Осыдан 32 жыл бұрын, 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының көтерілісі халық жадынан өшпек емес. Сол кездегі КСРО-ны билеп-төстегендердің белден басқан саясатына, яғни Қазақстанға ішкі Ресейден әкеліп басшы қоюына қарсы көтерілген мыңдаған жастардың бас көтеруі милицияның, жан-жақтан шұғыл жеткізілген арнайы әскердің күшімен аяусыз басып-жаншылғаны белгілі, деп жазады "Замана" басылымы.





Оларды алаңнан қуу үшін қақаған аязда су атқыш машиналар қолданылды, жастарды резина сойылдармен, сапер күректерімен аяусыз соққының астына алды, итке талатты. Көтеріліс басылғасын да олардың соңдарына түсіп, оқудан қуды, жұмыстан шығарды, Алматыда жүруіне тыйым салды, қылмыстық жауапқа тартты. Міне, осындай аласапыран кезінде көзге түскен жастарымыздың бірі - Анар Рақымжанова (суретте) туралы бүгінде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жиі айтылып жатыр.


Болған жайды естігенде шыдап тұра алмапты


Желтоқсан көтерілісі кезінде түсірілген суреттердің біріндегі екі милиционер ұстап әкетіп бара жатқан жас қыз сол кезде Алматыдағы құрылыс кәсіпорындарының бірінде қарапайым жұмысшы болып істеген өскемендік Анар Рақымжанова болып шықты. Бүгінде ол Алматы қаласында тұрады екен. Біз кешегі аптада оның өзімен тікелей тілдестік.


"Мен кезекті демалыста ауылға барып қайтқан едім, - деп еске алады Анар. - Ертесіне, 16-желтоқсан күні сөз байласып жүрген жігітім Маратпен киноға барғанбыз, содан қайтып келе жатқанда радиодан Қонаевты орнынан алып, Колбинді тағайындағанын естідік. Кешке қарай жатақхана алдына бір жігіт келіп.


"Қазақтар, неге үнсіз отырсыңдар?! Орталық алаңда қазақтарды қырып жатыр!" - деп айқайлады.




Жанымдағы құрбым екеуміз осыны ести сала алаңға бармақ болғанбыз, бірақ милиция жатақханадан шығармай қойды.


Өзім жолдан сырқаттанып келген едім, 17-сіне жұмысқа бармай, құрбым Гүлшат екеуміз емханаға барып, маған емделуге демалыс алдық. Сосын бірден автобусқа отырып, орталық алаңға тарттық. Бірақ қоғамдық көлік жүргізушісі "Балуан Шолақ" стадионына жеткесін ары қарай бармайтынын айтып, бәрімізді түсіріп тастады. Біз ары қарай жаяу тарттық, сөйтіп патриоттық әндер шырқап, орталық алаңға жеттік.


Біз барғанда алаңда адам өте көп екен. Айқай-шудан құлақ тұнады. Гүлшат екеуміз көп адамның ортасына енген бетте-ақ бір-бірімізді таппай қалдық.


Сөйлеп жатқандар бар ма екен деп алға қарай жылжуға тырысып бағудамын. Бір кезде бізге қарай әскери адамдардың жүгіріп келе жатқаны көрінді. Жұрт топырлай ығысып, бірінің үстіне бірі құлап жатты. Мен де құладым, сол кезде екі милиционер келіп ұстады. Мен сол кезде әскерилердің қарусыз топты аяусыз соққыға алып жатқанын, бұйра шашты бір жігіттің басын тасқа соққанын көрдім.



Ал бізді, көп қыздарды көлікке тиеп, Қаскелеңдегі полиция бөліміне апарып тергеді. Сосын қайтарып жіберді.


Жатақханаға келсем, құрбым бөлмеде жоқ. Ол кейінірек келді. Фрунзе аудандық полиция бөліміне, орыстардың қолына түскен екен, әбден таяқ жепті. Басынан қатты соққы алған, шашынан ұстап, қабырғаға соққан екен, көзі ісіп кеткен, мүлдем ашылмайды.


