Об этом сообщили в департаменте полиции
Бүгінде Қазақстан аумағында тіршілік ететін ілбістердің саны жылына 5-6 басқа көбейіп келеді. Мұны Самарқанда өтіп жатқан үнемі қоныс аударып тіршілік ететін жабайы жануар түрлерін сақтау конвенциясының кезекті отырысы (COP 14) аясында Зоология институтына қарасты қар барысын бақылау орталығының басшысы Алексей Грачев айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Қазақстанда қар барысының саны тұрақты түрде өсіп келеді. Бүгінде елімізде шамамен 190 ілбіс бар. Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сонымен қоса қар барысын қорғаумен айналысып жүрген мамандардың қолдауымен еліміздегі 15 ерекше қорғауға алынған аумақта барлық жағдай жасалды. Қазіргі таңда ұлттық табиғи парктер мен қорықтар аталған жануарлар үшін қауіпсіз. Біз үнемі мониторинг жүргізіп, жиі фототұзақ аумақтарын ұйымдастырамыз. Оның нәтижесінде ілбістердің миграциясын, өмір сүру, ортаға бейімделу ерекшеліктеріне талдау жасалады, - деп мәлім етті Алексей Грачев Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Қазақстанда тұңғыш рет қар барысын санау жұмысы 1978 жылы қолға алынған. Тиісінше, 1980 жылы еліміздің аумағын 200-ге жуық ілбіс мекен еткені анықталды.
Сол кезеңде қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілді. 1990-шы жылдардан бастап олардың саны айтарлықтай қысқарды. Кейінгі уақытта ілбістерге арналған экожүйені жақсарту есебінен олардың қатары артты. Соңғы 3-5 жылдағы қар барысының орташа жылдық өсімі — 5-6 бас, — деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Зоология институтына қарасты қар барысын бақылау орталығының басшысы Алексей Грачев.
Айта кетейік, бұл күндері Самарқан қаласында үнемі қоныс аударатын жабайы жануар түрлерін сақтау конвенциясының кезекті отырысы өтіп жатыр.
Шара аясында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан елдері Африка мен Еуразия аумақтарында үнемі қоныс аударып мекен ететін жыртқыш құстарды сақтау жөніндегі халықаралық меморандумға қосылды.
Аталған құжат құстардың тіршілік ету ортасын сақтау, оларға қолайлы экожүйе құруды қамтиды.