Алматы зообағының директоры Қанат Каримовтың айтуынша, Еуропада жануарлар Қазақстандағы адамдардан жақсырақ өмір сүреді. Бұған себеп: батыста хайуанаттар бағының қаржыландыруында ешқандай мәселе жоқ екен. Бұл жөнінде Informburo.kz мәлімдеді.




Бүгін, 7 қазанда өткен жануарларды қорғау тақырыбына арналған конференцияда, Алматы зообағының директоры аумақ пен қаржының жеткіліксіздігін айтты.


«Мысалы, Еуропада норма бойынша, әр ақ аю үшін 700 шаршы метр бөлінеді. Екеу болса, көбею жағдайы қарастырылып, 2100 шаршы метр берілуі тиіс. Сосын онда қар сақталатын құрылғы, теңіздегідей су тұрады. Мұның бәрі қанша тұратынын Құдай біледі»,-дейді Каримов.



Директор барлық мәселенің басы осы қаржыландыруда болатындығын да айта кетті. Қанат Каримов вольерлерді жөндеуге ақшаны кейде зообақтың кірісінен алатындықтарын мойындайды.


Бірақ ол өз басқаруындағы бақта орналасқан экзотариумның Пензадағы бақтыңкінен жақсырақ екенін мақтана айтып өтті.


«Зообақ келесі жылы 80 жасқа толады. Қала әкімшілігі бізге имидж компания үшін 57 млн тенге бөліп қойды. Бізге қонақтар келгенде, өзіміздің логотип салынған футболкалар, магнит тастар, күнтізбелер мен қаламсаптарымыз бар болады. Тағы осы қаржыға мерейтойға арналған конференциялар мен кітап шығаруды жоспарлаудамыз».


Конференцияда табиғат жанашырлары мен блогерлер зообақ көлемін ұлғайтып, қала сыртына шығару қажеттігін айтып қалды. Алайда, директор оның қажеті жоқ дейді.



Өз сөзінде ол: «Хайуанаттар бағы – ерекше қорғалатын аймақ, ал заң бойынша, ол мемлекет қарамағында орналасқан және орнын ауыстыруға келмейді. Қазір зообақ территориясы 21 гектар аумақты алып жатыр, оған қоса біздің қала сыртында тағы 150 гектар жеріміз бар. Тіпті, Іле ауданындағы сафари бағының жоспарын дайындап қойдық. Бірақ, бұл – келешектің ісі. Дамыған отыз елдің қатарына еніп алайық, осы жөнінде айтатын боламыз»,-деді.


Қанат Каримов: «Шынымды айтайын, Еуропада жануарлар Қазақстандағы адамдардан жақсырақ өмір сүреді. Себебі – қаржыландыру»,-деп, ойымен бөлісті.


Айта кетейік, 5 қазан күні Алматы хайуанаттар бағында ешбір ауру белгілерінсіз, Мелман атты керік өліп қалған болатын. Оның алдында осы бақта Құралай есімді жолбарыс та көз жұмған еді. Ол кезде бүкіл Қазақстан Құралайдың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, сырқат жолбарыстың халін әлеуметтік желілерде қызу талқылаған-ды.


Другие новости