Бұл аздай, оны кейін жұмыстан шығарып жіберді, Алматыдан кетуін талап етті. Оның сөз байласып жүрген жігіті Қадыр Төлеубаев Ауғанстанда қызмет еткен еді, ол да оқиға кезінде қолға түсіп қалыпты. Оларды Боралдай жаққа апарып, қақаған қыста киімдерін шешіп алып, тастап кетіпті. Сол кезде құжаттарын жоғалтып алыпты.


Олар кейін екеуі үйленіп, отбасын құрды, төрт бала өсірді.



Менің өз ағам Ерлан да сол күні милицияның қолына түсіп қалған. Олардан әзер құтылған бетте мені іздеп келіпті. Бауырлар бір күліп, бір жылап табысқан едік".


Өнегелі отбасында өскен екен


Қысқаша айтқанда, Анар Рақымжанованың 1986-жылғы Желтоқсан күндерінде бастан өткерген оқиғасы осындай екен. Тағы бір білгеніміз - ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, шығысқазақстандық ақын Төлеген Рақымжановтың қызы болып шықты. (Т.Рақымжанов - Қатонқарағай өңірінің тумасы, осы ауданның Құрметті азаматы атағының иегері, ҚазМУ-дің филология факультетін бітірген, мектепте ұстаздық еткен, мектеп директоры болған, бірнеше жыр жинақтарының авторы).



Анар алғашында өзінің туған жері - шағын ғана Еңбек ауылындағы 8 жылдық мектепте, сосын нағашыларының ауылындағы мектепте оқыпты. Кейін бір жыл Семей қаласында жұмыс істеген. 1985 жылы Алматыға ауысып, сондағы құрылыс-монтаж басқармаларының біріне жұмысшы болып кірген. Өзі бала кезінен тіл маманы болуды армандаған екен. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтына тапсырмақ болғанда құжаттарын жоғалтып, оқуға түсе алмай қалыпты. Бұл - 1986 жыл. Ал осы жылы қыста әйгілі "Желтоқсан көтерілісіне" қатысқаны үшін жазаланып, 5 жылға дейін жоғары оқу орнына түсу құқынан айырылған. Кейін отбасын құрып, балалы болып, сол күйі оқуға түспепті.


Ал, жалпы, ақын Төлеген Рақымжановтың отбасында 6 ұл, 3 қыз өмірге келген екен. Анардан басқасының бәрі де жоғары оқу орнын бітірген. Біреуі осыдан біраз бұрын бақилық болып кетіпті.


"Өзгелерден алып бара жатқан ерекшелігім жоқ, қарапайым оқушылардың бірі болдым. Ата-анам тәртіпке қатал болды. Әжемнің тәрбиесін көбірек көрдік, ол кісі қызықты ертегілер айтып беретін. Өзім бала жастан сурет салуды жақсы көрдім. Мектепте қабырға газетінің суреттерін мен салатынмын", - деп еске алады Анар балалық шағын.



Бізге Анар сыпайы мінезді көрінді. Желтоқсан көтерілісіне қатысқанын жар салып айта бермейді екен. Дегенмен ұлттық тәрбиеден сусындағаны, әр нәрсеге деген өзіндік талғамы бары байқалады. Сонау жылғы ызғарлы күндерде небәрі 19 жастағы балауса қызды қаймықтырмай, аласапыраны шығып жатқан алаңға сүйрелеген де осы ұлттық болмыстан нәр алған мінезі болар деп түйдік.


Анар Рақымжанова бүгінде Алматы қаласының тұрғыны. Ол күйеуі Маратпен бірге 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Балалары жоғары білім алған, бүгінде екеуі де отбасылы екен.


...Қарапайым қазақ қызының өмірі туралы біздің білгеніміз осы. Менмін деп көкірек кермей-ақ көпшіліктің ықыласына бөленген Анар Рақымжанованы бүгінде жұрт құрметтейді, оны үлгі тұтады. Ал оның осыдан 32 жыл бұрынғы түсірілген суреті сол бір қаһарлы күндердің айғағындай, қазақ қызының асқақ рухының символындай болып бүгінде ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жүр.

Другие новости