Шымкент қаласындағы Д.Қонаев пен Т.Тәжібаев көшелерінің қиылысындағы бай-бағландардың үйлері бой көтерген жерде 4 қайыршы бір отбасы болып өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.




Сырты қоршалған, іші қоқысқа толы, адам көзінен тасалау жерге темір құлып қойылған қақпа астынан жол жасап алған қайыршылар есік- терезесі жоқ, құр қабырғалары ғана қалған бос үйді пана етіп жүр. Себебі, олардың басқа барар жері, көмек қолын созар жақындары жанында емес. Жалдамалы пәтер жалдауға ақшасы жетпейді, үлкен үйлердің ауласы мен көшелерде түнесе ішкі тәртіптің күзетшілері күн көрсетпейтін көрінеді. Бастапқы кезде пәтер жалдап жүріпті, кейіннен ол үйді иесі сатып жіберген соң, олар далада қалады. Көшелердің қуысын, саябақтардың ішін паналап жүрген жандардың бұл жерге келгендеріне де көп болмапты.



Келгендеріне 2 ай енді болса да бұл аумақтағы тұрғындар оларды танып үлгерген. Солардың бірі осы көшеден күнде өтетін студент жігіт Дәулет оларды көптен бері байқап жүргенін айтты.


"Мен сабаққа бару үшін күнде осы жолмен өтемін. Бір күні сабаққа бара жатсам алдағы қақпа астынан еңкейіп бір ер адам күшігімен шығып келе жатыр екен. Бірден таныдым, ол осы көшедегі жолаушылардан қайыр сұрап жүретін жігіт еді, алдыма сұрап келген соң 1-2 рет алақанына ақша тастағаным да есімде. Содан сол жерге анықтап қарасам, ағаштардың ортасында әзер байқалатын ескі үйді көзім шалды. Алды ашық болған соң жайылып жатқан төсек, шашылған қоқыстардан басқасын көре алмадым. Содан кейін ол жерді күнде қарап өтемін, онда 4-5 қайыршы тұрады. Олар күнде 8-9 шамасында сол жерден шығып күні бойына қайыр сұрап жол жиегін жағалап жүреді де, күн батқанда қайта келіп осы жерге жиналады. Оны мән беріп қарамаса, көпшілік бірден байқамайды", - дейді ол.



Сонан соң қайыршылардың қандай күйде күн кешіп жатқанын көру үшін бізде бұл аулаға бас сұғып, олармен тілдесіп көрген едік. Расында, айналасынан қоқыстың қалдықтарынан басқа ештеңе көрінбейтін жерде, ол жандар өмір сүріп жатыр екен. Біздің өздеріне қарай келе жатқанымызды байқаған олар бірден орындарынан тұрып, қорқынышты күдікпен жан-жағына қарап, тап бір қылмыс үстінде ұсталғандай сасып қалды. Біз барсақ жерде жаққан отқа картоп пен жұмыртқаны қуырып отыр екен. Алдына ала барған асымызды бергенде олардың жүзіне қуаныш үйіріліп, жылы қабақ таныта бастады. Бізден бір үміт күткендей қайта-қайта рақметін айтып, бізді қонақ еткісі келетін ыңғай танытты.


Әңгіме арасында жанында тұрған жанармай бекетінің адамдары от жағуға рұқсат етпейтінін, жаққан күнде де тез өшірмесе бұл жерде қалдырмайтынын айтты. Тез тамақ істеп болып орнын сумен өшіріп отырады екен. Ал судың өзін жанындағы университтің ішінен алып қолданатын көрінеді. Бұл жердегі адамдардың біразы бұларды танып қалған. Олардың есігінде қалған тамақтарын іліп кетеді екен.


Жердің иесін сұрағанымызда, қайыршыларға осы жерге тұруға өзі рұқсатын беріп, тек таза ұстауын өтініпті. Алайда ол жер қайыршылар келмей тұрған кездің өзінде-ақ, қоқысқа толып жатқан екен. Олардың айтуы бойынша, ол қоқыстың қалдықтары алдындағы автомектеп пен жанындағы жанармай бекетінен келетін көрінеді. Осылай өздерін күнәдан ақтап алғысы келген қайыршылар өздері жайында да айтып берді.



