ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі "Түркістанда жерленген хандар мен сұлтандар" анықтамалық жинағын жарыққа шығарды.



Тарихи кітаптың тұсаукесер рәсімі ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", "Ұлы даланың жеті қыры" бағдарламалық мақалалары аясында және ел Тәуелсіздігі күні қарсаңында ұйымдастырылған "Музей түні" шарасы барысында өтті.


Жиынға қатысқан ғалымдар мен тарихшылар тарихи міндеттерін абыроймен атқарып, есімін келешек ұрпаққа үлгі-өнеге етіп қалдырған, Түркістанға жерленген қазақтың хандары мен сұлтандарына арналған кітаптың жарыққа шығуымен құттықтады.


Кітапта өз заманында елді билеп, өнегелі істерімен, ел қорғаған батырлығымен, әділетті билік айтқан шешендігімен дараланған Түркістанда жерленген қазақ хандары мен сұлтандарының өмір жолы, қоғамдық қызметі баяндалған. Сонымен қатар, тарихи тұлғалардың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленуі туралы мәліметтер, құжаттар, деректер мен қорық-музей қорында сақталған хандар мен сұлтандарға қатысты құнды жәдігерлердің суреттері орналастырылған, - делінген хабарламада.


Бүгінде тарихи деректер бойынша Түркістанда қазақтың 21 ханы мәңгілікке тыныстап жатқаны белгілі болса, олардың 14-і осы жерді Ордасы еткендігі анықталған.

Другие новости