Казахстанцы, отказавшиеся от эвакуации, просят вернуть их на родину
Астанада қызықты жағдай орын алды. Бір ер азамат тойға келіп, туыс секілді тойлап, көңіл көтерген. Той соңында, жігіт қонақтардан екі ұялы телефонды ұрлап кеткен.
1 қазан күні болған бұл жайт жөнінде ақпарат әлеуметтік желіде жарияланды.
Жазба авторы өзінің хабарламасында: «Оны бәрі біреудің туысқаны деп ойлады. Кейін олай емес екені анықталды. Кеш бойы жас жұбайлармен ойнап-күліп, той соңында екі қымбат телефонды хабарласу үшін алып, жоқ болып кетті (тойда адам көп болды, сондықтан, басқа зардап шегушілерді білмейміз). Содан бері бізде тек оның «қуанышты» суреттері ғана бар... Егер оны тойларыңызда көрсеңіздер хабарласуларыңызды өтінеміз... Егер телефондарыңыз өздеріңізде қалса...»,-дейді.
Парақшаның жазылушылары оқиғаның жайсыз екенін мойындаса да, күлкілі шыққанын да жасырмады. Пікірлерде кейбір қолданушылар фотодағы азаматтың бұған дейін де бірнеше тойларда дәл осындай қылмыс жасағанын жазуда. Оның әлі күнге құқық қорғау органдарына ұсталмай жүргендігіне таңданғандар да аз емес.
Мәселен, Қарлыға есімді тұрғын осы жылдың 27 ақпанында Шымкентте болған тағы бір тойдың қонақтары осы азаматтың алдап, телефондарын қолды қылғандарын айтып берді.
«Жаңағы адам тойда отырып, тамақ ішіп, билеп жүрді... Холлда диванда отырып әңгімелесті. Күрес, спорт жайлы, өзінің жақында жарысқа барып келгенін айтты. Сосын інімнің телефонын қайта-қайта сұрады. Сол кезде інімнің көңілі бөлінгенде, ол телефонды алды да жоқ боп кетті...»,-дейді Қарлыға.
Кейінірек анықталғандай, суреттегі алаяқ жігіттің аты-жөні – Ербол Исенбаев және ол алғаш рет мұндайға барып тұрған жоқ. Осыдан 6 жыл бұрын ол Алматы тойларында да жасаған алаяқтығымен көзге түскен. Ол кезде түркістандық 23 жасар азамат өзін тойларды белгілі грек-рим күресінен олимиада жүлдегері Әсет Мәмбетовпын деп таныстырып, қонақтардың бағалы заттарын жымқырып кеткен екен. Бұл жаңалықты КТК телеарнасы 2010 жылы таратқан.