Об этом сообщила ее дочь Куралай
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында “Биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы” Заңы мақұлданды. Бұл к елісімге 2022 жылғы 20 мамырда Минск қаласында қол қойылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы заң - биологиялық зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам. Сондай-ақ, ТМД-ға мүше мемлекеттердің жануарлардың жұқпалы ауруларының таралуын болдырмау, аса қауіпті аурулардың зертханалық диагностикасын жетілдіру, микроорганизмдердің ұлттық коллекцияларын толықтыру және осы келісімге қол қойған мемлекеттердің аумақтарын эпизоотиядан қорғау жөніндегі күш-жігерін біріктіруге мүмкіндік береді. Келісімді ратификациялау биологиялық материалдармен алмасуды халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес реттей отырып, ғылыми мекемелердің шетелдік әріптестермен өзара іс-қимылы үшін құқықтық базаны қамтамасыз етеді, - деді сенатор Сәкен Арубаев.
Оның айтуынша, бұл келісім Қазақстан заңнамасына, ратификациялаған халықаралық шарттарға халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкес келеді. Жаһандық биологиялық материал алмасу желісіне қосылу еліміздің ұлттық зерттеу мекемелеріне бірегей үлгілерге қол жеткізуге және жетекші әлемдік зертханалармен бірлескен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Ғылыми әзірлемелердің сапасын және халықаралық аренадағы ұлттық ғылыми институттардың беделін арттырады.
Биоматериалды алушы тиісті қорғау жүйесі бар өз зертханасында диагностикалық, мониторингтік жұмыстар және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында ғана пайдаланады. Биоматериал коммерциялық лицензия өнімдерін немесе көрсетілетін қызметтерді өндіру немесе сату сияқты коммерциялық мақсаттарда пайдаланылмайды. Кез келген зерттеулер аяқталған соң, алушы тарап зерттеулерді жүргізу нәтижелері туралы өнім беруші жақты хабардар етуге міндеттеледі, - деді депутат.
Оның пайымынша, осы биологиялық материал алмасу туралы келісімді ратификациялау медицина мен ғылымдағы прогреске ықпал ететін биоматериалдарды тиімдірек және қауіпсіз алмасуға құқықтық негіз жасайды. Келісім ұлттық мүдделерге сәйкес келеді және қолданыстағы заңнамаға қайшы келмейді.