Новосібір облысындағы Маметкино ауылын картадан табу қиын, алайда таяуда бұл шағын ауыл туралы мыңдаған адам білді. Қаңыраған ауылдың аялдамасында қараусыз қалған адал ит иесін алты ай бойы күтті. Итті ауылдағы жалғыз үйдің тұрғындары - қазақ отбасы Байсүгіровтер құтқарды, деп хабарлайды Sputnik.




Ресейдің Новосібір облысындағы Маметкино елді мекені қаңырап тұр. Бірнеше ғасыр бұрын көшпелі қазақтар қоныстанып, көркейген ауылдан бүгінде естеліктер ғана қалған.


Ағаш үйлер әлдеқашан қираған, 20 гектар аумақтағы ауылдың жалғыз тұрғындары - зейнеткер Сапарғали Байсүгіров пен оның әйелінің сонау Кеңес Одағы кезінде салынған тас үйі ғана бүтін тұр.


Новосібір облысында қазақ ауылы қалай пайда болды


Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында мұнда 150-ге жуық ауласы "Жаңаталап" орталық колхозы орналасты. Тұрғындардың басым көпшілігі көшпенділер дәуірінде қоныстанып қалған қазақтар болды. ХХ ғасырдың ортасында мұнда көрші аудандардан татарлар көшіп келе бастады.



"Мұнда менің атам, әкем туып-өскен. Қыпшақ руынан шыққан қазақтар мекендеді. Ауыл Павлодарға жақын орналасқан, жүз шақырымдай ғана жерде. Новосібірде тағы қазақ ауылдары болды, біздің ауданда жеті ауыл бар еді, тек біздікі қалды. Жападан жалғыз үй. Бәрі жан-жаққа тарап кетті", - деді Sputnik Қазақстан тілшісіне Сапарғали Байсүгіров.


Сапарғалидың әкесі - Ұлы Отан соғысының ардагері. Жапондармен, финдермен және немістермен шайқасты, дейді ұлы. 1941-42 жылдары Сталинград түбінде тұтқынға түсіп, бес концлагерьде болған.


Бала күнімде ақсақалдардың жанында отырып, Колчак туралы әңгімелерді тыңдайтынбыз (Ресейдегі азаматтық соғыс кезінде Ақтар қозғалысының лидері Александр Колчак - Sputnik ескерт.) деп туған жерін еске алды ол.


Ұжымдастыру жылдарында, жеке шаруашылықтар колхоздар мен совхоздарға біріктіріле бастаған кезде (ұжымдастыру 1928 жылдан 1937 жылға дейін, КСРО-ның батыс бөлігінде 1950 жылға дейін жүргізілді) әлдекімдер Қазақстанға кетті, енді біреулер Новосібір облысының аудандарына қоныстанды.


Ауылдағы мектептің жабылғанына көп болған, мұнда оқытып, үйрететін ешкім жоқ. Интернеттің кабелі тартылғанына қарамастан, қосылмаған.



Бүгінде Маметкино ауылы қалай өмір сүреді


Алайда ауылдағы өмір әлі күнге жалғасып келеді. Аң аулау шаруашылығы бар, онда Сапарғалидың жұбайы жұмыс істейді. Отағасы өмір бойы механизатор-комбайншы болып тер төгіп, зейнетке шыққан, қазір үй шаруашылығымен айналысады.


"Біз жылқы, сиыр, қой ұстап отырмыз. Құсты қатты жақсы көремін. Бос уақытымызда аудан орталығындағы туыстарымыздың үйіне қонаққа барамыз. Осы арадан бар-жоғы 12 километр жерде, орташа есеппен 20 минутта жетуге болады", - дейді ол.


Кейде отбасы азық-түлік алуға аудан орталығына барады, дегенмен көбіне өз өнімдерін тұтынады - сүт өнімдерінен көкөністерге дейін. Қысы жылы, Астанадағыдай жел жоқ, деп толықтырды ауыл тұрғыны.


"Егер кенет боран соқса, көшелерді тазартады. Жалпы алғанда, бәрі жақсы", - дейді ол.


Сапарғалидің екі ұлы Новосібірде тұрады. Тұңғышы жұмыс істейді, кенжесі - студент.


"Біз осында тағы екі-үш жыл тұратын шығармыз, өйткені балаларға көмектесуіміз керек. Кетуге де болады. Техникамыз, малымыз бар. Күшіміз барда балаларға шама-шарқымызша көмектессек дейміз", - дейді ол.


Үлкен ұылымды қазақтың сал-дәстүрімен үйлендірдім, деп атап өтті Сапарғали. Айтуынша, қазақтың әдет-ғұрпы мен мәдениетін, ана тілін ұмытпаған.


"Ауданда Наурыз, Ораза, Құрбан айт сияқты қазақтың барлық мейрамы тойланады. Тіліңді қалай сақтадың дейсің бе? Аллаға шүкір, әлі алжи қойған жоқпын.Адам өз ана тілін ұмытушы ма еді? Орталық совхозда, Чаныда туыстарымыз бар. Қазір жастар орыс тілінде көбірек сөйлей бастапты", - деп жауап берді Сапарғали қазақ тілінде сұхбат бере отырып.


Жақында Сапарғалидың ауылына астаналық туыстары келді. Зейнеткер Маметкинодан Қазақстанға көшуді жоспарлап отырған жоқ.


"Онда не істеймін? Ата-бабам осында өмір сүрді. Қазақстанда туыстарым тұрады, аман-сау болсын. Өткен жылы Павлодарға бардым. Алматыда болмағаныма он жылдың жүзі болып қалды", - дейді ауыл тұрғыны.



Маметкинолық Хатико - көзге жас үйірген оқиға


Өткен жылдың шілдесінде Сапарғали Байсүгіров автобус аялдамасының маңында жүгіріп жүрген итті байқайды. Оған ең алдымен итті иесі тастап кеткен болар деген ой келеді.


Сапарғали жалғыз қалған жануарға қамқорлық жасай бастайды, жақын маңдағы ауданның тұрғындары да иттің табағына нан, ет, сүт қалдырып кететін болған. Кейбіреулер итті асырап алғысы келген, бірақ ол ешкімді жақындатпай, бұрынғы иесін аялдамада ұзақ күтті.


"Оны жазда шөп шабатын мезгілде тастап кеткен. Өткен-кеткен жолаушылар тамақтандырып жүрді, мен де қарап тұрдым. Үйшік жасап бердім. Тастап кетті ме, адасып қалды ма, білмеймін", - дейді Сапарғали.


Осылайша жарты жыл өтті. Маметкинолық Хатико қыстың басын үйшігінде өткізді және оның тағдырына әлеуметтік желілерде жүздеген адам алаңдап жатқанын білмеді. Бірнеше айлық жалғыздықтан кейін, ит өз үйін тапты - оны новосібірлік еріктілер алып кетті.


Ал жалғыз үй тұратын Маметкино ауылын бүкіл Ресей ғана емес, шетелдіктер де білді.

Другие новости