қызметкерлері одан баланы шипажайға жіберу туралы тағы сұраған көрінеді.
Ал Алматы қаласының Бас дәрігерінің орынбасары Бақыт Смағұлова бұл құжатты дайындау кезінде басқа баланың денсаулық карталары қателікпен алынып қойғанын жеткізген. Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Алексеймен байланысып, оқиғаны түсіндіріпті. Олар тағы баланың неліктен бірнеше жыл бойына шипажайға жолдама ала алмай келе жатқанын шешуге уәде беріпті.
Бірақ Алексей бұл ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, ешқандай да құзырлы орган онымен байланысқа шықпаған. Тек осы іске кінәлі деп танылып, жұмыстан босатылуы мүмкін учаскелік дәрігер хабарласып, кешірім сұраған екен.