Бүгін жедел жәрдем екі адамды алып кеткен. Бұл туралы «NewTimes.kz» АП хабарлады.



Павлодардағы «Ромат» фармзауытында не болып жатқанын блогер Сырым Әбдірахманов айтып берді.


Оның айтуынша, жұмысшылар кәсіпорынның таратылуына қарсы. Фармкомпания банктегі несиесін төлей алмаған, сондықтан қаржыгерлер зауытты сотқа беріпті.


Жұмысшылардың ойынша, зауытты әдейі банкротқа ұшыратып жатыр. Әбдрахмановқа олар Кәрім Мәсімовтың отставкасына дейін, оқиғаны айтып вице-премьер Дариға Назарбаеваның алдына барғандығын мәлімдепті. Кейінірек, бұл істі жаңа вице-премьер Иманғали Тасмағанбетов қолға алғаны белгілі болған. Ол Инвестиция және даму министріне фармзауыттарды қалпына келтіру жұмысын жүргізуді тапсырыпты.


Бірақ, жұмысшылар бұл тапсырманың Павлодар әкімдігіне жетпей жатқанын айтады. Сондықтан да, қалалық сот банктің арызын қанағаттандырып, зауытты банкрот деп жарияламақ екен.


Ақыры, амалы таусылған адамдар аштық жариялауға бел буған. Кеше олардың саны 35 болатын, компания басшылығының түсіндірме әңгімесінен кейін аштықтан 19 адам бас тартыпты.

Блогер қазір кәсіпорын құқық қорғау органдарының бақылауында дейді.


Оған қоса, арызданушы банк та зауытпен келісім жасауға асығар емес. «Компания өкілдері мемлекеттік органдармен болған отырыста қарыздарды жабатын инвестор тапқанын айтыпты. Олар отырысқа сол инвестормен келген екен. Бірақ банк мәселе зауыттың банкроттығымен ғана шешілетінін айтқан»,-дейді блогер.


«Ромат» фармацевтикалық компаниясы – шет елдік капиталсыз дәрі-дәрмек өндіретін, еліміздегі жалғыз компания. «Роматтың» үш зауытында 500-ге жуық адам еңбек етеді.


Бүгін белгілі болғандай, бұл қарсылық тоқтатылыпты. Зауыт басшылығы мәселені шешуге уәде берген. Олай болмаса, жұмысшылар қайт аштық жариялайтынын ескертіпті.


Айта кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін ғана Павлодарға іс-сапармен келді. Жоспар бойынша, Президент бірнеше кәсіпорын басшыларымен кездесуі керек.

Другие новости