Беріктің айтуынша, ол алғашы екі сынақтан сәтті өткен. Олар – логикалық байқау тесті мен тіл игеру емтиханы, талдау эссесін жазу байқауы. Қазір ФТБ 33 жасар қазақтың құжаттарын тексеріп жатқан көрінеді. Бұл туралы NewTimes.kz тілшісі хабарлады.


Берік Оралда туған. 2010 жылы ол АҚШ-қа оқуға кеткен. Бірақ, Қазақстанға қайта оралмаған. Осы жылдың маусымында Берік АҚШ азаматтығын ала салып, Федералды Тексеру Бюросына(ФТБ) жұмысқа тұруға өтініш берген екен.


Өз таңдауын ол: «Американың мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысы өте жақсы, оған қоса, медициналық сақтандыру мен әлеуметтік көмек те тегін. Олар зейнетке ерте шығады, зейнетақысы да жоғары. Экономикалық дағдарыс жағдайында қызметкерлер жұмыстан қысқартылмайды»,-деп түсіндірді.


Беріктің айтуынша, ФТБ қызметіне орналасу сынағы бес кезеңнен тұрады. Ол бірінші өтініш жазып, сауалнама толтырған. Кейін, логикалық тестілеуден өтіпті. Ол тестілеуде әр сұраққа 10 секунд беріледі екен, Берік бұл сынақты да жақсы тапсырған.


«ФТБ-ның әр түрлі қызметі бар. Мысалы, кей бөлімдерде бірінші физикалық сынақ өткізіледі. Ол – теледидарларда көрсетілетін агент, арнайы агенттердің сынағы. Ал менікі – офистік жұмыс, өйткені мен аналитикалық бөлімге өтініш жаздым»,-дейді ол.


Келесі кезең тілдік сынақ болған. Онда Берік орыс,түрік тілдерінен ағылшын тіліне аударма жасаған. Мұнда да өте қысқа уақыт беріліпті. Сосын тілдік сынақтың екінші бөлімінде талдау эссесін жазу тапсырылған. Берік бұл кезеңді: «Бес ситуация беріледі. Мен 30 минуттың ішінде талдап, қорытынды жасауым керек болды. Тағы да логика сыналды»,-деп түсіндірді.


Сынақтан бір ай өткен соң, оған ФТБ-ның кадрлар бөлімі үшінші кезеңге өткенін хабарлапты. Келесі үшінші сынақ оның қатысуынсыз, құжаттарды тексеру арқылы өтеді. Ал, төртінші, бесінші этаптарда Берік әңгімелесуге барады. Бұл сындарға ол дайын екенін айтты.


Бұрынғы Қазақстан азаматы егер барлық кезеңнен өтсе, агенттерге аналитикалық материал дайындаушы болып қызмет атқаратындығын айтады.


Берік өзін тек атымен атауды сұраған. Өйткені, ФТБ-ға қатысты кез келген ақпарат құпия сақталынуы керек екен.

Другие новости