Политологи опасаются дальнейшей эскалации
Әйгілі велошабандоз, Лондон олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров өзінің hommes.kz журналына берген сұхбатында, ата-анасының әлі де туған ауылында тұратынын айтты.
«Менің Астанада жекежайым бар, олар бір-екі күнге сонда барады, бірақ көп өтпестен, ауылға қайтып кетеді. Егде адамдар ғой, көршілерді, жан-жағындағыларды танитын жер болғасын ба, оларға ауылда тұрған ыңғайлы, оның үстіне әпкем де бірге. Оларға көшіп келіңдер дегем, бірақ ата-анам Бескөлде тұруды қалайды»,-дейді Александр.
Чемпион Бескөлде әкесінің өзіне әкім сыйлаған көлікті айдап жүргенін де айтып өтті.
Сұхбатта Винокуров беделді шенеуніктердің велоспортқа қызығушылығы жоғары екенін растайды. Мәселен, Алматы әкімі Бауыржан Байбек бұл жағынан белсенді екен: ол әр апта сайынғы веложорықтарға қатысып, салауатты өмір салтын ұстанатын көрінеді. Чемпион қала әкіміне өзінің VINO велосипедтерінің бірін сыйға тартыпты.
Қазіргі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы, экс-премьер Кәрім Мәсімов те осы спорт түрімен айналысады екен. Винокуров Мәсімовтың жаттығу барысын қадағалауды қолға алған. Бүгінде ҰҚК басшысы да VINO велосипедтерінде машықтанып жүр.
Александр Даниял Ахметовпен де жақсы қарым-қатынастамын дейді. Гранд-жорықтардан кейін чемпион онымен жиі тілдесіп тұратынын айтты.
Өз кәсібі мен «Астана» велоклубының жетекшілігін қатар алып жүрген Винокуров қазақстандық жас шабандоздардан зор үміт күтетінін жеткізді.
«Бүгінде Бақтияр Қожатаев, Андрей Зейц, Дмитрий Груздев т.б. жүйріктердің нәтижелері қуантады. Жастардың арасында – Жандос Бижігітов өте жақсы шабандоз... Онымен қатар, мен өзімнің туған жерімде ашылған «Vino4rever» жастар велоклубының жеткіншектеріне де үлкен үміт артамын»,-дейді Александр.
Сұхбат соңында, Сашаның қос ұлы туралы сөз қозғалды. Чемпион: «Менің егіз ұлым бар – Николя мен Александр және олар осымен екінші жыл велоспортпен айналысып жүр. Мен оларға ешқандай қысым көрсетпеймін, ұлдарым өздері осы спортты қалайды. Болашақта чемпион болғысы келетіндіктерін айтып қояды. Бірақ, олардан чемпион жасағалы жатқаным жоқ: біз сабаққа көбірек көңіл бөлеміз»,-деп ағынан жарылды.
Ел мақтанышы Қазақстандағы велоспорттың өзінің ізінен ерген жастардың арқасында, қайта өрлеп келе жатқанына қуанышты екенін жеткізді. Әрі жаңа чемпиондардың есімін жағуға барын салатынына уәде етті.