Бейжің Транскаспий халықаралық теміржолын дамытуға мүдделі


Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин алдағы мемлекеттік сапар алдында Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарына арнап жазған авторлық мақаласында Бейжіңнің Транскаспий халықаралық теміржолын дамытуға мүдделі екенін жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.

Сауда-экономика, өнеркәсіп, инвестиция, энергетика, тау-кен өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы сияқты дәстүрлі салалардағы ынтымақтастықты ұлғайту, шекаралық өткелдердің өткізу қабілетін арттыру, Қытай-Еуропа жүк пойыздарына қызмет көрсетуді жақсарту және көлік қатынасының кең әрі жоғары тиімді желісін жақсарту үшін Транскаспий халықаралық теміржолының құрылысын дамыту қажет, - деп жазды Си Цзиньпин.

Мақалада Қытайдың Қазақстанда жұмыс істеп тұрған мәдени-гуманитарлық нысандарының рөлін айқындау қажеттігі айтылған.

Халықтарымыз тамыры тереңге тартатын достыққа мүдделі. Оны сақтап дамыту үшін екі халықтың жақындығын арттыруға бағытталған мазмұнды мәдени-гуманитарлық байланыс қажет. Лу Бань шеберханасының, Конфуций институттарының, Қазақстандағы Қытай Солтүстік-Батыс политехникалық университеті филиалының рөлін айқындап, екі ел арасындағы достықты лайықты жалғастырушыларды тәрбиелеген жөн, - деді Қытай басшысы.

Си Цзиньпин мақаласында осы мемлекеттік сапарының мәнін түсіндіріп, Бейжіңнің Астанаға қатысты саясатының негізгі ұстындарын атады.

Сондай-ақ онда қытайлықтардың дастарханында қазақстандық өнім көбейе түскені айтылған. ҚХР төрағасы авторлық мақаласында Қытай мен Қазақстанның мәдени байланысына еңбек етіп жүрген қазақтарды атап өтіп, екі ел арасындағы визасыз режимнің артықшылығына тоқталады.

Бұған дейін хабарланғанындай, 2-4 шілде күндері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді. Ол сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысына қатысады.

Другие новости