«Рухани жаңғыру» бағдарламасының қолға алынғанына осымен екінші жыл. Бағдарламаның орындалуына жаңа президент Қасым-Жомарт Кемелұлы да қолдап отыр.



Сонымен «Рухани жаңғыру» бойынша қай өңірде қандай ескерткіш пен тарихи-мәдени орындар бар екенін, оны қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар атқалып жатқанына тоқталып көрсек.


Ақтөбе облысы


Ақтөбе аймағы – кіші жүзден даңқты батырлар шыққан жер. Қазір Ақтөбе қаласында Жалаңтөс Баһадүр, Едіге батыр, Есет батыр, Бөкенбай батырға арналып ескерткіштер бой көтерді. Одан бөлек, Ойыл ауданындағы «Керуен сарай» сәулет кешенін жөндеу, реставрациялау, Қобда ауданындағы Абат қорымындағы «Қыз әулие» күмбезіне консервация (күмбезді ұзаққа дейін сақтау шарасы) жасау, Ырғыз ауданындағы Жаманшың жеріне құлаған метеориттің қазаншұңқырын ғылыми жағынан зерттеу, «Хан моласы» кешенін қоршау жұмыстары жасалуда. Алдағы уақытта Ашаршылық пен «қуғын-сүргін» құрбандарын еске алу мақсатында «Түйетөбе» халықаралық форумы өткізіледі.


Шымкент қаласы


Шымкент аймағы – Қазақстанның ежелгі ислам мен қала мәдениеті өркендеген аумақ. Қазір Шымкентте 104 мешіт бар. «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Әбдул Әзиз баб», «Мірәлі баба», «Қожасалық» кесенелері сынды Шымкент қаласының киелі орындарының аумағы қоршалып, көріктендіру жұмыстары жүргізілді. «Қошқар ата» жобасы бойынша өзен жағалауы абаттандырылып, қаланың тарихи даму кезеңін қазіргі уақытпен ұштастыратын заманауи қалашық және туристік аймақ ретінде дамыту шаралары жүзеге асырылуда. Қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің барлығына QR кодтар орнатылды.


Шымкентте тағы бір қолға алынған дүние – қала маңында топырақ басып жатқан бекініс-қаланы аршу жұмыстары. Қазір «Цитадель» деп аталатын аумақтың көне бөлігі аршылып бітті.


Шығыс Қазақстан облысы


Шығыс Қазақстанның келе жатқан жылға жоспарлап отырған шарасы – Абайдың 175 жылдық мерейтойын өткізу. Оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тапсырма берген болатын. 2020 жылы сәуірде ШҚО-да оқушылар мен студенттер арасында ІТ-хакатон өткізу жоспаралып отыр. Басты мақсат - ІТ-шешімдер арқылы Абай туындыларын насихаттау. Ал Абайдың сирек туындылары Лондон қаласында көрсетілетін болады.


Шығыс Қазақстанда Қоңыр әулие, Шілікті мен Берел қорымдары, «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» кесенесі, Аблайкит ғибадатханасы, Ырғызбай атаның кесенесі, «Абай-Шәкәрім» мемориалды кешені, Қиын-Керіш жазығы, «Алаш арыстары» музейі бар. Оның барлығы қастерлі, киелі орындардың қатарына енгізілген. Қазір мұнда аталмыш киелі орындардың 3D нұсқасын жасау жұмыстары жасалуда.


Түркістан облысы


Рухани жаңғыру бағдарламасының басым бөлігі дәл осы Түркістанда. Қазір Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесі Әзірет Әлі мемориалды кешеніне айналып, үлкен құрылыс жұмыстары жасалуда. Жанында рухани-мәдени, туристік нысандар салынуда. Бұл нысандар салынып бітсе, ЮНЕСКО-ның тізіміне еніп, Түркістан қаласы Қазақстанның рухани және мәдени орталығына айналмақ.


Қазір Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын және Күлтөбе қалашығын қалпына келтіру, Укаша Ата кесенесіне баратын автокөлік жолы, автотұрақ және орындықтар, Аппақ Ишан мешітінің шатырына күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.


Түркістанада қолға алынып отырған тағы бір бастама – өлкедегі киелі орындары жайында анимациялық фильм түсіру. ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолы ескерткіштері» тізіміне енген, әлемдік мәдени маңызы бар ортағасырлық 8 ескерткіш (Түркістан, Күлтөбе, Сауран қалашығы, Сидақ, Қараспан, Бөржар қорғаны, Жуантөбе, Отырар оазисі) туралы тұңғыш рет деректі фильм түсірілді.


Тарихи-мәдени мұраны насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру үшін түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериялы телехикая, «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт», «Күш атасы – Қажымұқан», «Бәйдібек би» атты тарихи-анимациялық фильмдер әзірленді.


Ақмола облысы


Ақмола облысында Уәли ханның мазары, Кенесары үңгірі, Оқжетпес тауы, Олжабай батыр зираты, Баубек батыр кесенесі, Жақия қажының мешіті, Абылай хан алаңы, «Құмай» археологиялық-этнографиялық кешені, Жәнібек хан кесенесі сынды киелі орындар бар. Қазіргі таңда Жәнібек ханның кесенесі мен «Тоғыз әулие» моласы зерттеліп, Уәли ханның мазарын қалпына келтірілді. Баубет батыр кесенесіне дейін жол салынып, Бурабай баурайындағы ежелгі Ботай қонысы маңында ашық аспан астындағы мұрай ашылды.


Павлодар облысы


Павлодар облысында Баянауыл ауданында Мәшһүр Жүсіп кесенесі, Қоңыр әулие мекені, Қалмақ қырылған тауы, Жасыбай көлі, Әулиетас үңгірі, Жасыбай батыр қабірі, Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ескерткіш, Қызылтау қорығы, Найзатас шыңы сынды киелі, тарихи маңызы бар орындар бар.


Қазір Павлодар облысының киелі орындарына зерттеу экспециялары жасалып, этнографиялық материалдарын жинақталуда. «Қалмаққырған» мекенін зерттеу бойынша үш томдық кітап жазылуда. Оған Павлодар облысының киелі орындарының тарихы енеді.

Другие новости