Соңғы тәулікте мұнайдың америкалық WTI, ресейлік Urals, эталон сападағы Brent маркаларының құны тарихи құнсыздануды бастан өткерді.




Экономикада ұсыныс-сұраныс балансы туралы алтын заң бар. Ұсыныс артса баға түседі, сұраныс артса баға өседі. Бұған бір деп қойыңыз.


Бір өнімнің бағасы артуы үшін не оған сұрапыл сұраныс тууы керек(Лимон, маска бағасының өсуі сияқты), не өндіріс көлемі азайтылуы(Көмір) немесе онсыз да өндіріске материалы тапшы болуы қажет(Алмасты мысалға ойлаңыз). Бұл екі деңіз.


Енді, үшінші OPEC-ті түсініп алайық. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы. 60 жыл бұрын құрылған, негізгі мүшелері араб түбегі елдері, мақсаты мұнайда ортақ баға қалыптастыру мен бұрғылау көлемін бақылауда ұстау.


OPEC+ деген бар. Бұл OPEC пен ұйымға мүше емес елдердің өзара келісімде болуы үшін бейресми формат. Қазір келісім үстелінде OPEC қарсысында отырған 10 ел бар. Неге мұндай бейресми формат керек?


Себебі, OPEC әлемдегі мұнай өндірісінің 60 пайыздан сәл астамын бақылауда ұстайды. Қалған елдер арасындағы ең үлкен ойыншы Ресей. Әлемдегі мұнай өндірісінің 15-16 пайызына ие. Оған қоса әлемдік нарыққа тікелей шығар жолы тар, 1-2 пайыз ғана өндіретін Қазақстан, Әзербайжан сияқты көне "туыстарына" ықпал ететіндіктен үстелде нық отырады.

Бесінші, OPEC мұнай өндірісін 10 пайызға азайтса әлемде мұнай өндірісі 10 пайызға азаяды деп түсінбеңіз. Оған мүше елдер керісінше көбейтіп, ештеңе өзгермеуі мүмкін. OPEC өз бетінше бағаға әсер ете алмайды.


Мұнай бағасындағы теңселу қалай басталды?


OPEC-тің Ресеймен иық тірестірер ойыншысы АҚШ-қа арқа тіреген Сауд арабиясы наурыздың басында Ресейге OPEC шешіміне ұйып, мұнай өндірісі көлемін азайтуға ұсыныс білдірді. Жалпы осы үш ел негізгі өндірушілер, 10 шелек мұнайдың 5 шелегін осы үш мемлекет өнідерді. Мұнай өндірісін азайтудың негізгі мақсаты мұнай бағасын керісінше құлдыратпай көтеру еді. 2019 жылы мұнайға сұраныс айтарлықтай азайды. Brent бағасы $70-доллардан биыл $50 долларға дейін түсіп кетті. Екінші сөзімде жазғандай, өндірісті азайту арқылы саудтар осының алдын алып, бағаны біртіндеп көтергісі келді. Бірақ оған біраузыдылық керек.


Бұрыннан қиқарлығы бар Ресей осы жерде шарт берді. Осы сәтті мұнай бағасы бір сілкінді.


Жетінші, Ресей қабылдамаған соң ерегескенде саудтар өздері үлен бұрылыс жасады да, Ресейді жазалау үшін өндірісті, яғни ұсынысты арттырды. Сұраныс нарығы артқан соң өздігінен мұнай бағасы құлдырады. Оның үстіне коронавирус соққы болып тиді.


Вирустың не қатысы бар деңіз. Бәріміз үйде отырмыз. Кәсіпорындар негізінен тоқтады. Әлемде энергия қажеттілігі мен тұтыну азайды. Яғни, сұраныс та азайды, ұсыныс та көбейді. Сәйкесінше $50 доллардан қымбаттамыз деп отырған мұнайымыз $17-ге бірақ келді.


Тоғызыншыдан, мән беруіміз керек бір нәрсе. Мұнай өндіру де шығынды қажет ететін нәрсе. Араб түбегіндегі елдер құмды қолмен қазса бұрқылдап жатқан оңай мұнай басқа елде жоқ. Өзгелер тас бұрғылап, жер қазып, теңіздің түбіне түседі.


Оныншыдан, экономикада фьючерстер нарығы деген бар. Бір өнімді болашақтағы бір мезгілде алуға кесілген баға деп түсінуге болады. Мысалы, бидай ектің, алушыңмен күзде тоннасын елу мың теңгеге беруге көктемде келіскенің сияқты. Немесе, мәлім бір жанармай құю станциясымен жыл басында литрын 140 теңгеден алуға өз компанияң үшін 10 тоннаға келісіп, төлем жасап қойдың. Ол ЖҚС саған осы көлемдегі бензинді шарттарыңа сай баға өссе де береді, баға түссе де сен сол бағаға аласың. Мұнайда да сондай нарығы бар. Екі ай, үш айдан кейін қажетті мұнайыңды бүгін ала аласың. Бірақ, бұл жерде мән беретін бір нәрсе, фьючерстер нарығының нарық келісімдеріне бекітілген мерзімі бар. Мысалы, мамыр айына қажетті мұнайды алу үшін сатып ала алатын соңғы күнің сәуірдің жиырмасы деген сияқты. Бұнда түсініп алуымыз керек нәрсе өнімді физикалық түрде алу бар, қор нарығында саудалау бар.


Енді кешегі WTI бағасының -40 долларға түскен негативті бағасына келейік. Мұнай шелекпен өзеннен малып алатын су емес. Оның өндірістен тұтынушыға дейінгі бірқанша желісі бар. Мұнай бұрғылаушы, мұнай саудасындағы компания, мұнай өңдеуші сияқты.


Жоғарыда да айтқанымдай, ең қиын мұнай өндірісі АҚШ-та. Тақтатас мұнайын өндіреді. Сондай болса да тіпті, мұнай өндірісі көлемінде алға шықты деуге болады. Кеше кероген мұнайының фьючерстер нарығындағы келесі ай үшін соңғы сауда күні болатын. Мұнай бұрғылау бірден тоқтата салатын нәрсе емес. Кешеде жазғанымдай, деполайтын сақтайтын жер жоқ. Сәйкесінше мұнай саудасындағы компаниялар өнімді қолдан шығарып жіберу үшін сондай келісімге баруға мәжбүр болды. Бұл өндіріс тоқтауының жанында азырақ шығын әкелетін қадам еді. Яғни, негатив болған мұнайдың мерзімді келісімі.


Сәуірдің онына қарай Путин қатесін біліп, сәйкесінше біз де қосылып, мұнай өндірісі көлемін азайтуға келіскеміз. Бұл енді лажысыздық.


Қиын күндер алда.


Нұрғали Нұртай


Другие новости