Ақтауда сұйытылған газ тапшылығы байқалады


Қалада сұйытылған газдың жетіспеушілігі байқалады. Көлік жүргізушілер бұл проблеманың бір апта бұрын басталғанын айтуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Газ құю бекеттерінің басым бөлігінде газ жоқ. Сондықтан газ бар бекеттерде ұзын-сонар кезек, - дейді олар.

Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Бердібек Қартбаевтың мәліметінше, газ жетіспеушілігіне Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары себеп болған. 

Маңғыстау облысына ай сайын 18 000 тонна сұйытылған газ жеткізіледі. Оның 16 000 тоннасы Жаңаөзендегі “Қазақгазөңдеу” зауытынан және қосымша 2 000 тоннасы Атырау мұнай өңдеу зауытынан (АМӨЗ) келеді. Қазан айындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытынан газ жеткізуде үзіліс болып, облысқа тек 17 000 тонна жеткізілді. Бұл кейбір автогазқұю станцияларында (АГҚС) уақытша кезектің туындауына себепші болды, - дейді басқарма басшысы.

Айта кетейік, қазіргі таңда Атырау зауытындағы жөндеу жұмыстары аяқталған. Қараша айында аймаққа қажетті көлемдегі сұйытылған газ жеткізіледі деп күтілуде.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс әкімдігі жағдайды бақылауда ұстап, газ құю бекеттеріндегі кезек пен көгілдір отынды тасымалдау барысына мониторинг жасалуда. Бағаны тұрақты ұстау бойынша шаралар қабылданып, облыс орталығында көтерме баға 1 литр үшін 59 теңге деңгейінде, ал шалғай аудандарда 64 теңге деңгейінде сақталған.

Маңғыстау облысында 462 автогазқұю станциясы және 4 газ желісі ұйымы жұмыс істейді.

Другие новости