Итоги прошедшей недели
Өзбекстанмен шекарадағы «Қапланбек» кеден бекеті биыл тамызда қайта ашылады. Бұл туралы өткізу пункттерін жаңғырту мәселелері бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның жауапты орган өкілдерінен жасақталған арнайы жұмыс тобының кездесуінде мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Тараптардың кезекті кездесуі аясында жұмыс тобының мүшелері «Жібек-Жолы» - «Гишткуприк» пен «Қапланбек» - «Навои» кеден бекеттерінде жүріп жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитеті стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерді оңтайландыру басқармасының басшысы Фарход Алламжоновтың айтуынша, реконструкциялау жобалары қос тараппен бірге келісе отырып атқарылып жатыр.
Екі ел президенттерінің тапсырмасымен «Жібек-Жолы» - «Гишткуприк», «Қапланбек» - «Навои» сияқты ең ірі өткізу пунктілерін жөндеу шешімі қабылданды, оған сай арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол топ үш айда бір рет кездесу өткізіп, реконструкциялық жобалардың барысымен танысады. Қазір жөндеу жүріп жатқан қазақстандық «Қапланбек» пен оның өзбек тарапындағы «Навои» өткізу пунктілері биыл ашылады деп жоспарланған. Өзбекстан – маусым, ал Қазақстан тамыз айында аяқтауы тиіс. Бұл пунктілер іске қосылса, онда осы жерден өтетін жүк тасымалының көлемі 3 есеге артады, - деп мәлім етті Фарход Алламжонов.
Айта кетейік, «Қапланбек» өткізу пунктісі негізінен жүк тасымалына арналғанымен, бұл жер жеке тұлғаларды да қабылдайды. Мұнымен қатар, Өзбекстан тарапы қазақстандық «Жібек-Жолы» бекетімен ұштасып жатқан «Гишткуприк» өткізу пунктісіне жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын биыл аяқтауды көздеп отыр.
«Гишткуприк» өткізу пунктін реконструкциялау былтыр жазда басталған. Оны биыл тамыз айында аяқтау жоспарланып отыр. Бұл кеден бекеті тәулігіне 30 мыңға жуық жолаушы мен 1 мың жеңіл көлікті өткізуге қауқарлы. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде ол тәулігіне 50 мың адамды және 3 мыңға жуық автокөлікті қабылдайтын болады, - деп тоқталды Фарход Алламжонов.
Жөндеу аяқталған соң «Гишткуприк» бір уақытта 12 жеңіл көлік пен 9 автобусты тексерістен өткізе алады. Ал оның қазақстандағы бөлігі, яғни «Жібек-Жолы» бекетін реконструкциялау 2025 жылға жоспарланған.
2023 жылы «Жібек-Жолы» пунктінен шамамен 9 млн жолаушы өткен. Бұл – жеке тұлғалардың басым көпшілігі жүретін бекет саналады. Жоспарға сәйкес, оған 2025 жылы жөндеу жасалады. Біздің жобалауымызша, реконструкциялау жұмыстарынан кейін оның өткізу қабілеті тәулігіне 35 мың жолаушыға дейін ұлғаяды. Жаз кездерінде, атап айтқанда шілде-тамыз айлары аралығында бұл пункті тәулігіне 50 мыңға жуық азаматты қабылдап жүр, - деді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Слямов.
Оның атап өтуінше, Қазақстан тарапы «Қазығұрт», «Атамекен», «Қапланбек» сияқты кеден бекеттеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оның үшеуі де биыл қайта пайдалануға беріледі.