Қазақстанда биыл тәуелсіз тарихында алғаш рет жастар жылы деп жарияланды. Жастардың әлеуметтік, басқа да қордаланған мәселелерін шешу үшін осындай бастамаға бару керек болды.


Биыл елдің саяси-қоғамдық өмірінде біршама өзгерістер мен оқиғалар өтті. Мемлекет басшысының ауысуы мен кезектен тыс мемлекеттік сайлау және жоғары трибуналдағы жаңа кадрлық тағайындаулар елдің саяси-қоғамдық өміріне біраз өзгеріс әкелді.


Бір жағынан, Қазақстан үшін де биылғыдай саяси-қоғамдық өзгерістерге толы жыл болған емес. Сол жағынан болса керек, жастар жылына мән берілмей қалды, әу баста қойылған мақсат пен міндеттер орындалмай жатыр деген сын көп еститін болдық. Десе де, ақпараттық қолдаудың аздығынан әрі жұрттың назары қоғамдық-саяси оқиғаларға ауып кеткендіктен, жастар үшін жасалып жатқан кейбір шаруалардың ұшы сол күйі көрінбей қалды.


Сондықтан үлкен қажеттіліктен туындаған осынау Жастар жылында жастар үшін қандай жеңілдіктер мен шаруалар атқарылғанын сараптап көруді жөн көрдік.


Төрт міндет


2019 жылдың басында экс-президент әрі Жастар жылын ұйымдастыруға бастама көтерген Елбасы Н.Назарбаев үкімет алдында жастардың жағдайын жасауға байланысты 4 ірі міндет қойған еді.


Оның біріншісі – баспана, әрине. Яғни, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту.


Екіншісі – жастарға жұмыс тауып беру. Нақтырақ айтсақ, жастарды кәсіпкерлікке баулу.


Үшіншісі – сапалы білім беру. Елдегі жоғары оқу орындарындағы сапалы білімді арттыру бастамасы.


Төртіншісі – ерікті жастарға көңіл бөлу. «Қарттарға қарайласып, мүгедек жандарға қол ұшын созған олардың еңбегі ерен» деген еді Елбасы.


Баспана мәселесі


Жалпы, жастарға арналған бағдарламалар мен жобалар жоқ емес, бар. Атап айтатын болсақ, «Болашақ» бағдарламасы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы, «Дипломмен ауылға» жобасы, «Серпін» бағдарламасы, «Жастар» тәжірибесі, «Жасыл ел» жасақтары, «Жайдарман» ойындары – бәрі жастар саясатына арналған жобалар.


Бұлардың арасында көріп отырғанымыздай, жастардың әлеуметтік мәселесін шешетін бағдарламалар жоқ. Баспана мәселесі бір жылда шешіле қоятын шаруа емес. Сондықтан жастарға үш жыл бойы баспана беруге жеңілдік жасау арқылы біршама шаруа атқаруға болады. Егер президенттік тапсырмасына жүгінсек, онда жыл сайын жастарға 1000 жалдамалы пәтер берілуі тиіс. Ал үш жылда 3 мың жастың баспана алуға мүмкіндігі бар.


Жастар жылына жасалған үлкен бағдарламаның бірі де дәл осы – баспана бағдарламасы десек болады. Бұған дейін жастарға жалдамалы пәтерлер беріліп келгенімен, биылғыдай жеңілдіктер бұрын болған емес.


Тек бұл бағдарламаның бір жағыннан кемшілігі, екінші жағынан басымдығы деп айтсақ болады: ол – жалдамалы пәтерлердің тек үш қалада ғана – Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент ғана берілуі. Басқа аймақтық қалалар жастарға арналған бұл бағдарламадан тыс қалайын деп тұр. Есесіне, жастар мол шоғырланған өңірлерде баспана таршылығы болмайды, ресурс басым аймақтарға жұмсалмақ.


Үкімет жастарға арналған баспана бағдарламасын осы жылдың басында дайындап, жылдың соңына дейін пәтер үлестіруі керек болатын.


Қараша айынан бастап үш қалада да салынып біткен үйлердің кейбірі жастарға беріле бастады. Яғни, жалдамалы пәтерлер.


Алматы, Шымкент қалаларынан жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді қабылдауға өтінімдер қабылданып жатыр. Осы жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 3000 жалдамалы пәтер беріледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде 1050 пәтер Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан берілсе, 904 пәтер Шымкенттен берілмек.


Президенттің тапсырмасымен қабылданған "7-20-25" бағдарламасы әр жасқа ыңғайлы шарттармен баспана алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып,студенттердің жағдайын жақсарту үшін 75 мың орындық жатақхана салынып жатыр.


Жұмыс мәселесі


Жалдамалы пәтерлерді алу үшін жастарға қойылған ең басты шарт – жұмысының болуы. Ол үшін жастарға мол жұмыс орнын ұсыну қажет. Тығырықтан шығар жалғыз жол – жастарды кәсіпкерлікке баулу. Үкіметтің болжамы бойынша бұдан былай «Бизнес жол картасы-2020» бағдарламасына бойынша берілетін гранты саны тағы екі есе өспек. Тек жастар үшін жұмсалатын қаржы 32 млрд теңге болмақ.


Қазіргі уақытта кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Бастау» оқыту жобасына қатысушылардың төрттен бір бөлігі – жастар. Егер «Жол картасынан» берілетін грант саны өсетін болса, үш жылда шамамен, 300 мыңға жуық жас бизнесмен кәсібін ашуы мүмкін. Әдетте, оқыту курсын оқыған әрбір төртінші адам кәсібін ашатын көрінеді. Яғни, шамамен, үш жылдың ішінде 80 мың жас адам өз кәсібін бастайды деген сөз.


Сондай-ақ "Жұмыспен қамту-2020", "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламалары бар. Ал "StartapBolashak" бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жас қазақстандықтардың танылуына мүмкіндік береді.


«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Жас кәсіпкер» атты жаңа бағдарламаны құрастырып шықты. Бұған жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға қатыса алады. Аталған жоба «Бастау» жобасына ұқсас, яғни, жастарға арналған кәсіптік оқытудың жаңа түрі.


Білім беру


Табысты еңбек ету үшін сапалы білім алу қажет. Жастар жылына орай жасалған тағы бір нәрсе – тегін білім беру гранттарының көп бөлінуі (70 мыңға жуық грант). Биыл мектеп бітірген түлектердің әрбір екіншісі жоғары оқу орындарына грантқа оқуға түсті. Ал бұрындары бір мемлекеттік грантқа 4 талапкер таласатын. Бір жылдың ішінде грант саны 20 мыңдай өсті.


Осы жылы қолға алынған тағы бір бағдарлама – «Жас маман». Яғни, Қазақстанға қажетті маңызды 100 мамандық иелерін тағайындау бастамасы. Айтпақтшы, осы 100 мамандықтың бірінің иесі болған жастарға жалдамалы пәтерлер міндетті түрде беріледі.


Нәтижесінде үш жыл ішінде біз 200 мыңнан аса маманды жаңа стандарттар бойынша дайындалу көзделіп отыр.

Другие новости