4,409 просмотров
0 0 Поделиться




«Кәсіби боксқа өткен күнде де Қанат Ислам мен Гена сияқты өз байрағымды алып, рингке қазақтың шапанымен шығар едім», -дейді Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Азия ойындарының чемпионы, Рио Олимпиадасының алтын медаль иегері Данияр Елеусінов Qаmshy.kz сайтына берген сұхбатында.




Боксшы спортқа қалай келгенін: «Мен бокспен осында айналыстым. Тоғыз жасымнан рингте жүрмін, одан бері 16 жыл өтті. Әрдайым спортқа жақын жүрдім, мектептегі спортты эстафеталар мен марафондарға қатысып, баскетбол, футбол ойнадым. Қазақ-орыс әдебиетін жақсы көрдім. Мәнерлеп оқудан орыс және қазақ тілдерінен конкурстарға қатысып, әрдайым бірінші орындарды иеленетінмін. Бірақ, соңғы қатысқан кезімде осыған дейін талай орын алғансың деп бірінші орынды бермеді. Мұндай әрекет шынын айтсам маған аса ұнамады. Себебі өзім лайықты болып тұрған орнымды иелене алмадым. Онда да саясаттың қатысы болды. «Сен талай мәрте орын алғансың, енді басқа адам алуы керек» деген соң, мен спорт саласын таңдап кеттім. Мектепте өте белсенді болдым. Барлық қоғамдық іс-шараларға қатыстатынмын», -деп баяндады.


Данияр өзінің отбасылы екенін және оны бәрінен жоғары қоятындығын айтты. Жігерлі боксшы осымен тоқтап қалғысы келмейтінін, потенциалы біраз жерге жететіндігіне сенімділігін білдіре кетті.



Ол өзінің діни позициясын: «Алдымен бір Жаратушыға, сосын барып өзімен сенемін! «Ата-бабаларыңның аруақтары үшін» деп Аллаға серік қосатындарды ұнатпаймын. Өзіміздің дұрыс ислам дінін қолдаймын. Қазақ дәстүрлерінің барлығын білмесем де, исламға қарсы келмейтіндерін ұстануға тырысамын», -деп таныстырды.


Журналистің алдыңғы жылдағы жоспарлары туралы сұраққа чемпион Қазақстан Бокс Федерациясының өзіне демалыс бергенін, бір жыл тыныққысы келетінін айтып, жауап берді. Демалыс барысында кейбір турнирлерге шығып тұруына болады, ал Қазақстан чемпионаты міндетті емес екен.


Даниярдың сөздерінен оның жастарға сенетіндігін, қолдап, құрметтейтінін аңғаруға болады. Бүгінгі ұрпаққа деген көзқарасы туралы фитнес-клубтың сәнге айналып, жастардың зиянды әрекеттерден алшақтай бастағанына мақтана сөз қозғады.


«Бүгінгі таңда қазақ жігіттерінің жауапкершілігінің төмен екені жиі айтылып жүр. Жастар арасында альфонстардың да қаптап кеткені жасырын емес. Неге қазақ жігіттері ұсақталып бара жатыр?» деген сұраққа боксшы тіке:

«Мұндай провокациялық сұрақтарыңызбен мен келіспеймін. Менің айналамда ондай жігіттер болмағандықтан, өз басым жігіттерді ұсақталып кетті деп ойламаймын. Мүмкін азды-көпті альфонстар бар шығар, оларды аса көп деп ойламаймын. Мен араласып жүрген жігіттердің баршасы отбасын асырап жүрген жауапты жігіттер», -деп жауап қатты.



Соңғы сұрақтардың бірінде Елеусіновтен көлемді қаражат үшін басқа елдің атынан шығуға қалай қарайтындығы сұралды. Оған чемпион: «Жоқ, ешқашан келісімімді бермеймін. Қанша ақша берсе де, отанымды сату менің тарапымнан опасыздық болар еді. Менің қаным қазақ, осы топырақта өстім. Кәсіби боксқа өткен күнде де Қанат Ислам мен Гена сияқты өз байрағымды алып, рингке қазақтың шапанымен шығар едім», -деді.


Сұхбат аяғында Данияр жастарға сенетіндігін тағы айтып, Үкіметтің қолдауын ақтап шығар деген үміті басымдығын жеткізді.

Другие новости