Бір отбасы болып өмір сүріп жатқан олардың қайдан келгендері де белгілі болды. Бірі жетім, бірі жұмысқа жарамсыз ІІ-топтағы мүгедек әйел болса, енді бірі бауырларымен араздасып өз үйінен безіп кеткен кейуана. Бәрінің де бағып жүргені бір басының қамы үшін азын аулақ болса да алақан жайып адамдардан ақша сұрау.


Қайыршылықты күн көріс көзіне айналдырған Арман - Арыс қаласындағы жетімдер үйінің тәрбиеленушісі екен. Ол кәмелеттік жасқа жетіп балалар үйінен кеткен соң, қаладағы орта колледжің бірінде білім алады. Алайда, ақша қажеттілігі өмір сүруі үшін жетпейтінін біліп жолаушылардан жәрдем сұрап алақан жаюды әдетке айналдырады. Осылайша 13 жылдан бері өмір сүріп келеді екен.


"Жасым 28-де. Үйреншікті ісім осы, қасыма итімді ертіп алып таң атысымен нан алуға ақша сұрап көше кезіп жүремін. Үйреніп қалған соң ба, бұдан басқа жұмыс жасағым келмейді. Менің ата-анам жоқ, жалғыз әпкем ғана бар, ол Алматыда пәтерлерді жалға берумен айналысады. Біз көп арласпаймыз. Мен осында келгелі бері Ирада әпкелермен біргемін. Бірге тұрамыз, бірдей жолмен ақша табамыз. Кейде бізді полиция ұстап алатын кездер болады, бірақ не істей алады? Барамыз, отырамыз, түсініктеме жазып, қайтадан сол жұмысымызды жалғастыра береміз",- деді жас болса да қайыр сұрауды жөн көрген Арман.


Ал ақша табудың жеңіл жолына денсаулығы басқа жұмысқа жарамаған соң ғана келген Ираданың қазір жасы 44-те. Ол ата-анасының жалғыз қызы болған. Ал ата-анасы өмірден өткен соң ІІ-топтағы әлсіз әйел туысқандарымен тіл табыса алмай, үйден кетіп қайыр тілеп тіршілік етеді. Ол 14 жылдан бері осылай көшеде алақан жайып күн кешіп келеді. Өзінің айтуы бойынша, осы аумаққа келгелі бері А.Байтұрсынов көшесінің бойындағы №47 мектеп алдында картон қағазын төсеп, басын қымтап үнсіз отырады екен. Оны ол жерден жиі өтетіндер де күнде байқайды. Ол ІІ-топтағы мүгедек болғанымен, қазір мүмкіндігі шектеулі жандардың тізімінде емес, себебі осылай әр жерде жүргенінде өз құжаттарының қайда қалғанын да білмейді.



Ал орыс тілді кейуана атын айтпауын өтініп, бауырларының бұл жайлы білмеуін қалады.


"Мен үйден кеткелі 14 жыл болды, бірақ артымнан бауырларым іздемеді. Оларға ренжіп жүріп осылай адамдардан ақша сұрап, темекі сатып алып шеге бастадым. Содан темекіге тәуелділік артып, ақшаны көбірек алуды көздедім де, осылай қайыршы болып қала бердім. Қазір мен жалғыз емеспін, Арман мен Ирада менің ұлым мен қызымдай болып кетті. Біз 14 жылдан бері бірге тұрамыз, ал Асхат бізге арасында қонаққа келіп тұрады. Біз адамдардан алған ақшамызға тамақ сатып аламыз, қоқыс жәшіктерінен киім-кешек, төсек, ыдыс-аяқтардың жарайтынын алып пайдамызға жаратамыз. Біз ұзақ уақыт бірге тұрып бір отбасы болып кеттік", - деді ол өз өміріне разы секілді кейіпте.


Ал мұндағы 4-ші адам, қайыршылардың қонағы екен. Ол Шымкеттегі үйлердің бірінде тұрады, тек арасында осылай қайыршыларға қонаққа келіп, қарнын тойдырып әңгімесін айтып кететін көрінеді.


Міне, күндіз қала кезіп қайыр тілеп тапқан табысы тамақтарынан артылмайтын қайыршылардың бір тобының өмірі осылайша отбасы болып тіршілік кешіп жатыр. Олар кім жылы үй, жақсы тамақ берер екен деп күні бойы күтумен болады.


Тек қарындары тоқ болса демейді-ау, қиындықтан арылу үшін кез-келген жағдайдан оңай жол іздейтіндей көрінді.

Другие новости